Референдум деген не және оны не үшін өткізеді?

Жарияланды
Референдумнан кейін Ата Заң қалай өзгереді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы референдум маңызды дипломатиялық институт екенін айтты. Алайда Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен. Бұл жиында президент Конституцияның бүкілхалықтың дауыс беру арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп атады. Kursiv Media материалынан референдум деген не және ол не үшін керек екенін, биыл референдумда елдің Ата заңына қандай өзгеріс енгізілу қаралатынын оқыңыз.

Референдум деген не?

Референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтыруы енгізу, Республиканың мемлекеттік өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелерін шешу қойылуы мүмкін.

Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады.

Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді.

Референдум республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

Қазақстанда референдум қашан өтеді?

Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы референдум 1995 жылдың 29 сәуірінде өтті. Қазақстан президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы республикалық референдум президенттің Жарлығы жарияланған күннен бастап күшіне енетін жарлық негізінде өткізілді.

Референдумда «Сіз 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұрақ қойылды. Референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Оны сайлаушылардың 95,46% қолдады.

Одан кейінгі конституциялық референдум 1995 жылы 30 тамызда өтті. Сол кезде референдумға «Жобасы 1995 жылдың бірінші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90%-ы қолдады. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күнін мерекеленеді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтеді.

«Республикалық референдум туралы» Заңға сәйкес, референдум оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және 3 айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi. Ерекше жағдайларда Республика президентi референдум өткiзудiң басқа мерзiмiн белгiлеуі мүмкiн. Қазақстан президенті елде референдум өткізу туралы ұсынысты 2022 жылдың 29 сәуірінде енгізді.

Референдум қалай өтеді?

Референдумда 18 жастан асқан азамат дауыс бере алады. Референдум барысында дауыс берушілерге дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды. Сондай-ақ дауыс беретiн нысанда көрнектi жерде референдумға қойылған мәселенiң, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының, оларға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың мәтiнi iлiнуге тиiс.

Референдумда:

сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар;

сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар дауы бере алмайды.

Дауыс беру кезінде бюллетень қазақ және орыс тілінде, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық аумақтық бөлініс аумағында тұратын халықтың тілінде беріледі.

Дауыс санау кезінде:

  • белгіленбеген;
  • учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
  • референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi белгіленбеген бюллетеньдер есетелмейді.

Ескере кетер жайт, заң бойынша референдумға қойылған мәселеге жауаптардың барлық нұсқасы белгіленген бюллетень жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдумға қатыса алады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 52 мемлекетте 65 учаскелік комиссия құрылған.

«Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, іскерлік, туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелік комиссия құрылған Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне жүгіне алады», – деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.

Дауыс беру 2022 жылғы 5 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.

Ал референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

Конститутция бес рет өзгерді

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Араға екі жыл салып, 1995 жылы Ата заңның жаңа нұсқасы қолданысқа енгізілді. Содан бері ол бес рет өзгертілді. Бірінші Конституцияда Қазақстан парламенттік республика ретінде көрсетілген. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды. Осылайша, 55 бапқа 1 100-ден астам өзгеріс енгізілді. Негізгі түзетулердің ішінде парламент билігін президентке беру, екі палаталы парламент – сенат пен мәжілісті құру, заң шығару функциясын үш институт – президент, үкімет пен парламент арасында бөлу, президентке сенаттың 7 депутатын тағайындау өкілеттігін беру, бір адамды қатарынан екі реттен артық президенттікке сайламау бар.

1995 жылғы Конституция 95 баптан тұрған. Артынан оған бес рет өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде баптардың саны 98-ге дейін жетті.

Ата заңға 1998 жылы да өзгерістер енгізілді. Ол жылы 19 бапқа өзгеріс енгізіліп, президенттікке үміткер адамның жас шегі 40-қа дейін көтерілді. Дәл осы жылы президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаса не кетірілсе, оның өкiлеттiгi көшетін лауазымды тұлғалардың қатарына мәжiлiс төрағасы да қосылды.

2007 жылы енгізілген өзгерістер ішінде Конститутцияға 30 өзгеріс енді. «бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген тармаққа «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосылды.

Сондай-ақ дәл осы жылдан бастап ел президентіне сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін тағайындау секілді қосымша өкілет берілді.

2011 жылғы өзгерісте Ата Заңда «Елбасы» мәртебесі енгізілді. Ал 2017 жылы Конститутцияның 91-бабына «… тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген сөйлем қосылды.

2019 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты. Орнына Қасым-Жомарт Тоқаев президент болды. Артынша ел астанасының атын Астанадан Нұр-Сұлтан деп өзгерді. Бұл Ата заңда да өзгерді.

Референдумнан кейін Ата Заң қалай өзгереді?

Республикалық референдум нәтижесінде Ата Заңның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Ол үшін бірнеше түзетулер халық тарапынан қолдау табуы қажет:

  • Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесін алып тастау;
  • президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кірмеуі;
  • Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне партия мүшесі болуға тыйым салу;
  • президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға шектеу қою;
  • сенаттағы президент квотасын 10 депутатқа дейін азайту;
  • мәжіліс депутаттарын 98-ге дейін қысқарту;
  • төменгі палатаны пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайлау;
  • Конституциялық сот құру;
  • өлім жазасын толығымен жою.

Сондай-ақ президентте аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құзыреті болмайды. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері мәслихаттың келісімімен тағайындалады. Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. 

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі түзетулерге қатысты ойы мен ұсыныстарын Қазақстан халқына жолдауында, бірқатар жиында айтты.

Сондай-ақ оқыңыз