Мамыр айында инфляция 14 пайызға жетті
Мамыр айында инфляция 1,4%-ға өсіп, жылдық 14%-ға жеткен. Азық-түлік тауарлары бағасы былтырғы мамыр айымен салыстырғанда 19%-ға өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,9%-ға, ақылы қызметтер 9,1% қымбаттаған.
Соның ішінде қант бағасы қатты көтерілді. Бір жыл ішінде құмшекер 60-пайыздан аса қымбаттаған. Жеміс-жидек пен көкөніс, ұн мен сүт бағасы да аспандап барады.
«Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Біз жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтер мен баға өзгерісін бақылаймыз. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі», деп түсіндіреді баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Оның айтуынша, 2022 жылғы мамырда (2021 жылғы мамырға) азық-түлікке жатпайтын тауарлардың баға өсімі 11,9% құрады. Баға деңгейі тұрмыс құралдарына – 20,2%, жеке қолданылатын тауарларға – 19,5%, жуу және тазалау заттарына – 17,5%, құрылыс материалдарына – 17,2%, автомобильдерге– 16,3%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 13,3%, тоқыма бұйымдарына – 9,4%, фармацевтикалық өнімдерге 8,7% өсті.