ҚДБ қаржыландыратын жобаларының негізгі иесі жайлы ақпаратты ашық жариялайтын болды

Жарияланды
Даму банкінің жұмысы өзгереді

Қазақстан Даму банкі қаржыландыруға өтініш берген компаниялар кімге тиесілі екенін, соңғы бенефициары кім екенін ашық жариялайтын болды. Бұндай шешімді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қабылдаған. Банктің кредит саясаты жөніндегі меморандумға енгізілетін өзгерістер бекітілді.

Осы өзгерістерге сәйкес, қаржыландыруға өтінім бергенде әлеуетті өтініш беруші ҚДБ-ға, соңғы бенефициарларды қоса алғанда, заңды тұлғаның бүкіл иесі туралы ақпаратты ашу құқығын береді. Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін ҚДБ негізгі қаржыландыру шарттары мен жоба бойынша жалпы мәліметті ашуға құқылы болған.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаковтың айтуынша, ҚДБ банктік құпия туралы заң аясында әлеуетті және Банкпен шарт жасаған клиенттер туралы мәліметтерді аша алмаған.

«Бұл норманы енгізу бізге қарыз алушылармен жұмыстың кез келген кезеңінде – өтінім қарауға келіп түскен сәттен бастап мақұлдауға немесе қаржыландырудан бас тартуға дейін ашық болуға мүмкіндік береді» деп атап өтті Руслан Искаков.

Бұдан бөлек, Банк тарапынан қаржыландыру тыйым салынған салалар тізіміне өзгерістер енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жобаларды жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ қаржыландыруды тікелей тарту мүмкіндігінің болуына байланысты дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде Қазақстан Республикасына тиесілі заңды тұлғалар үшін қаржыландыру берілмейді. Тек өзге кредиторлардың қатысуымен, яғни халықаралық қаржы институттарын қоса қаржыландыру немесе синдикатталған қаржыландыру кезінде ғана бірыңғай ерекшелік жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жобалар экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) қағидаттарына сәйкес келуі тиіс.

«ҚДБ жеке секторды дамытуға баса назар аударатын болады. Біз мемлекеттік компаниялармен жұмыс жасауға нысаналы түрде шектеу қойдық, өйткені олардың біздің қатысуымызсыз тікелей қаржыландыруды тарту мүмкіндігі бар» деп түсіндірді Руслан Искаков.

Тағы бір маңызды өзгеріс – ендігі кезекте жекеменшік компаниялардың міндеттемелері бойынша қамтамасыз етілетін кепілзат ретінде мемлекеттік мүлік қабылданбайды, ал жобаларды іріктеу кезінде өтініш берушілерге олардың жобалары шеңберінде сатып алулар рәсімдерінің ашықтығын күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсыну талабы қойылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз