2022 жылы арендалық тұрғын үйді қалай алуға болады?
Осымен бесінші жыл қатарынан елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға арнап сатып алу құқығынсыз арендалық баспана ұсыну жүзеге асырылып келеді. Ондай пәтерде өмір бойы да тұра беруге болады. Бірақ алған адамда меншік құқығы болмайды. Төмендегі материалда арендалық тұрғын үй бағдарламасының шарттары жайлы айтып, оның құны қанша және арендалық пәтерлердің қай өңірлерде берілетінін жазамыз.
Қазір елімізде тұрғын үй саясатын реформалау мәселесі бойынша заң жобасын әзірлеу жүргізіліп жатыр. Заң жобасы дәл қазір Мәжіліс қарауында. Жаңа заң жобасына сәйкес азаматтар жеке компания немесе тұрғын үй қоры қарауындағы арендалық тұрғын үйді субсидиялай алады.
2022 жылы арендалық пәтер құрылысы бойынша басталған нысандарды аяқтауға ғана қаржы қарастырылған. Осылайша, әрі қарай арендалық пәтерлер құрылысы бұрынғыдай белсенді жүргізілмейді, өйткені бұл жұмысқа республикалық бюджеттен ақша қарастырылып отырған жоқ.
Жалпы, арендалық тұрғын үйді алуға мына санаттағы азаматтар үміткер бола алады:
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- Өзге мемлекеттер аумағында соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;
- I және II топтағы мүгедектер;
- Мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар;
- Кейбір созылмалы аурудың ауыр түрімен науқастанған азаматтар;
- Зейнеткерлер
- Жетім балалар;
- Қандастар;
- Экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;
- Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары;
- Толық емес отбасылар.
Жоғарыда аталған азаматтардың отбасының әрбір мүшесі үшін (мүмкіндігі шектеулі балаларды қоспағанда) тұрғын үй алуға өтініш бергенге дейін соңғы 12 айдағы жиынтық орташа айлық табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен (2022 жылы 111,6 мың теңге) төмен болуы тиіс.
Арендалық пәтерде өмір бойы тұруға болады. Бірақ әрбір бес жыл сайын келісімшартты ұзартып отыру қажет. Көптеген кезекте тұрған азаматтар арендатор қайтыс болса үйден айырылып қаламыз деп қауіптенеді. Шын мәнінде олай емес. Егер негізгі жалдап алушы қайтыс болғаннан кейін отбасындағы кәмелеттік жасқа жеткен кез келген азамат келісімшартты қайтадан өз атына рәсімдей алады. Бірақ мұндай тәртіптің жұмыс істеп жүрген жастарға қатысы болмайтынын ескеру керек.
Қандай құжаттап тапсыру қажет?
Бағдарламаға өтініштер қабылдаудың басталғаны жайлы тұрғын үй басқармасы хабарлайды. Құжат қабылдау тек электронды түрде жүреді. Өтінімдердің қандай портал арқылы қабылданатыны хабарландыруда көрсетіледі. Өтінімдерді қараудың нәтижесі кейінірек басқарманың сайтында немесе оның әлеуметтік желідегі парақшаларында жария етіледі.
Өтінім тапсыру үшін азаматта ЭЦҚ кілті және келесідей құжаттардың сканерленген нұсқасы болуы керек:
- ҚР бойынша отбасының барлық мүшесінің атында жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;
- Балалардың туу туралы куәлігі, отбасы мүшелерінің жеке куәлігі;
- Некелесу немесе некені бұзу туралы куәлік, әкелікті бекіту туралы куәлік / форма №4/ өлімі туралы куәлік;
- Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
- Мүгедектік туралы анықтама;
- Созылмалы аурудың толық атауын, жеке бөлмені және белгілі бір қабаттарды қажет ететін медициналық қорытынды.
Арендалық ставка қандай?
Арендалық ставка айына 5-12 мың теңге аралығында болады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді немесе жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйлерді тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына жергілікті атқарушы органдар пайдалануға береді. Бұл бастапқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй болуы мүмкін.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша аренда ставкасы:
Нұр-Сұлтан, Алматы және оның қала сыртындағы аймақтарында, Атырау мен Ақтауда – шаршы метріне 150 теңгеден, айына – 6-12 мың теңге аралығында. Өзге өңірлерде шаршы метрді – 117 теңге, айлық ақысы – 5-9 мың теңге.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін және аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін арендалық тұрғын үй салу бағытында 2022 жылы қалаларда 2632 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Пәтер саны:
- Көкшетауда – 140;
- Ақтөбеде – 265;
- Текеліде – 80;
- Қонаевта – 20;
- Үшаралда – 60;
- Талдықорғанда – 108;
- Есікте – 120;
- Өскеменде – 144;
- Риддерде – 60;
- Зырянда – 60;
- Шемонаихада – 60;
- Семейде – 136;
- Жезқазғанда – 90;
- Приозерскте – 45;
- Лисаковта – 105;
- Қостанайда – 108;
- Байқоңырда – 250;
- Петропавлда – 300;
- Жетісайда – 200;
- Нұр-Сұлтанда – 281.
Жұмыс істейтін жастар үшін арендалық тұрғын үй.
Аталған бағыт бойынша арендалық пәтерлер тек 5 жылға беріледі. Осы уақыт ішінде арендатор өзінің жеке пәтеріне арнап алғашқы жарна қаражатын жинап алуы тиіс. Тұрғын үйдің айлық ақысы 5000-15000 теңге аралығында болады. Арендалық төлемнен бөлек арендатор ай сайын коммуналдық шығындарды төлеуі және кез келген екінші деңгейлі банктің жинақтаушы шотына ақша аударып отыруы тиіс.
Қатысу шарттары:
- 29 жасқа жетпеген ҚР азаматы болуы;
- Аяқталған орта/орта-арнаулы/жоғары/университеттен кейінгі білім және ресми жұмыста болуы;
- Соңғы 2 жылда үзіліссіз тіркеуде болуы;
- ҚР аумағында жеке басында және отбасы мүшелерінің ешбірінде тұрғын үйдің, сонымен қатар соңғы 2 жылда өзінде және отбасы мүшелерінде арендалық тұрғын үйдің жоқтығы;
- Төлем қабілетінің расталуы (ай сайынғы минималды кіріс – 116 680 теңге).