Ауыл шаруашылығына несие берумен айналысатын агробанк құрылуы керек – фермерлер қауымдастығы

Жарияланды
Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесін жетілдіріп жатыр

Қазақстанның ауыл шаруашылық саласы 2020 жылы коронавирус пандемиясы салдарынан шекара жабылып, шығынға батса, былтыр қуаңшылық кезінде ел ішінде біраз қиындық болды. Ал 2021 жылы фермерлерді не күтіп тұр? Кей ғалым қыста қардың қалай жауғанына қарап қуаңшылық тағы қайталануы мүмкін десе де, Қазгидромет мамандары ауа райына ұзақ мерзімді болжам жасай алмайды. Көктем мен жаздың қалай өтетініне болжам болса, кей шаруа қай дақылды өсіріп, қажет сұрпын таңдап, өнімді егіп, оны жинауға алдын ала дайындалар еді. Мұндай пікірді Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры Акбар Мәуленов Kursiv.kz іскерлік басылымына берген сұхбатында айтты. 

– Фермелер коронавирус пандемиясы басталғалы қандай қиындықпен бетпе-бет келді? Былтыр оңтүстік өңірдегі өнімнің шіріп кеткенін де көрдік…

– Пандемия басталған кезде жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Шетелден келетін тұқым, тыңайтқыштар да діттеген жеріне жеткізіле алмады. Ауыл шаруашылығы министрлігі, жалпы үкіметке сұрау жіберіп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арнайы рұқсат сұрадық. Бұл – бір.

Екіншіден, көп шаруа тауарын алдын ала келісімшартқа отырып, сатуға дайындап қояды. Осыған қатысты көп мәселе болды. Мысалы былтыр оңтүстік өңірде қырыққабат егілді, наурыз кезінде Ресейден, басқа да жақтан өнімді алып кетуі керек еді. Шекара жабылған соң қырыққабат шығарылмады, бағасы да түсті. Аяғында шаруалар өнімді 15 теңгеден сатып, таратуға мәжбүр болды. Бір облыстан екінші облысқа қозғалған кезде де қиындық болды. Қазір барлығы қалыпқа келді. 2021 жылы мұндай қиындық болған жоқ.

– Шаруаларға қандай мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр?

– Кредит, субсидия беретін түрлі бағдарлама бар. Ауыл шаруашылығы ішінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы деп бөлінетін инвестициялық субсидиялар бар. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие беріледі. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы сатып алу жасалып, қаржылай көмек көрсетіледі. 
Қолдау бар, бірақ басты мәселе – сол қолдау түрлерінің ұсақ, орта шаруаларға жете бермеуі. Біріншіден, қолдауды ірі шаруашылықтар алып кетеді. Екіншіден, қаражат көлемі аз. Субсидия берген кезде қиындық бар, көп жағдайда ол Qoldau жүйесі арқылы өтеді. Ол жүйенің ішінде бірқатар олқылық бар. Мысалы, бір бағыт бойынша қанша ақша бөлінгені көрсетілген ақпарат келеді. Соған компьютер алдында отырып өтінім беріп үлгеруің керек. Беріп үлгермесең, субсидиядан қаңыласың. Яғни, кім бірінші субсидия алуға өтініш береді, сол алады. Ірі компаниялардың компьютердің алдында отыратын маманы бар, ол бюджетке ақша түскенін «аңдып» отырады. Өзі далада жүріп егін егіп, оны жинап, өзі сататын орта шаруаның компьютерді қарап отыратын уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Осыған байланысты да ұсыныстар бердік. Енді «күту парағы» дегенді енгізіп жатыр. Мұнда шаруа өтінім беріп қояды, ақша бар болса субсидия алады. Ақша жоқ болса, шаруа кезекте тұрады. Ақша түскен кезде кезек бойынша беріледі. Бұрын ақша таусылса, барлығының өтініші алынатын. 

Тағы бір жағы – несие. Несиеге берілетін ақша жеткіліксіз. Жаңа жыл алдында осы мәселені ауыл шаруашылығы министрлігі үкіметтің алдында көтерді. Қандай шешім болатыны білгісіз. Жанармай, қосалқы бөлшек, тыңайтқыш, техника бәрі кем дегенде екі есе қымбаттады. Ал бөлінетін ақша бұрынғы бағамен есептелген. 

Біздің тарап тағы бір ұсыныс берді. Ауыл шаруашылығына несие берумен айналысатын агробанк құрылса деген ұсыныс айтылды. Мерзімі – ұзақ, пайызы – төмен. Қазір  несие ақпан-наурызда беріледі, оны желтоқсанда қайтару керек. Шаруа несиені алғаннан кейін егін егеді, оны күзде жинайды. Артынша алған несиесін қайтарады, ешқандай пайда көрмейді, айналымға ақша жетпейді. Тым болмаса соны қайтару мерзімін ұзарту немесе пайызын азайту керек. Кепілдік мәселесі де бар. Несие алған кезде кепілге үлкен қаладағы жылжымайтын мүлікті қою қажет. Берген несиенің пайызы да субсидияланады. Бұл да түсініксіз механизм. Сол пайызды субсидияламай-ақ, 2-3%-бен тікелей несие берсе дейміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесін, жалпы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіріп жатыр. Жыл енді басталып жатыр, жақсы нәтиже күтеміз.

– Қазақстанда фермерлердің басым бөлігі немен айналысады? Егіншілік пе, мал шаруашылығы ма?

– Шаруалардың көп бөлігі егіншілікпен айналысады. Шамамен 60-70%-і егін егеді деуге болады. Екеуімен қатар айналысатындары да бар. Өңірлер бойынша Батыс облыстарда мал шаруашылығы, солтүстік өңірде мал мен егіншілік аралас, оңтүстік өңірдің көп бөлігі егіншілікпен айналысады. Шығыс Қазақстанда екеуі аралас. 

Былтыр қуаңшылық кезінде Батыс өңірлер қатты зардап шекті. Қызылорда облысының Арал ауданы, Атырау мен Маңғыстау облыстарында қатты қуаңшылық болды. Бұған судың тапшылығы тікелей әсер етіп отыр. Себебі суға келгенде біз көрші мемлекеттерге тәуелдіміз. Батыс өңірлерге Жайық арқылы су Ресейден келеді. Оңтүстік өңірге су Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Қытайдан келеді. Былтыр қуаңшылық болды, екінші жағынан суды жіберетін елдер тиісті мөлшерде берген жоқ. Биыл сондай мәселе қайталанбас үшін соның алдын алу керек. 

Маңғыстауда болған қуаңшылық – табиғи жағдай. Ол жақта өмір бойы сондай ауа райы болады. Мұнда шаруалардың да кінәсі бар. Олар ертеден малды далаға шығарып жіберуге машықтанған. Ол не жейді, не ішеді деп қарамайды. Бақташысы болмай, өзімен-өзі жүреді. Былтыр қуаңшылық болып, елдің назары сол жаққа ауған кезде қолындағы малдың санын да білмейтіндер болды. Далада жүрген соң ешқандай есепке енгізілмеген. Қанша мал қай жерде қырылып қалғаны туралы ақпарат болмады. Өзімен өзі жайылып жүрген соң судың басына барып батып қалғаны да бар. 

Қуаңшылық болған соң мал жайылған жерде өсетін шөп те азая береді. Ғалымдарды тартып, мына жердің топырағы осындай, ауа райы мынадай, соған байланысты не егуге болатынын айтып, осы мәселемен айналысу керек. Осындай ұсынысты да айтып жатырмыз. Бұл Маңғыстау мен Атыраудағы мәселе.
Ақтөбе облысында жағдай одан дұрыс. Ол жерде малмен дұрыстап айналысады. Шөп егу, мал азығы дақылдарын егу-жинау жолға қойылған. 

Оңтүстікте су тапшылығы бар. Түркістан облысы негізінен мақта өсіреді, Қызылорда облысы күріш егеді. Осы екі дақыл суды ең көп пайдаланады. Су аз деп дақылдардың алқабын қысқарту керек деген ұсыныс айтылды. Судың көзін табу, суды қай жерден қалай жеткілікті мөлшерде пайдалана аламыз деген сұраққа жауап іздеудің орнына дақыл алқабын қысқарта салайық дейді. Бұл болмайтын нәрсе. Өйткені екі өңірде алқап қысқарса, жұмыс орны қысқарады, бұл әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне әкеледі. Сондықтан бұл мәселеге ойланып қарау керек. Қысқарта салу, әрине, оңай. 

Күріш – мелиоративті дақыл. Судың астында өседі, су болмаса жердің астының тұзы көтеріледі. Тұз көтерілген соң ол жерге анау-мынау дақыл өспейді. Сондықтан алқап аумағын қысқартатын болса, сол босаған жерге қандай дақыл егуге болатынын айтып, оған қандай көмек көрсететінін түсіндірген жөн. 

– Қуаңшылыққа алдын ала дайындалуға бола ма?

– Қыстың жылы болғанына, қардың қалай жауғанына қарап, биыл да қуаңшылық болады деген болжам жасап отырған ғалымдар бар. Бізге болжам жасайтын – Қазгидромет. Олар ұзақмерзімді болжам жасай алмайды. Жаз, күз қандай болатынын болжай алмайды. Ауа райына алдын ала болжам жасаса, шаруалар қай дақылды өсіріп, қандай өнім алуға болатынын қарайтын еді. Қай сұрыпты егіп, қай уақытта жинап алатынына алдын ала дайындалады. Болжам жағы қиын. Қазгидромет мамандарынан мұның себебін сұрасақ, әлем бойынша мұндай ұзақмерзімді болжам жасалмайтынын алға тартады.

Сондай-ақ оқыңыз