Мамырда қайда барып демалуға болады?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандықтар үшін ең ұтымды бағыттарды іріктеп қойдық

Мамырда күн жылып, көпшілік осы жаймашуақ кезде шетелге барып келгенді құп көреді. Өйткені шілденің шілігіңгіріндей ыстық уақыт емес. Отбасымен қыдыруға да, белсенді демалыс үшін де қолайлы. Одан қала берді Қазақстанда мамырдың жартысына жуығы — демалыс. Ендеше, оқырмандарымызға қайда баруға болатынына бірнеше кеңес ұсынайық.

2022 жылдың мамырындағы демалыс күндер: 31 күннің 13-і — демалыс. Атап айтқанда, 1 мамыр жексенбі күніне түсетіндіктен 2 мамыр демаламыз. Одан соң, 7 мамыр сенбіге сәйкес келіп тұр, ал 9 мамыр — дүйсенбі, сондықтан жалпы алғанда 7-10 мамыр аралығында жұмыс пен сабақтан боспыз. Бұл айдағы қызылмен белгіленетін күндер осы. Одан бөлек, сенбі-жексенбілерді есепке алғанда жоғарыда айтып өткеніміздей, 13 күн демалыспен өтеді. Сол себепті күнтізбеге бір көз салыңыз да, шағын демалысты қолайлы уақытқа белгілеп алыңыз. 

Көпшілігі мамырда жағажайда демалуда құп көреді. Туристер арасында осылай танылған. Сондықтан осы кезеңде туристік агенттіктер неше түрлі қызып тұрған акциялар ұсынады. Егер бәрін алдын-ала жоспарлап жүретіндерден болсаңыз, ендігі қайда және қашан баратыныңызды шешіп қойдыңыз деген сөз. Ал енді аяқ-асты шешім қабылдаушылардан болсаңыз, жағажайда, пассив демалыс үшін турмен барған дұрысырақ. Оны да алдын-ала болады. Кейде соңғы сәтте сәтті ұсынысқа көзіңіз түсіп, біршама ұтымды нұсқаны іліп әкетуіңіз де мүмкін.

Түркия

Қазақстандықтар үшін жыл — он екі ай өзекті болып тұратын елдердің бірі — Түркия. Ал жазға қарай барғысы келетіндер тіпті көбейеді. Ауа-райына келсек, мамырда Түркияның Жерорта теңізі жағасындағы Аланья, Сиде, Белек, Анталья, Кемер сынды қалаларына барған жақсы. Шамамен +20-30 (орта есеппен +25ºС) болады. Ал судағы температура айдың басында +20 шамасында болады. Бұл елге барғанның жақсы тұсы — мамырдың ортасынан бастап шомылуға болады, күн жып-жылы, тіке рейс көп. Вакцинация төлқұжатымен де, ПТР тест тапсырып та кіре аласыз. 12 жасқа дейінгі балаларға еш талап қойылмайды. Қазақстандықтар Түркияда 90 күн визасыз жүре алады. Минустарына келсек, қонақ үйден тыс жерде әлі маска тағуды сұрауы мүмкін. Әрі туристерді алдап, қымбатқа сатып жіберетіндер көп болады. Мұндай жағдай жалпы туристік елдердің көпшілігіне тән. Мамырда бір адамға тур бағасы 160 мыңнан жоғары. Бұл жерде қандай қонақүй, қай күнді таңдағаныңызға байланысты.  

Египет

Отандастарымыз үшін тағы бір танымал бағыт — Египет. Мамырда, әсіресе, Шарм-эль-Шейх пен Хургадаға демалысқа барған жақсы. Теңіз суы +24ºС не +26ºС шамасында қызады. Егер Түркияға сәл салқындау, ал Араб әмірліктерінде тым ыстық десеңіз, екеуінің ортасы — осы ел. Танымал бағыт болғандықтан, турдың да түр-түрі бар. Бір адамға мамырдағы баға 230 мың теңгеден жоғары. Египетке виза керек. Бір төлқұжатқа — 25 доллар. Сол жақтың әуежайына барғанда беріледі. Кейде адам басына 10 доллар тұратын тіркеу сұрайды. Мысалы, Хургадада. Ал Шарм-эль-Шейхте Синай түбегінен шығатын болса не курортта 15 күннен артық қалатын болса міндеттеледі. Вакцина паспортын көрсетіп, болмаса келуіне 72 сағатқа жетпейтін уақытта жасалған ПТР-тест сынамасын не Antigen Rapid Test көрсетуге болады. Pfizer, Спутник V, Astra Zeneca, Moderna, Sinovac, Sinopharm мақұлданады. 

Біріккен араб әмірліктері

Мамырда Араб әмірліктеріне баруды да ұсынуға болады. Себебі күн жаз секілді, жолға кететін уақыт та аса ұзақ емес. Негізі баруды жоспарлап жүрсеңіз, мамырдың алғашқы жартысы дұрысырақ. Өйткені одан кейін күн қатты ысып кетеді. Көпшілігі Дубай, Шарджа, Абу-Дабиді таңдайды. Көп шығындалмау үшін Рас-аль-Хайма — жақсы нұсқа. Болмаса, ауа-райы ондай қатты ыстық болмайтын — Фуджейра. Турлар бағасы адам басына 200 мыңның шамасында. Дубайға келген соң ПТР тест тапсыруға болады, тегін.  Егер вакцина паспорты болса, ағылшыншасы болуы керек. Визасыз 30 күн жүруге болады.

Грузия

      Еуропаға жаны жақын жандар шенген виза ала алмай жатса, не арзандау нұсқа іздесе, Грузияға барса болады. Өйткені Париж, Милан, Барселонаға ұқсас тұстары бар. Әрі мамырда барған ұтымдырақ. Ауа-райы температурасы +15°C пен +23°C шамасында. Ұлттық тағамдарынан дәм татып, жаяу аралап, серуендеуге таптырмайтын жер. Еуропаға ұқсайды дегеніміз де сондықтан. Батумиге баратын болсаңыз, теңіз жағында күнге қыздырына аласыз, бірақ суға түсетін маусым бастала қоймайды. Хинкаль, хачапуриді елде жеп жүргендердің түпнұсқасынан дәм татуы ләзім. Жалпы мамырды пассив демалыстан гөрі белсенді, экскурсиялық демалысқа арнаған жөн. Виза қажет емес. Турлар 200 мыңнан жоғары болады. Вакцина паспорты, болмаса ПТР-тест сұралады. Елге кірерде 48 сағат бұрын registration.gov.ge сайтына тіркелу міндетті.

Мальдив аралдары

Биыл бұл бағытты таңдағандар тіпті көбейді. Қымбатқа шығатын демалыс болса да, барғысы келетіндер азайған емес. Экзотикаға құмар жандар көктемде Мальдив аралдарына, оның ішінде Үнді мұхитындағы тропикалық архипелагқа барады. Ауа-райы температурасы  +30… +32 °С шамасында болады. Күнге қыздырынуға да, суға шомылуға да қолайлы. Бірақ көктемнің соңына қарай бұл жақта жаңбырлы маусым басталады. Әйтсе де, аса қорықпасаңыз болады. Себебі дүркіреп жауған жаңбыр демде басылып, ештеңе болмағандай бұрынғы қалпына тез келе қалады. Мальдив аралдарының нақты қай жеріне барам десеңіз, Ари, Солтүстік және Оңтүстік Мале, Раа, Даалуды ұсынамыз. Снорклиң, дайвиң, дельфиндерді тамашалау, балық аулау сынды түрлі қызық бар. Бір адамға орта есеппен 1 млн теңге шамасында шығады.

Таиланд     

Құмды жағажай, нағыз тай массажы, түрлі жеміс-жидектер — мұның бәрі Таиланд туралы. Азия елдері ішінде ең танымал бағыттардың бірі. Мамырда жаңбырлы маусым басталады. Бірақ Мальдивтегідей тез басылады. Пхукетте күн ыстық. Айтпақшы, туристер легі осы айда азаятындықтан, бағасы әлдеқайда арзанға шығады. Экстремалдар мамырда толқын көтерілетіндіктен, серфиңмен айналысуға дәл осы кезеңді таңдайды. Бір адамға мамыр кезіндегі демалыс үшін 350 мың теңгеден жоғары болады

Сондай-ақ оқыңыз