«Қауіпсіздік кеңесі туралы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізіледі

Жарияланды
Бүгін сенаторлар көптеген мәселелерді көтерді

Бүгін сенат отырысында депутаттар мемлекеттік маңызы бар бастамаларды Елбасы Н.Назарбаевтың мақұлдауынсыз-ақ жүзеге асыра беруді ұсынды. Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады, деп хабарлайды баспасөз қызметі. 

Аталған заң жобаларында «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген.Талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобаларындағы жаңа нормаларды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, Конституциялық заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды және оны Мәжіліске қайтарды.

Сонымен қатар бүгінгі тырыста сенаторлар белсенділк танытып,  өзекті мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар да жолдаған. 

Мәселен, Нариман Төреғалиев өндірісте жарақат алудың жоғары деңгейіне алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау не тіпті оны ел экономикасының дамуын тежеуші ретінде жою қажет деп санайды.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында 600-ге жуық ұйымды қамтитын квазимемлекеттік секторды, әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын түбегейлі реформалау жөніндегі Президент алға қойған міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.

«Соңғы уақытта» Самұрық-Қазына» қорына қатысты шағымдар аз емес. Бұған себептер де жеткілікті – Холдингтің құрамына көптеген қуатты институттар кіреді, олардан қайтарымын күткенімізге көп болды. Ал ол жоқ! Құр әңгіме, түсініксіз жоспарлар, жобалар, бағдарламалар ғана бар. Қордың басты кемшілігі – оның көп миллиардтық мемлекеттік қаражатты бөлудегі және жұмсаудағы схемаларының көмескілігі мен шатасуы болып табылады» деп атап өтті сенатор.

Сенатор сондай-ақ Үкімет алдына қорды жаңғырту жөніндегі қабылданатын үлгінің тиімділігіне қатысты бірқатар мәселелер қойды.

«Бәсекелестік ортаға қандай активтер беріледі? Ұлттық экономикалық қауіпсіздік мүдделері қалай ескерілетін болады? Барлығын бәсекелестік ортаға беру керек пе? Қорды жаңғыртудың қабылданатын үлгісінің тиімділігі қандай, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту мөлшері қандай? Бұл ретте біз стратегиялық маңызды объектілер мемлекеттің бақылауында қалуы тиіс және жекешелендіруге жатпауы керек деп есептейміз» деді Еділ Мамытбеков.

Өз кезегінде Ғұмар Дүйсембаев еліміздің батысында шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді.

Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен мұндай статистиканың нәтижелері сенімді емес.

«Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 % аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Кезінде Республиканың статистика қызметін басқарған Сіз бізде статистикалық мәліметтер облыс әкімдері мен Министрліктердің ыңғайына қарай, бұрмаланып беріліп келгендігін жақсы білесіз ғой деп ойлаймын. Елдегі осы кезге дейінгі кедейлік деңгейін анықтауда қолданып келе жатқан Қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетіп келеді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға бізге не кедергі болып отыр? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу керек», – деді сенатор өз сөзінде. 

Сергей Карплюк аймақтардағы өмір сүру жағдайын теңестіру бойынша жүргізіліп жатқан өңірлік саясатты қайта қараудың маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі таңда өңіраралық теңсіздік Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті.

Өз сауалында Андрей Лукин атыс қаруының айналымына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шараларын ұсынды.

Ал Сергей Ершов ел Президентінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қайта құру қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында отандық заңдарды пысықтаудың маңызды екенін сөз етті.
 

Сондай-ақ оқыңыз