Қазақстандық ірі компанияларға қалай жұмысқа тұруға болады?

Жарияланды
27-29 маусым бос жүмыс орындары онлайн-жәрмеңкесі өтеді

Қазақстанның ірі команиялары 27-29 маусым күндері жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындары  онлайн-жәрмеңкесіне қатысады. Электронды еңбек биржасында қазақстандық компаниялардың HR-менеджерлері өз мекемесін таныстырады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатысуға құқылы. Ол үшін Enbek.kz порталында тіркелу қажет, деп хабарлайды ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Тіркелу үшін порталдың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, өтінім беру керек. Онда жәрмеңкеге қатысу ережелерімен және бағдарламасымен танысуға болады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс берушілер онлайн-таныстырылым өткізіп, өздерінің компаниясы, еңбек жағдайы, бос жұмыс орындары және өзге де ақпарат туралы айтып береді.

Жәрмеңкеде 1300-ден астам бос жұмыс орнын Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының құрамындағы компаниялар, «Каспи Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Евразия групп Қазақстан»  ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС және басқа да компаниялар ұсынады.

Қатысушылар компаниялардағы бос орындарға  қызығушылық танытқан жағдайда түйіндемесін жібере алады. Сондай-ақ, алдын ала  өтінім бойынша қатысушылардың тізімі жасалады, олар компанияның HR-менеджерімен онлайн сұхбаттаса алады.

Электронды еңбек биржасындағы жәрмеңке жұмыс іздеушіге жұмыс табуды жеңілдетеді. Ал жұмыс берушілерге бос жұмыс орнына лайықты қызметкер табуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз