«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шықты
«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы 20 маусымда Алматы облысының Байсерке станциясында жұмысын бастады. Бұдан әрі құрам жаңадан құрылған Жетісу облысына барып, шалғай станциялар мен разъездерде жұмысын жалғастырады.
«Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке жүгінуге мүмкіндігі жоқ еліміздің шалғай станциялары мен жақын жердегі ауылдардың тұрғындарын тегін медициналық тексеру және диагностикалау. Пойыз 2022 жылдың 20 маусымы мен 2 қарашасы аралығында еліміздің 67 шалғай станциясына барады: Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары, сондай-ақ үш жаңа облыс – Жетісу, Абай және Ұлытау да тізімде бар.
Бүгінгі таңда «Саламатты Қазақстан» – жоба бойынша екінші пойыз, сондай-ақ 23 мамырдан бастап «Жәрдем» медициналық пойызы еліміздің шалғай аудандарында тегін медициналық көмек көрсете бастады. «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігерлердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық емшара 18 000, шағын хирургиялық операция 1 200 болса, 8 000 адамға стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтіліп отыр.
Медициналық персоналдың құрамы әртүрлі бейіндегі білікті мамандардан тұрады: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері. Биыл медицина мамандарының құрамына психолог және дерматовенеролог қосылды, жобаға барлығы 36 маман қатысады. Дәрігерлер бригадасы халыққа барлық қызметті тегін көрсетеді.