Брокермен жұмыс кезінде тәуекелді қалай азайтуға болады?

Жарияланды
Барлық тәуекелді саралап көріңіз

Азаматтар қор биржасында бағалы қағаздармен мәміле жасауды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар кәсіби инвестициялық делдалдарға жүгіну арқылы ғана жүзеге асыра алады. Олар клиенттермен жазбаша түрде жасалған шарт негізінде жұмыс істейді. Fingramota.kz брокерлермен қалай өзара іс-әрекет жасау және брокерлік қызмет көрсету туралы шартқа қол қоймас бұрын не нәрсеге назар аудару керегін айтып береді.

Инвесторлар мен биржа арасындағы делдалдар

Қор биржасы өз клиенттеріне инвесторлар мен эмитенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпараттың барынша көп саны ашылатын бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасасудың ең ашық, технологиялық және нормативтік регламенттелген тәсілін қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды сатуға арналған орталықтандырылған алаң болып табылады. Қазақстанда мұндай сауда алаңы KASE – Қазақстан қор биржасы болып табылады.

Биржада сатылатын ең танымал және кең таралған бағалы қағаздар – бұл акциялар мен облигациялар.

Акция – бұл бағалы қағаз түрінде ұсынылған компания капиталындағы үлес. Облигация борыштық құрал болып табылады, оның шарттары депозиттер мен кредиттер сияқты қайтарымдылық, ақылылық және мерзімділік қағидаттарына негізделеді. Акциялар мен облигациялардан басқа, қор нарығында форвардтар, фьючерстер, опциондар және басқалар сияқты басқа да қаржы құралдары бар.

Биржа инвестормен тікелей араласпайды. Олардың арасында делдалдар бар – бұл реттеушінің тиісті лицензиясы негізінде брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын және KASE мүшелері болып табылатын ұйымдар. Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызмет «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, Брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, брокер өзінің клиенті есебінен және оның мүддесі үшін уәкілетті органның лицензиясы негізінде және брокер мен клиент арасында брокерлік қызмет көрсету туралы тиісті шарт жасау талаптарымен бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға құқылы.

Егер сіз брокермен шарт жасауға шешім қабылдасаңыз, сізге, бірінші кезекте, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.gov.kz интернет-ресурсында осы брокердің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының бар екендігін тексеру қажет. Брокердің атауы және деректемелері қаржы реттеушісінің сайтында көрсетілген атаумен және деректемелермен нақты сәйкес келуге тиіс.

Брокерлік шартта не маңызды?

Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында тиісті мерзімге жазбаша нысанда брокерлік қызметтер көрсету туралы шарт (брокерлік шарт) жасасудан басталады.

Брокердің ұсынылатын қызметтер үшін тарифтерін (комиссияларын) қоса алғанда, брокерлік шарттың мазмұны мен талаптарын клиент мұқият зерделеуге тиіс.

Сіз қол қойғалы отырған шарттың әр тармағын мұқият зерделеу сіздің инвестицияңыздың сақталуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екендігін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, брокерлік шарттың мазмұнында брокерге клиенттік тапсырыстарды беру тәсілдерін, брокердің клиенттік тапсырыстарды қабылдауын растау тәртібін, брокердің клиентке тапсырыстардың орындалуы туралы есептерді беру тәртібін, сондай-ақ брокерлік қызметтерді көрсету процесінде клиентке тиісті хабарламаларды жіберу тәртібі мен мерзімдерін көрсетудің болуына назар аудару қажет.

Сондай-ақ, Брокерлік шарт тараптардың келісімі бойынша брокердің электрондық қызметтер көрсету тәртібін де қамтуы мүмкін. Брокер бұл қызметтерді брокердің сауда платформасындағы клиенттің жеке кабинеті арқылы ұсынады. Брокер клиентке шартта және (немесе) брокердің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен электрондық қызметтерді, жеке кабинетті және сауда платформасын пайдаланудың толыққанды нұсқаулықтарын ұсынады.

Өз тәуекелдеріңізді азайту үшін брокермен өзара іс-әрекет жасау кезінде қандай жағдайларды ескеру керек?

  • Ақшаны брокерлік шотта ұзақ уақыт ұстамаңыз

Бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне ие болу үшін шарт жасалғаннан кейін клиент брокерге белгілі бір соманы беруге тиіс, ол былайша айтқанда «арнайы брокерлік шотқа» аударылады. Бұл шот кейіннен биржаның сауда жүйесіне бағалы қағаздарды сатып алуға және сатуға өтінім берген кезде пайдаланылады. Брокерлер әр клиенттің қаражатын есепке алады. Клиенттердің активтері брокердің меншікті активтерінен оқшау сақталады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес брокерге клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын клиенттің тиісті жазбаша рұқсатынсыз өз мүдделеріне немесе үшінші тұлғалардың мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, брокерге клиенттің бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге тыйым салынады.

  • Барлық тәуекелді саралап көріңіз

Брокерлік шартта клиентке ұсынымдар беру тәртібі, сондай-ақ берілген ұсынымдар үшін брокердің жауапкершілігі болуы мүмкін.

Брокер клиентке брокерлік қызмет көрсету процесінде ұсынатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы ұсынымдар негізделген, айқын және клиент үшін түсінікті болуға тиіс. Бұл ретте мәміле жасауға клиенттік тапсырыстың өзі брокердің осы клиенттік тапсырысқа сәйкес қаржы құралдарымен мәміле жасау жөніндегі ұсынымның болуы туралы белгісін қамтуға тиіс.

Егер брокердің ұсынымы бойынша мәмілені орындау мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соқтырса, брокер клиентке мәміле жасау нәтижесінде оған келтірілген залалды және брокерлік шартта белгіленген айыпақыны төлеуге тиіс.

Осылайша, клиент брокерден алған барлық ұсынымдарды клиенттің өзі ойластырылған инвестициялық шешім қабылдау үшін мұқият талдауы керек.

  • Олармен танысып шықпай, қосымша шарттарға қол қоймаңыз

Брокер сізге атауы бірдей «серіктес» шетелдік компаниямен шартқа қол қоюды ұсынатын жағдайлар болады. Мұндай ұсынысты қабылдау өте қауіпті. Егер сіз шетелдік брокермен келісім жасасаңыз және ол сіздің құқығыңызды бұзса, сізге өз мүдделерңізді оның тіркелген елінде қорғауға тура келеді. Өкінішке орай, қазақстандық қаржы реттеушісі, құқық қорғау органдары мен сот сізге көмектесе алмайды.

  • Өз брокеріңізбен әрқашан байланыста болыңыз

Барлығынан хабардар болу үшін өзіңіздің брокерлік шоттарыңыз бен депо шоттарыңыздың жай-күйі туралы үзінділерді жүйелі түрде сұратып отырыңыз. Өз инвестицияларыңызды қадағалаңыз, өзіңіз онымен брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасаған ұйымның сайтын, сондай-ақ инвестиция тақырыбы бойынша маңызды жаңалықтарды жіберіп алмау үшін қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтын және www.fingramota.kz оқыту интернет-порталын тұрақты түрде қарап отырыңыз.

          Сондай-ақ, бұл жаңалықтар «Fingramota Online» мобильдік қосымшасында беріледі, аталған қосымшаны өз гаджетіңізге App Store және Play Market дүкендерінен тегін жүктеп алсаңыз болады. Сонымен бірге «Fingramota Online» қосымшасының веб-нұсқасы http://online.fingramota.kz/ru сілтемесі бойынша да қолжетімді.

  • Пайда табатыныңызға кепілдік беретін делдалдарға сенбеңіз

               Қор нарығындағы инвестициялардың әртүрлі, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен байланысты екендігін есте ұстау керек. Сондықтан брокердің клиентке инвестициялар бойынша инвестициялық табыс табуға немесе залалдардың болмауына кепілдік беруге құқығы жоқ. Егер олар осылай жасайтын болса, демек сіз алаяқтарға тап болдыңыз. Олардың ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензиясын www.gov.kz сайты арқылы тексеру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз