Жыл басынан бері 4 қаржы пирамидасы тіркелген
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қазан» (котел) немесе «Қара касса» (черная касса) ойынының жарнамасы бар хабарламалар таралып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Оған қатысушыларға 14300 теңге салса және тағы екі адамды тарту үлкен табыс әкеледі деп уәде еткен, ІІМ Криминалдық полиция департаменті жоғарыда аталған факті бойынша тексеріс жүргізуде» дейді дереккөз.
Қаржы пирамидаларын құрғаны және басқарғаны үшін (ҚР ҚК 217-бабы) мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза қарастырылған. Ішкі істер органдары 2018 жылы — 103, былтыр 23 қаржы пирамидасын анықтады.
«Жыл басынан бері ішкі істер органдары қаржы пирамидаларын құрудың 4 фактісін тіркеді. Ескертулерге қарамастан, қазақстандықтар алаяқтықтың түрлі схемалы қақпанына түсуде. Мұндай құрылымдарды ұйымдастырушылар жаңа аңыз ойлап тауып, кәдімгідей тұсаукесер жасайды. Осылайша өзінің құқыққа қарсы қызметін кеңінен жарнамалайды. Ал жеңіл табыс тапқысы келген адамдар тез баюға ұмтылып, ойланбастан ақшасын бере салады», – деп атап өтті Криминалдық полиция департаменті.