Электронды еңбек шарты қалай жасалады?
Әдетте еңбек шарты десе, көз алдымызға жазбаша түрде жасалған құжат келеді. Десе де, кейінгі кездері электронды еңбек шарты да үлкен ауқым алып келе жатыр. 2019 жылдың шілдесінде сол кездегі премьер-министр Асқар Маминнің қаулысымен үкіметке Қазақстан Республикасындағы еңбек мәселелеріне қатысты заңдарға өзгеріс енгізуге қатысты заң жобасы ұсынылған еді. Ол жобаның ішіндегі заңнамалық актілер мен өзгерістер еліміздің Еңбек кодексіне тікелей қатысты болған. Сөйтіп жыл соңында бірінші оқылымнан кейін-ақ жақсы бағаланып, қабылданған. Сол өзгерістің ішіндегі жағымдысы — қажет құжаттарды электронды түрде рәсімдеуге, яғни электронды цифрлық қолтаңба қоюға мүмкіндік беру. Осылайша сол кезден бері жұмыс берушілер қызметкерлерімен электронды түрде еңбек шартын жасаса алатын болды. Әлбетте, дәстүрлі әдіс түбегейлі жойылып кетпейді. Десе де, қолайына қарай әркім таңдауға ерікті. Осы ретте электронды еңбек шарты деген не, оны қалай жасайды, қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар — сол туралы айтсақ.
Еңбек шартын электронды түрде жасау жолдары
Алдымен электронды еңбек шартын жасасудың жолдарынан бастайық. Ол үшін кәсіпкер Enbek.kz порталына кіріп, тіркеледі. Одан соң, авторизациядан өтіп, «Еңбек шарты» деген батырманы басады. Шыққан терезеге қызметкер туралы мәліметтерді жазады. Портал автомат түрде толтыратын тұстарды шығарып береді. Содан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, мемлекеттік органдарда тіркелгені туралы ақпаратты сұратып, жұмыс берушіге қызметкердің жеке іс-қағазын цифрлық форматта жасап береді. Одан соң дайын шаблонға сәйкес портал еңбек шартының дайын мекетін әзірлейді. Қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, алып-қосуға болады. Сонымен шарт жасау процесі тәмам. Бұдан бөлек, қызметкер өзінің жеке іс-қағазын қалаған кезінде қарай алады. Ол үшін аталған порталдағы жеке кабинетіне кіріп, еңбек шартының шаблонына электронды цифрлық қолтаңба қоя алады. Электронды еңбек шартын кәсіпорын өзінің цифрлық құжаттар мұрағаты сақталатын жүйесінде де жасауына болады. Дегенмен бұл жерде біршама қиындық туындауы мүмкін. Айталық, сол жүйені қолдануы үшін мекеме Еңбек шартының бірыңғай жүйесіне қосылған болуы керек. Сондай жағдайда ғана электронды еңбек шартының күші болып, еңбек шарттары жүйесінің реестрінде тіркеледі.
Жұмыс берушіге қолайлы тұстары
Әлбетте, ең бірінші кезекте мұның артықшылығы — шарт жасасу тәсілін жеңілдететіні. Өйткені барлық этап шығып тұрады, тек дұрыс толтыру ғана қалады. Жұмыс беруші бір уақытта екі тілде шартты тіркей алады. Бізде көбіне, мысалы қазақша және орысша жасалады. Портал жүйесі шаблонды аударуға өзі-ақ көмектесіп, барынша қате жіберудің алдын алады. Сонымен қатар, интернет-портал жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының заңнамаларына толықтай сәйкес келетін шаблонды ұсынады. Осылайша заңды тұрғыдан алып қарағанда да бәрі дұрыс болады. Кадрлық іс өндірісінің де процесі әжептәуір жеңілдейді. Порталда қызметкерлердің деректері атвомат түрде сақталып тұрады. Яғни жұмыс беруші кез келген кезде қызметкер туралы мәліметті демде таба алады. Бұл артықшылықтар мекемеге арналған.
Қызметкерге қолайлы тұстары
Ал енді қызметкер үшін қаншалықты қолайлы? Мұнда да бірнеше тұсын атап өту керек. Еңбек шартына сәйкес, ол жүйеде сақталатыны белгілі. Демек жұмыс беруші онда жазылған міндеттемелерді түгел орындауға міндетті. Барлығы заң аясында жасалған. Жүйе қызметкердің жұмысқа орналасу процесін есте сақтап қалатындықтан, оның еңбек өтілін де автомат түрде шығарып тұрады. Әдетте, кей адамдар еңбек кітапшасын жоғалтып алып, әр жұмыс орнына барып қалпына келтіріп жүруі керек болса, мына жерде барлық мәлімет сақтаулы. Сол жағынан өте ыңғайлы. Қызметкерлердің жұмысқа орналасу поцесі оңтайландырылған. Медициналық анықтама, куәлік, жоғары білім туралы диплом, түйіндеме, жеке деректер — бәрі жүйеде тұрады. Оны апарып, жинап жүрудің қажеті болмайды.
Кемшіліктері де жоқ емес
Әрине, жүйе істен шығуы да мүмкін. Себебі интернет-ресурстармен жұмыс істеген кезде желіде бірдеңе дұрыс болмай қалып жатады. Жылдамдығы аз болып, аша алмай қалуыңыз мүмкін. Болмаса, техникалық қателер де болады. Мұндай кезде қызметкер туралы ақпарат алу қиындайды. Дәстүрлі әдісте мұндай қауіп жоқ. Сөреден қажет құжатты тауып алып, жұмыс істей бересіз. Одан бөлек, адами фактордың кесірінен қате кететін тұстар болады. Толтырғанда қате мәлімет енгізіп жіберсе, оны дұрыстау қиынға соғуы мүмкін екенін есте ұстау керек. Демек, кадр бөлімі толтырған уақытта аса мұқият болуы керек деген сөз. Сонымен қатар, біз жиі жазатын фишиң мәселесін де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Себебі желіде хакерлер көп. Бір күні бұзып алса, бүкіл дерек желіге жүктеліп кетуі мүмкін. Дегенмен қауіптенемін деп жұмысты күрделендірмеген де дұрыс. Өйткені заман дамыған сайын осындай шешімдер қажет-ақ.
Бірыңғай жүйеге мәлімет енгізу және алу
Жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер немесе толықтырулар туралы ақпаратты Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізуге міндетті. Жұмыс беруші ЕШЕБЖ -ге кадрлық қамтамасыз етуді ЕШЕБЖ-мен интеграциялау арқылы немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы немесе ЕШЕБЖ -мен интеграцияланған еңбек шарттарын есепке алуды автоматтандыруға арналған басқа ақпараттық жүйелер арқылы ақпарат енгізеді:
- қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы
- еңбек шартына енгізілген өзгерістержәне (немесе) толықтырулар туралы
Еңбек шарты туралы міндетті мәліметтер
- тараптардың деректемелері: жұмыс берушінің — жеке тұлғаның ЖСН немесе жұмыс берушінің — заңды тұлғаның БСН, жұмыскердің ЖСН;
- белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс (еңбек функциясы);
- жұмыс орындау орны;
- еңбек шартының мерзімі;
- жұмыстың басталатын күні;
- шарттың жасалған күні және реттік нөмірі.
Еңбек шарты туралы қосымша мәліметтер
- жұмыс уақыты мен демалыс режимі;
- еңбек шартын қандай жағдайда бұзылатыны туралы ақпарат;
- әскери міндет.
Мәліметтерді жұмыс беруші немесе жұмыс берушінің актісі бойынша осы міндет жүктелген кадр бөлімінің бастығы ұсынады. ЕШЕБЖ-ге мәлімет енгізу мерзімі:
- жаңадан жасалған еңбек шарттары туралы — екі тарап еңбек шартына қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей; 2) қолданылу мерзімі аяқталмаған еңбек шарттары туралы:
- халық саны2000 адамға дейінгікәсіпорындар үшін— ереже күшіне енген күнненбастап 1 жыл ішінде;
- Саны 2000 адамнан асатынкәсіпорындар үшін — ереже күшіне енген күннен бастап 2 жыл ішінде;
- еңбек шартына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы — оларға екі тарап қол қойған күнненбастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
- жұмыскер жұмысқа қайта оралған жағдайда түзету туралы — қалпына келтіру күніненбастап 10 жұмыс күні ішінде;
- мәліметті дұрыс енгізбеген жағдайда қатені түзету туралы — бастапқы деректер енгізілген күнненбастап30 күнтізбелік күн ішінде;
- егер жұмыскердің және (немесе) жұмыс берушінің деректемелері қате енгізілгенболса, мәліметті жою — алғашқы жазба енгізілген күнненбастап 30 күнтізбелік күн ішінде;
- еңбек шартын тоқтату туралы — еңбек шарты бұзылған күнненбастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей.
ЕШЕБЖ-дан мәліметтер жеке және заңды тұлғаларға еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде жеке мәліметтер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып береді.
Мерзімді бұзса немесе деректерді көрсетпеген жағдайда не болады?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ЕШЕБЖ-ға мәліметтің енгізілмегені немесе уақытылы енгізілмегені үшін тікелей жауапкершілік жоқ. Осы талаптардың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары мемлекеттік бақылау шеңберінде жүзеге асырады. Әрі егер жұмыс берушілер ЕШЕБЖ -ге мәлімет енгізу бойынша өз міндеттерін орындамаса, жою мерзімі көрсетілген нұсқама беріледі. Мемлекеттік заң инспекциясының нұсқамасы орындалмаған жағдайда материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына жіберіледі.