Отандық дәрігерлерді Швейцарияда оқытуды «Қазақстан халқына» қорына арнайы ұсыныс түсті
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) арнайы кездесулерін жалғастыруда. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы сарапшылар қор қаржыландыратын түрлі жобаларды ұсынады. Қазірдің өзінде 24 онлайн отырыс өткізіліп, оған 628 адам қатысты. Мұндай іс-шараларға денсаулық сақтау саласының ҮЕҰ өкілдері барынша белсенді қатысуда.
Балалардағы ретинобластоманы емдеу
«Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен кездесулерінің бірінде балалардағы әртүрлі сирек кездесетін ауруларды емдеу мәселелері көтерілді.
Қазақстандық балалардың шетелде емделуіне қаражат жинайтын «Моrе life» қоғамдық қоры науқастарды басқа елдерге жібермей, бірегей емдеу әдістерін қабылдауды ұсынды.
Қор ретинобластомамен ауыратын балаларды емдейтін швейцариялық клиникалардың бірімен жұмыс жасамақ.
Ұйым «Қазақстан халқына» қорына қазақстандық дәрігерлердің балаларды ауыр дерттен толық айықтыруы үшін Швейцарияда профессорлардан оқу ақысын төлеуді ұсынды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда, Ресейде, Түркияда және басқа елдерде ретинобластомамен ауыратын балалар сәулелену процедурасынан өтеді. Бірақ содан кейін балалар соқыр болып қалады. More life басылымының хабарлауынша, Швейцария мамандары балаларды ретинобластомадан емдеп, көру қабілетін сақтаудың жолын тапты. «More life» ұйымы бұл қомақты қаржыны үнемдейтінін айтады, себебі қор Швейцариядағы бір баланы емдеуге шамамен 65 мың франк (32 миллион теңгеден астам) жұмсайды. Бұл сомаға визаны рәсімдеу және ұшулар кірмейді.
Аутизммен ауыратын балалардың ата-аналарына қолдау көрсету
Аутизмге шалдыққан және басқа да дамуында ауытқуы бар балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсететін «Сана сезім» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» қорна мұндай отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жобасын қарастыруды ұсынды.
Ұлытау өңірінің қоғам белсенділері де аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету туралы ұсыныспен шықты. Облыстың ауылдары мен аудандарында аутизммен ауыратын балаларға арналған оңалту орталықтары жоқ. Ата-аналар балаларын оңалту үшін Нұр-Сұлтанға, Алматыға және облыс орталықтарына баруға мәжбүр.
Қоғам белсенділері «Қазақстан халқына» қорынан шалғай елді мекендерде оңалту орталықтарын ашуға қаржылай көмек көрсетуді сұрайды. Қоғамдастық мүшелері қолайлы ғимарат, мамандар мен психологтарды іздеуге дайын.
Қазақ отбасылары үшін ЭКО мәселесі
Қор шараларының біріне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева қатысты. Ол қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығы мәселесіне тоқталды.
«Көп адамдар квота ала алмайды. Бізде ерлер мен әйелдер тарапынан репродуктивті дисфункция сияқты күрделі мәселе бар. Ал квота ала алмай жүрген отбасылар көп. Сонымен бірге олар тиісті қаражатты жинай алмайды. Дәл сол жерде көбінесе бір кезең емес, бірнеше ұрықтандыру болады. Бұл Қазақстандағы көптеген отбасылар үшін өте қымбатқа түседі», – дейді Ләззат Қалтаева.
Көбінесе квота алған қазақстандықтар бірінші әрекетте-ақ қалаған нәтижеге жете бермейді.
«Экстракорпоралды ұрықтандыру қызметін алу үшін көптеген сынақтардан өту керек. Арнайы жұмыстар өте қымбат тұрады. Арнайы терапия қажет. Мұның бәрі балалы боламын деп үміттенген отбасылар үшін қиын. Өкінішке орай, көптеген отбасылар бұл әрекеттерден бас тартады, өйткені қаражат жеткіліксіз», – деп қосты депутат.
Еске салайық, «Қазақстан халқына» қоры жаңа тұжырымдама жасаумен айналысуда. Ол үшін қор өкілдері үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізуде. Сол басқосуларда ҮЕҰ қай жаңа жобаларға қайырымдылық қорларын бөлу жөнінде ұсыныстар жасайды.