Қазақстан вегетациялық кезеңге дайын ба?
Көктемге қарай су шаруашылығының маңызы артып, бұл тараптағы мәселелер жиі бой көрсете бастайды. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың айтуынша, Арал-Сырдария бассейніндегі өзендердің сулылығы вегетацияаралық кезеңде нормадан 86% деңгейінде күтіледі. Тоқтоғұл су қоймасындағы су көлемі 9,2 млрд текше метрді құрайды, бұл былтырмен салыстырғанда 1,7 млрд текше метрге аз. Бассейннің басқа да бірқатар су қоймаларында су көлемі аз.
Вегетациялық кезеңге дайындық 2021 жылдың қарашасынан басталған. Жоспарға сәйкес келесі жұмыстар қарастырылған:
• Электр энергиясын тауар алмасу және вегетациялық кезеңде су қоймаларының жұмыс режимін келісу шеңберінде «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен жұмыстарды жалғастыру;
• Шу және Талас өзендері бойынша су түсімдерінің жоспарлы көлемін қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен жұмысты жалғастыру;
• Трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану арналарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын орындау;
• Суландыру желісінің магистральды және шаруашылықаралық арналарын тазарту. Сондай-ақ жоспарда мақта, күріш, пияз сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, Түркістан және Қызылорда облысындағы бұған арналмаған жерлерде күріш егуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ АШМ мен АҚДМ арасындағы меморандумға сәйкес күріш алқаптарының алаңдарын азайту көзделген.
«Оңтүстік өңірлердің әкімдіктерінен су аз болған жағдайда вегетация жүргізу үшін шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар сұралды. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан ұсыныстар келіп түсті және қаралды» деді ведомство өкілі.
Спикердің айтуынша, ақпан айының басында Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көшпелі кеңестер өткізілмек.
«Есіл бассейнінде 5 негізгі су қоймасы бар: Астана, Сілеті, Чаглинка, Сергеев, Петропавловск. Қазіргі уақытта су қоймалары жоспарлы кестелерге сәйкес жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша су қоймаларының толуы 58-88% құрайды. Жайық-Каспий, Тобыл-Торғай және Ертіс бассейндеріндегі су деңгейі өткен жылғы көрсеткіштерден төмен. Нұра-Сарысу бассейнінде салааралық маңызы бар 4 ірі су қоймасы ерекше бақылауда. Бұл Кеңгір, Шерубай, Нұра және Самарқанд. Қазіргі уақытта су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалпы, су тасқыны қаупі бар бассейндерде қар жинау процесі наурызға дейін жалғасады және көктемгі кезеңге арналған негізгі гидрологиялық болжам 2022 жылғы 1 наурызда ұсынылады. Су тораптары арқылы тасқын суларды апатсыз өткізу пайдалану ережелеріне және негізгі гидрологиялық болжамға сәйкес және жергілікті атқарушы органдармен және ТЖМ қызметтерімен үйлестіре отырып қамтамасыз етіледі» дейді Қожаниязов.
Ол сондай-ақ су шаруашылығында жинақталған проблемалар республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеуші факторға айналуы мүмкін. Сондықтан Президенттің тапсырмасына сәйкес ағымдағы жағдайға талдау жүргізілді және су саласындағы жағдайды жақсарту бойынша шаралар әзірленгенін айтты.
Талдау көрсеткендей, республиканың су саласының негізгі проблемалары мынадай:
• Барлық суармалы алқаптардың 80%-ға жуығы шоғырланған және барлық суармалы судың 97%-ы пайдаланылатын елдің оңтүстік өңірлерінің трансшекаралық ағындарына үлкен тәуелділік;
• Су шаруашылығы инфрақұрылымының үлкен тозуы және суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіздігі. Соның салдарынан тасымалдау кезінде суармалы судың 40%-ға жуығы жоғалады;
• Суды үнемдеудің және су ресурстарын ұтымды пайдаланудың пәрменді тетіктерінің болмауынан суды пайдалану тиімділігінің төмендігі;
• Су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауды нашар бақылау;
• Ғылыми сүйемелдеудің және жоғары білікті кадрлардың болмауы жағдайды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді.
«Аталған бірқатар проблемалар қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында шешілуде. Сонымен қатар, су саласындағы ахуалды жақсарту үшін мынадай шаралар қабылдау қажет. Бірінші. Мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу үшін келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін премьер-министр басшылығымен су кеңесі құрылсын. Екінші. Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту. Су ресурстарын басқарудың қолданыстағы жүйесі бірінші кезекте су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңарту және салу жөніндегі жобаларды іске асыруға бағытталған. Су ресурстарын есепке алу, су үнемдеу, талдау және жағдайдың дамуын болжау сияқты мәселелер тиісті назарсыз қалады. Бассейндік инспекцияларды су ресурстарын Мемлекеттік басқарудың негізі ретінде қарау қажет. Инспекторға түсетін жоғары жүктемені ескере отырып, қазіргі уақытта бассейндік инспекциялардың оларға жүктелген функцияларды толық көлемде орындауға мүмкіндігі жоқ» деп тізбелейді министрлік өкілі.
Осы орайда Қожаниязов жаңа Су кодексі әзірленіп жатқанын, су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдарда келісуден өту процесінде екенін мәлімдеді.
Қазір Қазақстанда түрлі гидротехникалық құрылыстар саны 7000-ға жуық екен. Оның ішінде стратегиялық та, шағын түрлері де бар. Олар республикалық және коммуналдық меншікте, шағын су қоймалары жеке меншікте. 30-ға жуық су қоймасы апатты жағдайда болды. 19-ға жуығы жөнделді, 11-нде жұмыс жалғасуда.
«Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар, ТЖ құрылымдары және ҚазСуШар күзде вегетациялық кезең аяқталғаннан кейін түгендеу жүргізеді, қандай су қоймалары немесе гидротехникалық құрылыстар жөндеуді немесе қандай да бір жұмыстарды қажет етеді. Бұл жұмыс жыл сайын тұрақты негізде жүргізіледі, сондықтан бақыланбайтын жағдай жоқ. Техниканың аты техника, оны пайдалану процесінде әр түрлі жөндеуді қажет етеді. Ал қауіп төндіретін су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істейді, яғни су жинамайды» деп түсіндірді спикер.