Абай облысы құрылды. Жергілікті тұрғындар бұл өзгерістен не күтеді?

Жарияланды
Туризм мен білім саласына көңіл бөлінбек

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы жолдауында жаңа үш облыс құрылатынын мәлімдеді. Ал мамырдың басында «Әкімшілік-аумақтық құрылыстың мәселелері туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес, Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, Алматы облысы және Жетісу облысы құрылады. Kursiv Media тілшісі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты шығыстағы азаматтардың пікірін білді.

Туризмге тың серпін береді

Президенттің Абай облысын құрып, Семейдің дамуына бағытталатын шешімін облыс тұрғындары көптен бері күткен. Енді жергілікті тұрғындар бұл өзгеріс түрлі салаға серпін беретінінен үмітті.

Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бауыржан Дүйсенбаевтың айтуынша, Абай облысының құрылуына байланысты жаңа мүмкіндіктер пайда болып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму болады. Сондай-ақ өңірдегі туризм дами түспек.

«Абай облысының құрылуы экономиканың басым саланың бірі – өңірдегі туризмді дамытуға жаңа серпін береді. Адамдардың сұранысы әртүрлі, сондықтан біз біздің өңірде туризмнің әртүрлі түрін ұсынамыз: мәдени-танымдық, экологиялық, балалар мен жасөспірімдер, аграрлық туризм және т.б. Өйткені біздің өңірде осы индустрияны дамыту үшін барлық мүмкіндік бар. Экологиялық туризм үшін бірегей қарағай орманы бар, киелі жерлерді аралағанды ұнататындар үшін Қоңыр әулие шатқалы бар, Жидебай кешенінің өзі бір төбе».

Бауыржан Дүйсенбаев, Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

Жергілікті тұрғынның айтуынша, өңірдегі Алакөл көліне деген сұраныс енді арта түспек. Қазақстандықтар арасында танымал бұл өлкені келешекте шетелдіктер арасында танытуға барлық мүмкіндік бар.

Семей – білімділер ордасы

Ал Шығыс Қазақстандағы «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі Қуаныш Молдақашев жаңа облыстың орталығы – Семей қаласын білімді жастардың ортасына айналдыру қажет деп санайды. Оның сөзінше, Абайдың 175 жылдығы кезінде «Семей – тарихи қала»  деген статусқа ие болды. Енді әрі қарай да осы атқа лайық болу үшін өңірде білім саласына көп көңіл бөлу қажет.

«Семей білімді адамдар шыққан жер, алашордалықтардың басын қосқан қала. Тарихтан-ақ бұл өңірден түрлі салада қажырлы еңбек еткен адамдардың шыққаны белгілі. Сол үрдіс қазір де жалғасын тауып, Семейдің интеллектуалды орта ретінде қалыптасқанын қалаймыз. Жергілікті жастар бұл бастаманы сөзсіз қолдайды».

Қуаныш Молдақашев, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны

Оның сөзінше, бұл бағытта жұмыс басталды. Жастар «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорын құрғанына үш жылға жуықтады. Енді Семей облыс орталығы болғаннан кейін туған жеріне оралған білімді жастар да осы іске араласқаны аса маңызды. Ал жергілікті билік оларға қолдау көрсетсе, құба-құп.

Шығыс Қазақстан облысы қалай бөлінеді?

Шығыста Абай облысы құрылғаннан кейін оның орталығы Семей қаласы болады. Оның құрамына 1997 жылға дейін Семей облысының құрамында болған қалалар мен аудандар кіреді. Олар: облыстық маңызы бар Семей және Курчатов қаласы және Абай, Аягөз, Ақсуат (оны Тарбағатай ауданынан бөледі), Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті (Самар ауданы кірмейді), Үржар ауданы кіреді.

Шығыс Қазақстан облысы құрамында облыстық маңызы бар Өскемен және Риддер қаласы және Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар (Көкпектіден бөлінеді), Тарбағатай (Ақсуат құрамында болмайды), Ұлан, Шемонаиха аудандары қалады.

Абай облысының ауданы – 185,5 мың шаршы шақырым, ШҚО ауданы – 97,8 мың шаршы шақырым.

Президент қол қойған заңға сәйкес, 7 маусымнан бастап Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы Ақсуат ауылынан Ақжар ауылына көшіріледі.

Сондай-ақ оқыңыз