Әуе билетін ауыстырғанда не қайтарғанда нені ескеру керек?

Жарияланды
Әуе билетін ауыстырғанда не қайтарғанда нені ескеру керек?

Жаз келсе, көпшілігі еңбек демалысын алып, түрлі жоспар құрып қояды. Пандемиядан кейін шетел шекарасы ашыла бастаған соң, халықаралық рейстерге болсын, ел ішіндегіге болсын билетке сұраныс өседі. Дегенмен жоспар кейде орындалмай, өзгеретіні бар. Мұндайда алдын-ала алынған билетті қайта өткізу туралы ойланамыз. Немесе басқа күнге ауыстыру қажет болады. Әуе билеттерін қайтару процесінде сіз білмейтін біраз нәрсе бар. Бүгін осы тақырыптағы сұрақтарға жауап береміз. Жалпы алғанда әуе билетін өткізуге немесе датасын ауыстыруға болатыны не болмайтыны, қанша ақшаңызды ұстап қалатыны сіз алған тарифке байланысты. Сондықтан билет алған кезде брондамай тұрып тариф шарттары мен ережелерін шолып шығу керек. Ұсақ-ұсақ қаріппен жазылғаннан бәрін оқып шыққан артық болмайды. Төменде көпшіліктің ойында жүрген бірнеше сауалға қысқа да нұсқа жауап әзірледік.  

  • Ұшақ билетінің ақшасын қайтаруға бола ма?
  • Жоғарыда айтқандай, барлығы сатып алынған тарифке байланысты. Кейде тіпті қайтарымсыз билеттің де ақшасын кері алуға болады. Мәселен, ауырып қалып бара алмайтын болсаңыз. Кей тасымалдаушылар қандай тарифпен алғаныңызға қарамастан алған сәттен бір тәулік өтпеген болса, тегін ауыстырып не қайтаруға рұқсат береді.
  • Билетті өткізу немесе ауыстыру үшін не істеу керек?
  • Сатып алған жеріңізге барыңыз: әуе компаниясына, делдал агенттік кассасына. Барынша ертерек өткізген не ауыстырған дұрыс. Себебі ұшатын күн жақындаған сайын қайтарып алатын ақша азаяды. Ал тіркеу уақыты өтіп кеткен болса, тіпті күйіп кетуі мүмкін.
  • Электрон билетті қалай ауыстырып немесе қайтара аламыз?
  • Бұл оңай. Қайтару не датасын ауыстыру әп-сәтте. Бар болғаны қай сайттан алсаңыз, соған кіресіз. Сол жерде қайтару функциясы тұрады.
  • Қандай билеттер қайтарымсыз саналады? Қай билетті өткізуге болады?
  • Көбіне бағасы қымбат билеттерді өткізіп, ақшаны толық қайтаруға болады. Сол сияқты ұшатын күн мен қаланы да ауыстыруға мүмкіндік бар. Ал енді арзан билет алсаңыз, ол жерде көбіне қайтару не ауыстыру мүмкіндігі болмайды. Кей билетті қайтаруға болмаса да, үстіне сәл ақша қосып басқа күнге ауыстыруға рұқсат етіледі. Пандемия кезінде әуе компаниялары бронды өзгерткені үшін төленетін алымды азайтып не мүлдем алып тастады. Енді бірі жолаушыларға ваучер беріп жатты. 
  • Тариф ережелері қай жерде жазылып тұрады?
  • Егер билетті сатып алып қойған болсаңыз, электрон поштаға келген маршрут-квитанциядан көре аласыз. Ол жерде ережелер қысқаша жазылуы мүмкін. Айталық, «билетті қайта рәсімдеу рейс уақытынан 48 сағатқа дейінгі мерзімде ғана мүмкін. Өзгеріс енгізген жағдайда алымдар ұсталады және билеттердің айырмасы алынады» деп тұруы мүмкін. Осылай қысқа жазылса, әуе компаниясының не делдал агенттіктің сайтынан шарттар мен сомаларды қарап алыңыз. Болмаса, қолдау қызметіне хабарласып, сұрап алсаңыз болады.  Ал билетті әлі алмаған болсаңыз, брондамай тұрып «Тарифтер ережесін» (Fare rules / Terms and conditions) қарап шығыңыз. Ауыстыру немесе қайтару (Changes & cancellation policy / Flights changes, cancellations and refund) ережелері көбіне бөлек бөлім болып тұрады. Егер тариф ережелері ағылшынша жазылса, назарыңызға қысқаша сөздік ұсынамыз.
  • REFUNDABLE — қайтарылатын билет;
  • NON-REFUNDABLE — қайтарымсыз билет;
  • TICKET IS NON-REFUNDABLE IN CASE OF NO-SHOW — жолаушы тіркеу аяқталғанша келмеген болса, немесе әуе компаниясына ұшпайтынын хабарламаса билетті қайтаруға болмайды;
  • CHANGES / CANCELLATIONS PERMITTED, FEES APPLY — билетті ауыстыруға не қайтаруға болады, бұл қызметтер үшін ақы алынады;
  • NOT PERMITTED — рұқсат жоқ;
  • CHARGE 100 EUR — алым 100 еуро.

Билетті өткізіп, ақшаны кері алу үшін не істеу қажет?

  1. Ең біріншіден, созып жүріп алмаңыз. Уақыты жақындаған сайын қайтарған кезде беретін сома азая береді. Айтқандай, көп әуе компаниясында 24 сағат ережесі деген бар. Яғни осы уақыт ішінде кез келген билетті қайтарып, соманы толық алуға болады. Әрі кетсе, бронь үшін алым төлеуіңіз мүмкін. Мұндай мүмкіндік easyJet, Finnair, Emirates, Air France және British Airways сынды халықаралық әуе компанияларында бар. Бұдан бөлек, қосымша талаптар да болуы мүмкін. Айталық, ұшуға бір аптадан артық уақыт қалған болса сатып алған күні кері қайтаруға болады. Немесе белгілі бір маршруттар бойынша ғана өткізуге болады дегендей. Сонымен қатар, кей компаниялардың ережесінде сол күні сағат 00:00-ге дейін ғана қайтара аласыз деп тұрады.  
  2. Қайтарымның қандай түрі екенін анықтап алыңыз. Мысалы, амалсыздан өткізуге мәжбүр болатын кездер болады. Яғни сізде немесе әуе компаниясында форс-мажор болған кезде. Еркіңізден тыс өткізуге мәжбүрлейтін кездер деп саналады, егер сырқаттанып қалғанда, отбасыңыздың мүшесі қайтыс болса, рейс қатты кешіксе немесе ұшпайтын болса. Ал енді өз еркіңізбен қайтарғыңыз келсе, ақшаңызды тариф ережесіне байланысты қайтарады. Ерікті деген сіздің жоспарыңыз өзгеріп, ұшпайтын болып қалған кез. Егер қайтарымсыз болса, онда алымдар мен салықтың ақысын ғана қайтарады. Нақты соманы әуе компаниясынан біліп аласыз. Бүгінде мобайл қолданбалар арқылы алғанның тиімді тұсы сол — қайтарған кезде қанша ақша қайтатынын да есептеп береді. 
  3. Билетті өткізген тиімді ме, жоқ па алдын-ала біліп алыңыз. Ол үшін тариф ережесін толықтай оқып шығу керек. Ол жерде қайтаруға бола ма, алымдарды ұстай ма жазылып тұрады. Ақысын да есептеп, оған бола уақыт шығындауға тұра ма соны анықтап алыңыз. Әуе компаниясынан хабарласып, басқа қандай жолдарын ұсынатынын біліп алған жөн.  
  4. Ережені оқып шыққан соң, қайтару процесін бастаңыз. Билетті қайдан алсаңыз, дәл сол жерге барасыз. Ұшпайтыныныңызды айтып, билет ақысын қайтаруға өтініш жіберіңіз. Интернеттен алсаңыз, ерікті түрде бас тартамын деп таңдайсыз. Жеке кабинетіңізден тапсырысыңызды тауып алыңыз. Содан кейін «Қайтару» (Cancel my booking and request a refund) дегенді басыңыз. Бірнеше жолаушы болып баратын болсаңыз, жоспары өзгеріп жатқан адамды таңдаңыз. Одан соң қайтарғанда берілетін соманы қарап алып, «Келісемін» дейсіз. Бұдан кейін бәрі автомат түрде рәсімделіп, сізге бір жауабы беріледі. Айтпақшы, кей әуе компаниялары қайта брондау немесе қайтару үшін ақша алады. Яғни кеңседе немесе қолдау қызметі арқылы жасаған болсаңыз. Ал енді сайттан өзіңіз істесеңіз, бір тиын да алмауы мүмкін.  
Сондай-ақ оқыңыз