Назарбаевтың туыстарын қамау мерзімі ұзартылды
Олар тағы бір ай қамауда болады
Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдының қамауда ұстау мерзімін ұзартты. Бұл туралы Kursiv.media сайтына Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, 8 маусымда сот күдікті Боранбаевқа қатысты қамауға алу түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты. Сол күні Қайрат Сатыбалдының мерзімі бір айға ұзартылса, оның бұрынғы әйелі Гүлмира да 7 маусымда бір айға қамауға алынды.
Қайрат Сатыбалды 13 наурызда ұсталды. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. 15 наурызда кәсіпкердің екі айға қамауға алынғаны хабарланған болатын. 12 сәуірде Сатыбалданың бақылауындағы Skyline Investment Company S.A. мен «Алатау Капитал Инвестмент» ЖШС «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8%-ын республикалық меншікке өтеусіз берді.
Наурыз айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсталған Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды бюджеттің 747 миллион теңгесін жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.