Жұмыссыз қалған азаматтарға мемлекеттен қандай төлем қарастырылған?
2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты 51,4 мың адамға әлеуметтік төлем төленді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биыл бұл төлем 43,4 мың азаматқа алғаш рет тағайындалды. Kursiv.kz бүгінгі материалда жұмыссыздарға берілетін төлемақыны алу тәртібін түсіндіреді.
Жұмыссыз ретінде әлеуметтік төлемді кімдер алуға құқылы?
Елімізде ресми жұмыс істейтін азаматтар жалақысының 3,5 пайызын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отырады. Оны жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді. Жұмыссыз ретінде әлеуметтік төлем алу үшін қорға кемінде бір жыл ақша аударылған болуы керек.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру заңнамасына сәйкес, азамат жұмысынан айырылып қалса, қордың есебінен әлеуметтік төлемдер жасалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады. Бұл төлем жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны қолдауға арналған.
Әлеуметтік төлем қанша ай беріледі?
Жұмыстан босатылған адамдарға заң бойынша Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бір айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі екі жылдағы табысына байланысты болады. Бірақ бұрынғы жұмысындағы жалақысының 40 пайызынан кем болмауға тиіс.
Төлем мөлшері мына есеп бойынша қарастырылады: сіздің кейінгі 2 жылдағы орташа айлық кірісіңіз табысты ауыстыру коэффициентi ставкаларына — 0,3% және қатысу өтілінің коэффициентіне бөлінеді.
Қатысу өтілінің коэффициенті:
- 6 айдан аз — 0,1;
- 6 айдан 12 айға дейін — 0,7;
- 12 айдан 24 айға дейін — 0,75;
- 24 айдан 36 айға дейін — 0,85;
- 36 айдан 48 айға дейін — 0,9;
- 48 айдан 60 айға дейін — 0,95;
- 60 айдан жоғары — 1.0.
Жұмысынан айрылу жағдайындағы төлемдер келесіге тағайындалады:
- 1 айға — егер сізге жұмыс беруші 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар төлеген болса;
- 2 айға — 12 айдан 24 айға дейін;
- 3 айға — 24 айдан 36 айға дейін;
- 4 айға — 36 және одан көп айға дейін;
- 6 айға — егер жұмыстан қысқартылсаңыз, 36 және одан көп айға дейін әлемуеттік аударым жасалса.
Мысалы, жұмыссыз қалған адамның соған дейінгі жалақысы 150 мың теңге болса және сақтандыру қорына аударымдар 10 жыл бойы жасалса, онда оған жұмыссыз адам ретінде ай сайын 66 000 теңгеге дейін әлеуметтік төлем жасалады.
Тағы бір маңызды жайт, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге әлеуметтік төлемнің бұл түрі берілмейді. Өйткені бұл кезде сіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде есептелесіз.
Жұмыссыз қалған азамат төлемді қалай тағайындата алады?
Бұл төлемді алу үшін ХҚКО немесе EGOV порталы арқылы келесі құжаттарды жіберу керек:
- өтініш (http://zan.gov.kz/client/#!/doc/123756/kaz/504)
- жеке куәлік немесе қандастар үшін қандас куәлігі
- Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы.
Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін:
– eGov.kz порталында тіркелуі керек;
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» (https://egov.kz/cms/kk/services/job_search/pass034_mtszn) қызметін таңдауы қажет;
– онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жіберуі керек.
Бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 күн ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен ХЖҚО қызметкері хабарласады).
Егер жұмыспен қамту орталығы оқуға жіберсе — әлеуметтік төлемдер тоқтамайды. Егер жұмысқа орналасқан болсаңыз және жалақыңыз жүріп тұрса, кейін әлеуметтік төлем сотпен қайтарылып алынады. Сондықтан бәрі ашық әрі әділ болуға тиіс.
Электрондық еңбек биржасы арқылы төлемді қалай онлайн тағайындауға болады?
Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн режимде алуға болады. Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактив форматта МӘСҚ-нан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты. Бұл жұмыссыздарды тіркеу және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен жасауға болады.
Қазақстандықтар Электрондық еңбек биржасындағы «жеке кабинетінде» жұмыс іздеуші адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады. Сондай-ақ тіркеудің барлық кезеңін қадағалауға мүмкіндігі бар.
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар (әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар) онлайн-режимде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жібере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын – жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыстардағы бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді онлайн-режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, enbek.kz сайтында тіркелуі қажет.