Қазақстандағы ең ірі әскери гарнизон орналасқан қаланың жай-күйі қалай?
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Аягөз қаласының іргетасы қаланғанына 90 жылдан астам уақыт өткен. Атауы осы аттас өзеннің құрметіне қойылыпты. Бұрын Аягөздің аты Сергиополь болған. Қазір оның орнында қала түбінде орналасқан Мамырсу деген ауыл бар.
Заманауи қала осы ауылдың маңында 1931 жылы салынған. Осы кезде Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы да басталып жатқан еді. Телеграф та, алғашқы мектептер де салынып, атағы күллі Кеңес одағына белгілі ет комбинаты ашылған. Одан қала берді май зауыты мен жүн иіру фабрикасы, пима тігетін зауыт пен темірбетон зауыты да жұмысын бастаған. Кейіннен Аягөзге ірі әскери гарнизон орналастырған.
Қала тұрғындары қайда жұмыс істейді?
2000 жылға дейін мұнда автомобиль жөндеу зауыты, элеватор, ірі құрылыс компаниялары, көлік кәсіпорны жұмыс істеген. 2022 жылы қала құраушы екі кәсіпорын істеп тұр — теміржол депосы мен әскери қалашық. Ал бұл жерде 10 әскери бөлімше бар. Оның ішіне жабық «Оңтүстік» әскери қалашығы мен зымыран және танк әскерлері кешені кіреді.
Аягөзде жалпы саны 38,6 мың адам тұрады. Жоғарыда атап өткен нысандардан бөлек, қала халқы Ақтоғайдағы тау-кен байыту комбинатында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ол қаладан қашықтау жерде орналасқан. Енді бірі бюджеттік мекемелер мен ұйымдарда, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету сынды өзге де салаларда еңбек етеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыста 4461 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр.
«2021 жылы Аудан бойынша 267 адам бизнес ашуға грант ұтып алды. Олардың қатарында көпбалалы, аз қамтылған, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жастар бар. «Бизнес-Бастауды» 129 адам оқып бітірді. Оның 89-ы грант иеленді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының Аягөздегі филиалының директоры Думан Баймұқанұлы.
Филиал басшысының айтуынша, 200 АЕК көлеміндегі грантты көбіне мал алуға жұмсайды екен. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз көмектің арқасында наубайхана, массаж орталығы немесе дәнекерлерген өнімдер әзірлейтін шеберхана ашқандар да бар.
Кірпіш зауыты мен ет комбинаты
2014 жылы республикалық индустрияландыру картасы аясында кірпіш зауыты ашылған еді. Өкінішке қарай, бүгінде жұмысы тұралап тұр. Кәсіпорынның кіреберісінде жолыққан қызметкерлермен тілдескенімізде зауыт толық күшпен жұмыс істеп жатқан жоқ. Қыс кезінде тоқтап тұрады екен. Жұмысты қолда бар кірпішпен жалғастырады деседі. Кезінде нысанның құрылысына 300 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Кәсіпорынның қуаттылығы болса, жылына 10 миллион кірпіш шығаруы керек болған-мыс.
Ал сонау 2015 жылдан бері тілге тиек етіп келе жатқан ет өңдейтін комбинат болса, әлі күнге дейін салынбаған. Бір қызығы, құрылыс бөліміндегілер ет комбинаты маңайында да инфрақұрылым мәселесі жолға қойылған. Бұл маңда «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде екіпәтерлі ондаған үй бой көтерген. Оның бәрінде дерлік бүгінде адам тұрып жатыр екен.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы билік басындағылар Аягөзде өзінің ет өңдейтін комбинаты болатынын айтқан.
2018 жылы жобаға аустралиялық Cedar Meats Australia компаниясы инвестор болады деген еді. Ол аз десеңіз, Eurasia AgroHolding атты бірлескен компания да құрылған. Жылына 11,5 мың тонна өнім шығаратындай қуатты ет комбинатының құрылысы бірнеше миллиард теңгеге бағаланып, басталып кеткенін де айтқан. Дайын өнімдерді, яки жоғары халықаралық стандартқа сай өңделген қозы, қой етін ел ішінде де, қала берді Қытай, БАӘ, Иран және Ресей сынды елдерге экспортқа жібереміз деген болатын. Кешен 2019 жылдың тамызында пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді.
Осылайша Eurasia AgroHolding ЖШС-на инвестжобаға арналып жер телімі бөлінген. Мемлекет тарапынан ол жерге қажетті инфрақұрылым да жасалған. Осы мақсатта «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының аясында бюджеттен 486,7 миллион теңге бөлінеді. Әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, инженерлік желілер жүргізу жұмыстары (сумен жабдықтау, электр жүргізу) 2020-2021 жылы аяқталған.
«Тереңдігі 45 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланып, қуаты 10-нан 20 м3/сағ дейінгі тереңдіктегі сорғылар, жиілік түрлендіргіші бар басқару пульті, қуат және тарату қалқандары, электрмен жылытуға арналған термостатпен басқару пульті орнатылды. Сонымен бірге әрқайсысының көлемі 2000 текше метр болатын екі суға арналған резервуар дайындалды. 2-сатылық су айдау стансасы салынды, 5 негізгі және резервтік сорғылар орнатылды. Электрмен қамту бойынша жобалау жұмыстары толығымен аяқталды» дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Райхан Шәукенова.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының балансына қабылданбапты. Өйткені бастамашы жобаны жүзеге асырудың кезеңдік жоспарын ұсынбаған. Осылайша нысанды пайдалануға беру мерзімі 2023-2024 жылдарға шегерілген.
Бізде бар ақпарат бойынша, инфрақұрылымға қатысты мәселе 2017 жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұрын салғанымен, кейін оны қайта істеу керек болыпты.
Инженерлік желілерді жүргізуімен Өскемендегі «Жаса Строй» ЖШС айналысқан. Бірақ кейіннен ол банкротқа ұшыраған. Кәсіпорын еден және қабырғаларды қаптау қызметтерін ұсынумен айналысқан. Ол жерде 5 шақты қызметкер болды деп көрсетілген екен. Нарықта жүргеніне 17 жыл болса да, салық төлеуді 2015 жылдан бастап қана қолға алған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, шегерімдердің ең көп сомасы 2016 жылы – 52,7 миллион теңге және 2018 жылы – 16,6 миллион теңге болды. 2019 жылы бюджетке аударымдар – 1,7 миллион теңгені, 2020 жылы 435 219 теңгені құрады. Соңғы бір жылда – 0. 2021 жылдың 14 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты Арнаулы ауданаралық экономикалық соты компанияның банкрот деп тану туралы талабын қанағаттандырған. Кәсіпорынның кредиторлық берешегінің жалпы сомасы – 147,9 миллион теңге, оның ішінде өтелмеген салық берешегі – 122,2 миллион теңге.
Қайда барса, не көрсе болады?
Аягөздің орталығында екі саябақ, мәдениет үйі, спорт мектебі және басқа да нысандар орналасқан. Орталық алаңда сәулет ескерткіштері мен мүсіндер бар. «Жастар» саябағында махаббат жолында құрбан болған қазақтың сүйікті кейіпкерлері — Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ескерткіші бой орнатылған.
Одан бөлек, қалада өзге де тарихи ескерткіштер аз емес.
Қаланың шетінде жоңғарларға қарсы шайқасқан Қасабай батырдың кесенесі бар. Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, батыр бес мың қолмен он мың қалмақты тас-талқан еткен. Ер Қасабай дегенде көз алдыңызға алдымен Алакөл-Балқаш ойпатында өткен атақты Аңырақай шайқасы елестейді. Семсер тағынып, найза ұстайтын Тоқпақ руының ер-азаматтарын маңына топтастырған 17 жасар Қасабай осы шайқаста ерекше көзге түседі. Хан ордасының бас сардары Қабанбай қолына қосылған соң, төзімділігі майдан даласындағы жағдайды жіті бағамдайтын тапқырлығы, ұрымтал тұсты қалт жібермейтін қырағылығы арқылы тез танылған.
Аягөз ауданының тарихы ХVIII ғасырдың ортасынан бастау алады. Осы аумақта қазақ жерін Жоңғар хандығының езгісінен азат ету жолындағы кескілескен шайқас өткен. Сондай бір белгілі шайқастың бірі 1718 жылы Аягөз өзенінің маңында, көктемде болған екен. 1754 жылы Мамырсу (Сергиополь) жерінде Абылай хан мен Қытай арасында бейбіт келісім жасалған.
Қазіргі Аягөзде 30-40 жылдары салынған темір пеші бар екі қабатты ағаш үйлер әлі де бар.
Бүгінде «Сталин дәуірінен» қалып кеткен 68 үй мен құрылыс бар екен.
Бұрынғы НКВД ғимаратының да мұрты бұзылмай сақталған. Қала тұрғындары әсіресе, түнде бұл маңаймен жүрмеуге тырысады деседі.
Ал мына жерде кезінде приход мектебі мен шіркеу болған.
Қаланың бас жоспары бойынша, екі қабатты үйлердің орнына бес қабатты үйлер салынуы керек екен. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер осылай деп отыр. Бірақ мәселе сол — жылу көзі жоқ. Шағын қазандықтардың қуаты бір шағын ауданды жылумен қамтамасыз етуге ғана жетеді екен. Қалада жалпы саны бес қазандық бар.
«Бізге жылу электр орталығы керек, өйткені біздің қазандықтардың қуаты аз. Бұл мәселені көтердік. Бірақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бізді қолдамады. Өйткені жобалық-сметалық құжаттамамыз 2014 жылғы болатын. Аталған жобаны түзетіп, не болмаса жаңа жоба әзірлеу керек. Құрылысқа шамамен 5-6 миллиард теңге кетеді. Бірақ мұндай соманы қалаға бере ме, жоқ па, білмейміз» дейді Аягөз тұрғын үй бөлімінің бастығы Думан Ырғаев.
Сондай-ақ ол кейбір ескі үйлерде орталықтандырылған жылу жүйесі орнатылғанын айтты. «1970-1980 жылдары қазандықтар салына бастағанда қосылды», – дейді ол.
Жылу орталығын салу мәселесі қазір облыс деңгейінде шешіліп жатыр деседі.
Сандар сөйлесін
Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылға арналған өнеркәсіп өнімінің көлемі Аягөз қаласында 205295,8 миллион теңгені (2020 жылы – 176689,1 миллион теңге) құраған. Өңдеу өнімі – 53212,2 миллион теңге (2020 жылы – 43877,8 миллион теңге). Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 40556,2 миллион теңге (2020 жылы – 35044,3 миллион теңге). Негізгі капиталға инвестиция – 146861,9 миллион (2020 жылы – 179995,3 миллион). Көрсеткіштің төмендеуі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатында кеңейту жұмыстарының аяқталуына байланысты дейді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 54445,0 миллион теңгені құраған (2020 жылы — 50584,8 миллион теңге). Былтыр барлығы 73 270,0 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, яғни 2020 жылмен салыстырғанда (25 376,0 шаршы метр) 2,9 есеге артық. Бөлшек тауар айналымының көлемі 21 453,9 млн теңге (2020 жылы 19 768,7 млн. теңге).
«2021 жылы жұмыспен қамту органдарына 2223 адам өтініш білдірсе, оның ішінде 1711 адам жұмысқа орналастырылды. 1 қаңтардан бері 161 жұмыссыз тіркелген. Статистика бойынша орташа жалақы 22,5 пайызға өсіп, 272 041 теңге болды. Былтыр бұл көрсеткіш 221 997 теңге болған еді» деп атап өтті қала әкімдігінде.
Жергілікті бюджет кірістері — 12041,7 миллион теңге (2020 ж. 10039,1 миллион теңге).
Қаланың жылдық бюджеті шамамен 2 миллиард теңгеге тең.