Азық-түлік тауарлары бір жыл ішінде 17,9%-ға қымбаттаған
Сәуір айында Қазақстандағы инфляция деңгейі жылдық есепте 13,2%-ды, бір айда 2%-ды құрады. Жыл басынан бері инфляция 7,3% болды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Бір жыл ішінде азық-түлік тауарлары 17,9%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға және ақылы қызметтер 8,9%-ға қымбаттады.
Былтырғы сәуірмен салыстырғанда құмшекер, жаңа піскен көкөністер, картоп пен құс етінің бағасы айтарлықтай өскен. Тек жұмыртқы ғана сәл-пәл арзандаған – 4,1%.
Ең қатты қымбаттаған тауарлар:
54,6% – құмшекер | 16,9% – жылқы еті |
46% – жаңа піскен көкөністер | 15,8% – кондитерлік өнімдер |
30,3% – картоп | 15,4% – пастерленген сүт |
28,8% – құс еті | 14,8%– қышқыл сүт өнімдері, жаңа піскен жемістер, нан |
25,5% – жармалар | 13,6% – ет өнімдері |
23,4% – макарон өнімдері | 12,8% – сары май |
22,7% – ұн | 12,4% – шошқа еті |
22,3% – күнбағыс майы | 18% – минералды және ас су |
19,3% – қатты ірімшік | 16,2% – салқындатылған сусындар |
18,3% – тоқаш және ұннан жасалған өнімдер | 16% – темекі өнімдері |
17,5% – қой еті | 11,7% – алкогольді сусындар |
Бюроның баға статистикасы департаменті директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, жыл басынан бері индекс құрылымындағы азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 30,2%-ды, ақылы қызметтер 29,1%-ды құрайды.
«Ай сайын бюро тауарлар мен қызметтердің толық жиынтығы бойынша бағалардың өзгерісін тіркейді. Онда азық-түлік, тұрмыстық және шаруашылық тауарлар, ересектер мен балалар киімдері, денсаулық сақтау, көлік қызметтері және т.б. қызмет пен тауарлар бағасы ескеріледі, барлығы – 508 позиция» дейді Қуанышбек Жақыпбекұлы.