Халықтың әл-ауқаты өспей жатыр. Біз неге ескі экономикалық модельден бас тартпаймыз?

Жарияланды
Соңғы бес жылдағы бюджеттің кіріс бөлігі шығыс бөлігінен айтарлықтай жоғары

Баға қымбаттап жатыр. Кей категориялар бойынша тауар тапшылығы да бар. Иә, бұл бізде ғана емес, өзге елдерде де болып жатқан құбылыс. Бірақ солай екен деп қол қусыруға тағы болмайды ғой. Өндірістік экономиканы өрістетуге, айналдырған аз халықтың табысын еселеп, тағдырын оң қырына қарай өзгертуге не кедергі?

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, тауар мен қызметтің бағасы шарықтады, ал тұтынушылық несие үлесі корпоративті кредиттеуден әлденеше есе асып түсіп жатыр (оны өзіміз де білеміз).

Сондай-ақ бюджет кірісі құрылымында шикізаттық салаларға деген айқын тәуелділік қалыптасқан. Соңғы бес жылдағы бюджеттің кіріс бөлігі шығыс бөлігінен айтарлықтай жоғары болып шыққан. 2021 жылы республикалық бюджеттің жеке кірісі бюджет шығындарының тек 60 пайызын жауыпты. Қалғаны Ұлттық қор трансферті есебінен өтелген.

Республикалық бюджет шығыны – ІЖӨ-нің 3 пайызы мөлшерінде және 1,4 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге өскен. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қарыз мөлшерінің 9-дан 21,9 трлн теңгеге дейін өсуіне алып келген. Сөйтіп ІЖӨ-дегі мемлекеттік қарыз үлесі 27 пайызды құраған.

Ведмоствоның хабарлауынша, Қазақстанның экономикалық моделі шикізаттық секторға негізделген, тиісінше өнім шығару және оны экспорттау үлесі төмен.

«Өнеркәсіп негізінен шикізат экспортына бағытталған. Өндірудің экстенсивті тәсілі және дер уақытында технологиялық модернизацияның болмауы жүйелік проблемалардың пайда болуына әкелді. Өнеркәсіптік аймақтарда шикізат қорының таусылуы, ірі өнеркәсіптерде физикалық және моральдық тозудың жоғары деңгейі байқалады», делінген министрлік құжатында.

Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасынан үлкен үміт күтетіндерін жасырмайды.

Жоба аясында осы жылға 1,8 трлн теңге қарастырылса, соның 709 миллиарды – бюджеттен тыс қаражат. 1 тамызға дейін аталған соманың 528 миллиарды немесе 30 пайызы игеріліпті. Жобаға қарап едік қаптаған бағдарлама – «Дипломмен ауылға», елдімекендерге ауыз судың жеткізілуі, жол инфрақұрылымы секілді ешқашан күн тәртібінен түспейтін, бірақ ешқашан түбегейлі аяқталып болмайтын мәселелер қамтылған.

Қуантыровтың қалай ойланатынын қайдам, біздің түсінікте экономика деген – өндіріс. Тау-кен өндірісі, мұнай өндірісі, газ өндірісін айтып отырған жоқпын. Олар Ұлттық экономика министрлігі болмаса да жұмыс істей беретін салалар. Оларды негізінен шетелдік акционерлер иеленген. Инвесторлардың алқауында. Өнімін сатып, салығын ғана бюджетке береді. Соның өзі біраз жыртығымызды жамап отыр. Мәселен, мұнай. Мұнай бағасы өссе біздің экономика да өседі. Өзге көзге көрсетіп айтар экспорттық тауарымыз да (шикізаттық сектордан басқа) жоқ. Бір КТК-ның өзі ақ біздің экономикамызды «жансақтау бөліміне» түсіруге қауқарлы екеніне көз жетті.

Әшейінде, таксистерді «саясат соққыш» дейміз. Бірақ солардың «біз өзі сіріңке де, дәретхана қағазын да шығармайды екенбіз ғой» дейтіні рас сөз. Біз ештеңе шығармаймыз. Шығарғанымыздың өзі нарыққа жетпейді. Таралмайды. Шыққан күнде де бәсекеге қабілетсіз. Шыққан күнде де қымбат. Неге? Ұлттық экономика министрлігі осындай сұрақтарға жауап іздеуі керек емес пе? Қуантыров, Қуантыровқа дейінгі қаптаған министрлер құрғақ баяндамаларды оқып, атауының өзі күлдібадам жобаларды елге таныстырудан жалыққан жоқ па?

Фейсбук әлеуметтік желісінде Абзал Досым есімді пайдаланушы өндіріс туралы сөз қозғап, қызғылықты пікір жариялады. Ол кедендік одақ құрылғалы тұрмыстық техника нарығында Ресей гегемониясы басталғанын айта келіп, ресейліктердің 1997-2000 жылдар аралығында бүкіл бренд өнімдерін Қытайда жасауға көшкенін жеткізеді.

«…қалтасында артық ақшасы бар Ресейдің коммерсанттары өз брендтерін тіркеп, Қытай зауыттарынан техника шығаруға кірісті. Ауылдағының аузы сасық дегендей, компанияны Еуропа елдерінде тіркеді. Сөйтіп нарыққа «Redmond», «Bork», «Scarlet», «Vitek», «Elenberg», «Rolsen», «Kaiser», «Vigor», «Akira», «Erisson», «Binatone», «Next», «Polar», «Mystery», «Prology» деген брендтер келді. Бұл компаниялар Австрия, Германия, Латвия, Литвада тіркелген. Мұндай гениалды маркетингті тек совет адамының психологиясын түсінген кәсіпкер ғана істей алады. Комерсанттар халықтың «импортный» тауарға деген сұранысын осылайша қанағаттандырды. Кедендік одақтың Ресейге тағы бір ұтымды тұсы Samsung, LG, Indesit, Shark т.б. әлемдік компаниялардың зауыттары Ресейде орналасты. Шаңсорғыштан бастап теледидар, кондиционерге дейін Ресейде құрастырылып, баж салығынсыз біздің елге сатылды. Бұған азық-түлік, фармацевтика, тұрмыстық химия, автокөлік саласын қосамыз. Тағы да құр тұтынушы болып қалдық» дейді.

Бұл ретте ол өзбекстандық AKFA group компаниясын да атап өтеді. Бастапқыда пластика терезе шығарумен айналысқан шағын кәсіпорын қазір тауарын әлемнің 21 еліне экспорттайтын алып холдинг. Рас, бізде мұндайдың иісі де жоқ. Алаулатып-жалаулатқан шағын және орта бизнестің шаруасын әлі күнге дөңгелете алмай отырмыз.

«Көрші Өзбекстан бізден озып кетті» деп еңірегім келмеген. Неге біз ең шалғайдағы ауылдардан бастап, қиырдағы вахтаны күзететін күзетшінің вагонына дейін тұратын тоқ шәйнек құрастырып сатпадық?! Мейлі Қытайдан әкеліп құрастырсақ та? Өзі үш-төрт детальдан ғана тұрады. Корпус, суды жылытатын ТЭН, қайнағанда өшіретін сезгі, тоққа қосатын сымы. Қытайдың өзінде де бөлшектерді өзгелерден алып, тек құрастырумен айналысатын фабрикалар бар. Қазақстан қашан бәсекеге қабілетті, шынайы экономика құра алады? Қаңтар оқиғасы да бұған қозғау сала алмай отырған сынды. Елге тұсау болып отырған не? Еркіндік пен шынайы бәсеке лебі жетіспей ме? Президент қаңтардан кейінгі жолдауында көп нәрсе айтты, бірақ кәсібін енді бастағысы келетіндер жөнінде жақ ашпады. Халықтың әл-ауқатын көтеретін Үкіметтің түрі болса мынау. Жұрттың жағдайы әлеуметтік төлемдерді өсіргеннен түзелмейді» деп ашына жазады сарапшы.

Енді ой келеді? Ұлттық экономиканы көтеру үшін не керек өзі? Министрлік құрып еді, оның ештеңені қарық қылар түрі байқалмайды. Азаматтар өздері кірісуі керек шығар. Шенділердің сөзін тыңдасаң басын айналады. Жылына миллиондаған жұмыс орнын құрамыз дейді. Шындап келгенде бірі де жоқ. Бар шығар, бірақ мардымсыз.

Зауыттардың бізде сән үшін, есеп үшін ашылатыны да әшкере болғалы қашан. Біз өзі кімді алдап жүрміз? Мемлекет ақыры үлкен экономикалық серпіліс жасай алмайды екен, онда неге кәдімгі қара нарық заңдылығын ресми заңдылыққа икемдеп, ұзынды-қысқалы, ірілі-ұсақты түрлі тұрмыстық техникалар, кәсіптік техникалар өндіретін зауыттарды салып тастамайды? Неге оларға салық жеңілдігін жасамаймыз?

Мейлі, сапасы Ресей мен Қытай өнімдерінен төмен-ақ болсын, бірақ солардың отандық дүкен сөрелеріне түсуіне жағдай жасамайды? Бәсеке бар жерде түбі сапа көрініс бермей ме?! Бір сәт 30 жыл бойы ұстанып келген экономикалық модельден бас тартып, тәуекелге неге бармаймыз?

Сондай-ақ оқыңыз