Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы туралы не білуіңіз керек?

Жарияланды
«Больничный» туралы бәрін түсіндіреміз

Денсаулық жағдайына байланысты кейде еңбекке жарамсыздық парағын аштыру керек болып жатады. Ол парақ нені білдіреді? Ашу үшін қайда бару керек? Оған ақы төлене ме? Есептеу қалай жүргізіледі? Осы сынды сауалдар ойыңызда жүрген болса, бүгінгі материалымыз сізге пайдалы болмақ. Заң аясында еңбекке жарамсыздық парағын ашқан кезде қызметкердің қандай құқықтары бар, жұмыс беруші не білуі керек? Осы жайлы айтамыз.

Алдымен осы мәселеге байланысты нормативтік базаға тоқталсақ. Еңбекке жарамсыздық парағы қызметкердің ауырып яғни жұмысқа шығуға шамасы келмеген күндеріне ашылады. Мұндай кезде жұмыс беруші қызметкеріне уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Ол Еңбек Кодексінде бекітілген. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, төлем жұмыс берушінің есебінен жүргізіледі. Ол үшін қызметкер бухгалтерия бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда — көшірмесін беруі қажет.

Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы  қандай жағдайларда төленеді?

      Айтқандай, жұмыс беруші өз қаржысы есебінен жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті. Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге арналған негіз —денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте берілген еңбекке жарамсыздық парақтары. Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар қызметкерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен еңбекке қабілетін қалпына келтірген күнге дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектікті анықтағанға дейін төленеді.

Көлемі қалай анықталады?

Еңбекақы мөлшері 15 АЕК шамасынан аспайды. 2022 жылғы мөлшері бойынша, 1 АЕК — 3063 теңге болса, парақ бойынша берілетін максимал сома 45 945 теңгеден жоғары болмайды. Бұл дегеніңіз, қызметкердің жалақысы қанша жоғары болса да, бір айда еңбекке жарамсыздық парағы бойынша 15 АЕК-ден артық ала алмайды деген сөз. Нақты жұмыскердің жәрдемақы мөлшері уақытша еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес төленуі керек жұмыс күндерінің санына оның орташа күндізгі еңбекақысын көбейту арқылы анықталады. Егер уақытша еңбекке жарамсыздық өткен жылы басталып, биыл аяқталса, онда жәрдемақыны есептеу және оның мөлшерін айлық шектеу тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткішті қолданумен, екі тәсіл арқылы жүргізіледі. Егер қызметкер 12 айдан аз істеген болса, нақты істеген кезеңі есепке алынады. Сонымен жәрдемақы көлемі = орташа күндізгі ақы * еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген еңбекке жарамсыз күннің саны.

Түсініктірек болуы үшін бірнеше мысал келтіріп көрелік. Қызметкердің бір күндік орташа табысы — 9024 теңге болсын. Ол 6 күн ауырды делік. Формула бойынша былай есептеледі: 9 024 * 6 =54 144. Бірақ бұл сома жоғарғы шектен асып тұр. Демек, қызметкер бұл жағдайда максимал сома — 45 945 теңге алады. Айтпақшы, қызметкердің орташа табысы аз болса, жұмыс беруші қосымша төлем жасай алады. Бірақ соның өзінде 15 АЕК-ден асырмауға тиіс.

Келесі бір мысалды қарастырайық. Қызметкердің бір күндік орташа табысы — 4550 теңге. Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша ол 8 күн жұмыста болмады. Жоғарыдағы формулаға салсақ, 4 550 * 8 = 36 400. Жоғарғы шекке жетіп тұрмағандықтан, жұмыс беруші қаласа көтере алады. Ескеретін жайт, төлемді көбейтіп беру — жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы ғана.       

Ашу үшін не істеу керек?

Еңбек кодексіне сәйкес, еңбекке жарамсыздығына байланысты әлеуметтік жәрдемақы төлеу үшін міндетті түрде тиісті парақ болуы керек. Осы орайда «уақытша еңбекке жарамсыздық парағы» мен «уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама» екеуі екі бөлек екенін атап өту керек. Бұлар — бір-біріне қатысы жоқ құжаттар. Олай дейтініміз, уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ азаматтың уақытша еңбекке жарамсыз екенін, жұмыстан уақытша босатылатынын, еңбекке жарамсыздығына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы екенін білдіреді. Ал енді уақтыша еңбекке жарамсыздығын білдіретін анықтамада мыналар көрсетіледі: еңбекке жарамсыз екенін растайды, жұмыстан не оқудан уақытша босатылуға негіз болады, соған байланысты жәрдемақы алуға құқық бермейді. Сондықтан ауырған күндеріне ақы алғысы келген адам қателесіп кетпей, уақытша еңбекке жарамсыздығын білдіретін арнайы парақ аштыруы керек.   

Қанша уақытқа ашылады?

Жалпы алғанда парақ пен анықтама үш күнге беріледі. Егер бас дәрігердің тиісті бұйрығы болса, алты күнге созылуы мүмкін. Бір айта кететін жайт, парақ та, анықтама да өткен күндерге ашылмайды. Яғни медициналық қызметкер қашан қарап, тіркеген болса, сол күннен бастап ашылады. Сондықтан ауырып, жұмыстан қалған болсаңыз, бірден дәрігер шақыртып не өзіңіз ауруханаға баруыңыз керек. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағындағы уақытта ұзарту үшін медициналық мекеме бөлімінің басшысы науқасты қарауы тиіс. Сонда ғана 20 күнтізбе күніне созуға болады. Ал енді одан да ұзақ күнге аштыру үшін дәрігерлердің кеңестік комиссиясының қорытындысы сұратылады. Жалпы алғанда парақ ашылатын максимал уақыт — 60 күн. Бұл жерде жүктілік пен босануына байланысты берілетін парақтың жайы бөлек екенін ескертеміз. Басқа жағдайда бір айдан артық уақытқа парақ ашылмайды. 60 күн өтсе де жұмысқа жарамсыз болса, жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығаруға құқылы. Жүкті және босанған әйелдер мен ұзағырақ емді қажет ететін жағдайларды бұл қатарға қоспаймыз, әлбетте.

Мерзіміне байланысты бәрі түсінікті болса, парақ туралы өзге де ақпаратты айтайық. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бір данада беріледі. Оны қызметкер бухгалтерияға өткізуі керек. Алу үшін:

  • Жеке куәлікті қолыңызға алып, емханаға барасыз;
  • Egov.kz. Порталынан ЭЦҚ арқылы ала аласыз. Ол үшін «Басты бет» — «Азаматтарға» — «Денсаулық сақтау» — «Медициналық көмек» — «Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама» немесе «Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы» қызметін таңдайсыз. Стандартқа сәйкес, қызмет көрсету уақыты — 30 минут шамасы. Анықтама да, парақ та тегін беріледі. Егер қызметкер бірнеше жерде істейтн болса, оған бір парақ пен оның медициналық мекеме мөрі басылып, басшысы растаған көшірмесі беріледі. Егер жоғалтып алсаңыз, сол түпнұсқаны берген медициналық мекеме дубликат беруі керек. Дегенмен ол үшін жұмыс орнынан жоғалған парақ бойынша жәрдемақы төленген жоқ деген анықтама апаруыңыз қажет болады.

Баласы ауырып қалса еңбекке жарамсыздық парағы беріле ме?

Ата-ана баланың денсаулығына жауапты болғандықтан, ол ауырып қалса қарауға да міндетті. Науқас балаға күтім жасау керек болған жағдайда парақ ашылады. Ең ұзақ дегенде 10 күнге беріледі. Ал егер бала стационарда ем алып жатса, үш жасқа толмаған бала немесе 18 жасқа толмаған мүгедек балаға — стационарда жатқан уақытына, үш жастан асқан ауыр сырқаттанып жатқан балаға — күтім қанша керек болса, сонша уақытқа. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын бала емделген медициналық мекеме береді. Ал енді ауруханадан шыққан соң да балаға күтім керек болса, тіркеуде тұрған емханадан 10 күнге дейінгі мерзіммен тағы бір уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алса болады.   

Салық ұстала ма?

Иә, жәрдемақыдан міндетті зейнетақы жарнасы — 10%, жеке табыс салығы — 10%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы — 2 % ұсталады. Сондай-ақ, әлеуметтік аударым, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен әлеуметтік салық саналады.    

Сондай-ақ оқыңыз