«Үй бағасы арзандайды».  Сыбыс қаншалықты шындыққа жанасады?

Жарияланды
2020 жылдың орта кезімен салыстырғанда қазір үй бағасы екі есе қымбаттаған

2022 жылдың бірінші жартысында елімізде пәтер бағасы 7 пайызға қымбаттаған. Баға өсімі мониторинг жүргізілетін 17 өңірде де байқалыпты. Krisha.kz мәліметі бойынша, ең қатты өсім Семейде тіркелген. Абай облысының орталығындағы пәтерлердің шаршы метр құны 16,4 пайызға қымбаттап, 349 020 теңгеге жеткен. Екінші орында – 12,1 пайыз өсіммен Ақтөбе қаласы (шаршы метр бағасы – 270 600 теңге). Үшінші орында – Павлодар. Мұнда 9,9 пайызға өсім тіркелген және шаршы метр бағасы 360 580 теңгеге жеткен.

Бірақ құрылыс компаниялары да, риэлторлар да қазір пәтерлердің былтырғыдай қарқынды өтіп жатпағанын айтады. Тұтынушылар тарапынан сұраныс бәсеңдеген. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану акциясы аяқталды. Түрлі жеңілдетілген бағдарламалар да соңына таяп келеді. Бірақ соған қарамастан үй бағасы арзандай қоймайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бір жылда қайталама нарық үйлері – 26,8 пайызға, жаңа үйлер бағасы – 19,5 пайызға, аренда 21 пайызға қымбаттаған. Қымбатшылыққа әсер етіп отырған негізгі факторлар – құрылыс материалдарының қымбаттауы, табиғи және табиғи емес сұраныс, жүргізіліп жатқан жаппай құрылыс және көлеңкелі экономика.

«2021 жылы 17,1 млн шаршы метр жаңа үй салынды. Бір жылдық өсім 11,4 пайыз болды. 2022-2025 жылдары жоспар бойынша 62 млн шаршы метр үй салынуы керек. Жыл сайын – 20 млн шаршы метр. Рас, бұл өте үлкен көлем және осыншама көп көлем барлық сұранысты қанағаттандырады, нәтижесінде үй бағасы төмендейді деп күтеді. Шын мәнінде үйдің осыншама көлемде салынуының өзі қазақстандықтардың өмірін жақсартуға септеспейді. БҰҰ нормасы – адам басына 30 шаршы метрден келуі керек. Біз ол көрсеткішке 2025 жылы да жете алмаймыз. 2020 жылы елімізде адам басына 23 шаршы метрден келген. 2025 жылы көрсеткіш 26 шаршы метрге жетеді деп жоспарланған. Осыншама көлемдегі тұрғын үйді салып жатқан құрылыс компаниялары мемлекеттің тұрғын үй құрылысына жұмсайтын шығынын азайтуға мүдделі емес. Олар жаңа жеңілдетілген бағдарламалардың қабылдана бергенін қалайды. Әйтпесе, көбі тақырға отырып қалар еді», дейді сарапшы.

Дегенмен үй бағасы біржола арзандап кетпесе де, біршама баяулауы мүмкін. Кей сарапшылар солай қорытады. Өйткені соңғы уақытта нарықта сату-сатып алу мәмілелері біршама азайған. RiskTakers телеграм каналының жазуынша, егер сатып алу азайса, онда компаниялар шұғыл түрде шаршы метр құнын қайта қарай бастайды.

«Баға төмендеген күннің өзінде сектор лидерлерінің жағдайы нашарлай қоймайды. Әлдеқайда кішкентай компаниялар дефолтқа тап болуы мүмкін. Демек, олар дереу шаршы метр бағасын төмендетуге кіріседі. Қиындықтарға байланысты жобалар мерзімінен кешігіп беріледі. Үкімет жаңа мемлекеттік бағдарламалар ойлап табуын доғарады деп үміттенеміз» деп жазады канал.

Көпшіліктің баспаналы болуына жәрдем қылған «7-20-25» бағдарламасы келер жылы тәмамдалады. Бірақ үкімет оның орнына жаңа бағдарлама шығаруы мүмкін.

Жылжымайтын мүлікті сату және арендаға беру компаниясының директоры Айкүн Тәжімбетованың сөзінше, 2020 жылдың орта кезімен салыстырғанда қазір үй бағасы екі есе қымбаттаған.

«Бұрын 1, 2 бөлмелі үйлерге деген сұраныс жоғары болса, соңғы үш айда 3, 4, 5 бөлмелі үйлерге деген қызығушылық қатты өсті. Адамдар бірігіп, көп бөлмелі үйлерді жалдап тұруға көше бастады. Өйткені адам басына бөлгенде сол арзанға түседі.

Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов азаматтарда үй алатын мүмкіндіктер азайды – зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану мүмкіндігі азайды (жеткілікті шек мөлшері артып кетті), «7-20-25» нарықтан кетіп жатыр дейді.

«Қазір азаматтардың көбі төмен пайыздық ставкасына байланысты «Отбасы банкке» баратындықтна екінші деңгейлі банктер несие бермейді. Жылжымайтын мүлік нарығы жалпы төрт категорияға бөлінеді: Бірінші және екінші категория, олар – элит және бизнес-класс үйлері. Бұл категориядағы пәтерлер құрылыс материалдарының бағасына, девальвация ықпалына тез түскіш болып келеді. Егер девальвация әрі қарай жалғаса берсе онда бірінші және екінші категорияға әсер ете береді. Себебі, олар шаршы метр құны индексіне тәуелдірек. Үшінші және төртінші категория – комфорт және эконом-класс пәтерлері. Бұл категориялар трендте, өйткені белсенді фазадағы мәмілердің көбі осы категорияда жүзеге асып жатады», дейді Мүсірепов.

Бірақ қазір үй сатып аларлық нақты құралдың болмай отырғаны да шындық.

«Қазір пәтер сатып алу үшін қолжетімді құрал мен қаржы жоқ. Зейнетақы қорындағы артық ақшаны пайдалану бағдарламасы болды, оны еңсеріп тастадық. Соның кезінде бастапқы және қайталама нарық сатушылары тарапынан алып-сатарлық мүдде оянды. Сөйтті де баға жоғарыға ұшып кетті. Негізі оны да реттеуге болушы еді» деген Мүсірепов жағдайды реттеу үшін әлі де кеш емес екенін, ол үшін «халықтық ипотека» ұғымын енгізу қажеттігін айтады. 

Сондай-ақ оқыңыз