Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев аса ірі көлемде пара алмақ болғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім 17 мамырда облыс орталығының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шықты. Таубаев жазасын ең төменгі режимдегі колонияда өтейтін болады.
Таубаевпен бірге құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров та сотталды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді.
2020 жылдың шілде айында Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданы Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылдады. Таубаев құрылыс жұмыстарын жүргізген компания директорының орынбасарымен кездесіп, келісімшарт сомасының 10 пайызы көлемінде пара талап еткен. Кейін бұл сома 7 пайызға дейін төмендетілді. Нәтижесінде 185 млн теңгені құрады.