Басшылықпен мәселелерді қалай талқылау керек?

Жарияланды
Талабыңызды тартымды жеткізу тәсілдері

Жұмыс болған соң, түрлі жағдай болады. Бір лауазымда ұзақ отырып қалсаңыз немесе айлық аз болса, басшылыққа талабыңызды білдіруге толық құқығыңыз бар. Көпшілігі «жоғары» жаққа әлдене деп айтуға беттемейді. Осы ретте басшыңызбен дұрыс диалог құрудың жолдарын білген артық болмайды. Бүгінгі материалымызда бастығыңызға талабыңызды қалай айтқан жөн — сол туралы айтамыз.

Күйзеліс себебі — жұмыстағы шектен тыс міндеттер

Адамда күйзеліс немесе эмоциялық жанып кету көп жағдайда жұмыспен байланысты болады. Өйткені күн сайын қайталатын сұрқай тіршілік қажытып жіберуі мүмкін. Энтузиазм деген жақсы, әрине. Бірақ оны да білдіретін орны мен реті болады. Шамадан асып кетсе, бірдеңе өзгерту керек деген сөз. Әсіресе, жұмыс уақытынан тыс кезде де шақырып алатын болса, сағат кешкі алтыдан әлдеқашан асып кетсе де, түн ортасына дейін отырғыза беретін болса, олай жалғаса бермегені жөн. Артық жұмыс істеудің денсаулыққа әжептәуір зияны бар. Мысалы күйзеліс дегеніміз — түрлі экстремал жағдайға ағзамыздың бейімделуге талпынысы. Ондай жағдайдың бірі осы шамадан тыс жұмыс, бастан асатын міндеттер, тым жоғары талаптарды айтуға болады. Заң тұрғысынан алып қарағанда, мұны еңбек жағдайын бұзу дейді. Ал психологтар мұны жеке шекараны аттау дейді. Бір-екі рет шамадан тыс жұмыс істеу әркімнің басында болады. Ал енді тұрақты түрде қайталана берсе, бұлай қалдырмаған дұрыс. Өйткені одан адам біртіндеп күйзеліске ұшырайды. Атап айтқанда, мазасыздық артып кетеді. Кез келген жағдайға адамға бейімделіп кету үшін бар ресурсын сарқиды. Егер азғантай дозада шығындалса, онда мәселені шешуге болады. Бірақ үнемі мазасыз күй кешіп жүру денсаулыққа кері әсер береді. Мазасыздықтан кейінгі кезең — қарсылық. Адам ағзасы мазасыз күй кешпес үшін күйзеліске төзуге тырысады. Сөйтіп өзіне ұнамайтын нәрселердің өзіне бейімделу үшін бұрынғыдан бетер күш жұмсайды. Әлгі күйзеліс көзі болған нәрсе әрмен қарай да адамға әсер ете беретін болса, адам түгесіліп, сарқыла бастайды. Яғни ұзақ уақыт шыдаудың соңы осыған апарады. Бойдағы бүкіл ресурс бітіп, ақыры денсаулығында кінәрат пайда болады. Ондайды болдырмас үшін басшылықпен дұрыстап сөйлесу керек. Күшіңіз азайып бара ма, бірден ашық диалог құрыңыз.

Заң және әдеп шеңберінде сөйлесіңіз

Ең алдымен, сізде еңбек шарты барын ұмытпаңыз. Басшылықпен сөйлеселерде соны назарға алу керек. Бірінші кезекте, бастыққа кіріп, жағдайыңызды түсіндіріңіз. Жұмыс көлемі не уақыты қолайсыз ба, оны айтыңыз. Мысалы еңбек шарты бойынша 9:00 мен 18:00 аралығында, дүйсенбі-жұма деп тұр ма, сол графикке сай жұмыс істегіңіз келетінін айтыңыз. Тапсырмалардың осы уақытта берілуін сұраңыз. Бірден ашуланып, келісімшартты бетіне лақтырып жүрмеңіз. Компромиске келу жолын іздеңіз. Бұл екі тарап үшін де қолайлы. Жүгіңіз тым ауыр боп кетсе, бөліп істеуді қарастырыңыз. Бәлкім, сіз атқарып жүрген міндет шын мәнінде сіздікі болмай шығуы да мүмкін. Осыларды талқылап болған соң келісімге келе алмасаңыз, бұл жұмыс сіз үшін соншалық маңызды ма, денсаулық пен ментал саулықтан артық па — ойланып көріңіз. Адам көбіне өзіне деген сенімділігі төмен болғанда жұмыстан айырылып қалудан қорқады. Сөйтіп мазасыз күй кешіп жүре бергенім жақсы деген байламға келеді. Ал негізі бұл жерде өз-өзіңізді қалай бағалайсыз — соған көбірек бас қатырған дұрыс. Қай тұста мықтысыз? Өз пікіріңізді білдіргенде мықты аргументті қалай айтуға болады? Өзіңізге ненің қатысы бар, ненің қатысы жоқ екенін ажыратуды үйреніңіз. Сізді пайдаланып біреу жағдайын жасап алуды көздеп жүрген жоқ па? Осыларды саралап үйреніңіз.

Лауазымыңызды жоғарылатуды сұрағанда тұрған ештеңе жоқ

Басшылықпен келісуге болатын келесі мәселе — қызметте көтерілу. Кей адамдар он тіпті одан да көп жылдан астам уақыттан бері бір орнында жүре береді. Бұл көбіне адам бойындағы бүкіл құлшынысты жоқ қылып жібереді. Егер жұмысыңызды «беске» істеп жүрсеңіз және одан жоғары қызметке лайық екеніңізді білсеңіз, айтыңыз. Бұл жерде ештеңеден ұялудың қажеті жоқ. Кім де болсын жоғарырақ қызмет, көбірек жалақы алғысы келеді. Басшылықпен бұл тақырыпта сөйлесу — қалыпты жағдай. Мұндай әңгіме бастар алдында барлығын екшеп, өлшеп алуыңыз керек. Талап-өтінішіңізге қатысты аргументтерді әзірлеңіз. Қандай машықтарыңыз бар, компанияға қандай пайдаңыз тиді, қай салаға не қызметке ауысқыңыз келеді — бәрін ойластырыңыз. Әбден дайын болғанда басшының кабинетіне кіріп, айтыңыз. Қызметте көтеру туралы өтінішке басшылық не деді? Жоғарылатты ма, әлде қосымша жұмыс беріп жалақыңызды көтерді ме? Бәрін ашық сөйлесіңіз. Кей басшылар вакансия жоқ деп мақұлдамай қоюы да мүмкін. Болмаса, күте тұруды да ұсынатын кездер болады. Олай болса, арагідік өзіңіз жайлы айтып қойыңыз. Қысылудың керегі жоқ.   

Жалақы мәселесін де ашық талқылаңыз

Қызметтен бөлек, айлық көтеру мәселесі де өзекті. Әдетте, ең қиын тақырыптың бірі де — осы. Көпшілігі өзін лайықсыз санап, болмаса «мен туралы не ойлап қалады екен?» деп үндемей жүре бергенді құп көреді. Дегенмен осы жұмыс орнына еңбегіңіз сіңген болса, ұялатын несі бар? Өзіңізді жоғары бағалағаныңыз дұрыс. Әйтсе де, айлық көтеру тақырыбын талқылайтын кезде де аргументтерді жинақтаңыз. «Мен, мен едім, мен едім» дей бермей, нақты айтыңыз. Не үшін жалақыңызды көтеруді сұрап тұрсыз? Әңгімелесіп болып, соңында айлық сол күйі қалатын болса, себебін сұраңыз, келісімге келуге тырысыңыз. 

Жұмыстан сұрану туралы

Адам болған соң басымыздан небір жағдай өтеді. Кейде жақынымыз ауырып қалады, болмаса баламызға қарауымыз керек болып қалады. Осы сынды отбасылық жағдайлар туғанда да сөйлесіп, келісімге келудің реті болады. Ең алдымен, жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын ала аласыз. Болмаса, бір күн демалыс алып, оның есебін алдағы демалыстан рәсімдеуге болады. Не болмаса, демалыс күндері жасайтын болып келісе аласыз. Ол енді екеуара келісім кезінде белгілі болатын жайт. Өмірдегі түрлі жағдайда ашық диалог жасау арқылы мәселені оңай шешуге болады, соны ұмытпаңыз. Барынша шыншыл болыңыз. Кейде тіпті жалақысы сақталмайтын демалыс рәсімдетпей-ақ жіберетін кездер болады.  

Қызметтен кетерде ескеріңіз

Сөйлесуге ауыр тағы бір тақырып — жұмыстан шығу. Дегенмен карьерда деген бір жерден басталып, келесі жерден жалғасып тұрады. Сондықтан жұмыстан шығу туралы айту норма. Әй-шайсыз кетіп қала салмай, ашық сөйлесіп, айтып кетіңіз. Кез келген жұмыс орнында шама келгенде жақсы қарым-қатынас сақтап қалған жөн. Айғайласып кеткен нұсқа құпталмайды. «Не үшін кетіп бара жатсыз?», «Қандай да бір жағдай жасалса, қаласыз ба?» осы сауалдарға жауабыңыз дайын болсын. Шешіміңізді дұрыстап түсіндіріңіз. Басқаларға зияныңыз тимесін. Бір жобаны бастап алып, орта жолдан тастап кетуге болмайды. Кетерде барлық құжатты бір папкаға сақтап, тапсырып кетуіңіз керек. Орныңызға келетін адам үшін жақсы жағдай жасасаңыз артық болмайды. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, лайфхактарды бөліссеңіз болады. Бүгін айтып, ертең кетіп қалмаған жөн. Кемінде екі апта бұрын шешім қабылдап, басшылықпен сөйлесіп, 14 күндей жұмыс істеп барып кеткен абзал. Кеткеннен кейін де бастапқы кездері әріптестеріңіз сізден көмек сұрауы мүмкін. Бұған бола ашуланбаңыз, түсінуге тырысыңыз. Шама келгенше бағыт беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыз