Қазақстанның қай өңірі ең лас? Қалдықтарды сұрыптау қалай өзгереді?
Қазақстанда 45 өнеркәсіптік қаласында ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелген. Экологтардың айтуынша, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалаларындағы атмосфера тазалығы сын көтермейді. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зульфия Сүлейменованың айтуынша, республика қалаларында атмосфералық ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады.
Алматы мен Нұр-Сұлтанда ластанудың басым бөлігі жылу көздерінен (ЖЭО, қазандықтар), автокөліктен және жеке сектордан болады. Өскемен мен Теміртауда эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ақтөбе мен Атырауда жоғары ластанудың себебі ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары екен.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» постулатын ұстана отырып, экологияның өзекті мәселелерін шешу бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен талқылау жүргіздік. Нәтижесінде 16 жол картасы қабылданды. 485 іс-шара қарастырылған. 2020-2022 жылдың I тоқсаны аралығында жоспарланған іс-шаралардың 50 пайыздан астамы орындалды. Біз осы жол карталарын өзектендіру қажеттілігі бар екенін көріп отырмыз. Жұртшылықты белсенді қатысуға шақырамыз. 2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз» деді спикер.
Бұдан басқа, 7 кәріздік-тазарту құрылысы мен 24 жаңа полигон салу, 12 КТС қайта құру және жаңғырту, сондай-ақ ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою қарастырылған. Сонымен қатар былтыр «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданды. Оған 2025 жылға дейін эмиссияларды 20-30 пайызға төмендету бойынша ірі қалалардағы 16 ірі өнеркәсіптік объектінің іс-шаралары да енген.
Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. 2021 жылы шамамен 4,2 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, соның 21,1 пайызы қайта өңделген. Осы жылдың қорытындысы бойынша ТҚҚ өңдеу үлесі 24 пайызға дейін жеткізілмек. Қайта өңдеу мәселесінде оң динамика бар, бірақ облыстардағы жағдай әртүрлі. Республика бойынша 204 қала мен ауданның 134-інде бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді.
Экологиялық кодекс шеңберінде қалдықтарды мемлекеттік реттеу, атап айтқанда қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау, сондай-ақ қалдықтардың барлық түрлерін жинауды, сұрыптауды, тасымалдауды, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын субъектілер үшін хабарлама жасау тәртібі енгізілді.
«Біз үшін нарықта кім бар екенін түсіну өте маңызды болды, өйткені қоқысты шығарады, төгеді, кетіп қалады. Хабарлама тәртібі осы қызмет түрімен айналысатындарды анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша лицензияны 60-қа жуық ұйым алды, ал хабарлама режимі шеңберінде 290-нан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында қалдықтарды қауіпсіз басқаруды ұйымдастыру үшін негіз жасалды, атап айтқанда, «құрғақ» және «дымқыл» фракциялары бойынша қалдықтарды бөлек жинауға қойылатын талаптар белгіленді; қалдықтарды түгендеу бойынша есептілік оңтайландырылды, бұл қалдықтардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді: жаңа есептілік қалдықтар кімге берілді деген тұлғалардың деректемелерін қамтиды» деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар жаңа экология кодексі шеңберінде қалдықтарды ұйымдастыру және басқару жөніндегі функция әкімдіктерге жүктелген, олар тиісті өңірде қалдықтарды басқару жөніндегі кешенді тәсілді қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама шеңберінде бекітілуі және қозғалуы тиіс.
2018 жылдан бастап Экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп елді мекендер аумағында қалдықтарды орналастыру орындарының мамыр айынан қыркүйек айының соңына дейінгі ғарыштық мониторингін жүргізіп келе жатыр. Бұл жұмыс әр өңірдегі стихиялық қоқыс орындарын жою жөніндегі қызметке бақылауды күшейтуге көмектеседі.
«2021 жылы космомониторинг қорытындысы бойынша 7328 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орны анықталды, оның 89% жойылды. Анықталған стихиялық қоқыстардың ең көп саны Қарағанды облысында, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Полигондардың көп бөлігі жойылды. Маңғыстау облысында жою жұмыстары нашар жүргізілді – 59 пайыз. 2022 жылдың мамыр айынан бастап ғарыштық мониторинг аясында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау жұмыстары басталды. Мамыр айының басынан бүгінгі күнге дейін 1,5 мыңға жуық рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Осы суреттердің қорытындысы бойынша жою кестесі әзірленетін болады» деді спикер.