Үкімет аграрларға қолдау жасайды. Қайтарым қалай болады?

Жарияланды
Ауыл шаруашылық техникаларын лизингпен беру бағдарламасы қабылданды

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды ұлғайтудан экономика мен тұтастай ел үшін қайтарым мен пайда болуға тиіс. Бұл туралы ол жеке бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өткен отандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысында айтты.

Отырысқа қатысушылар Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясатының жобасын қарады.Ол:

  • Едәуір экономикалық еркіндікті қамтамасыз етуді,
  • Экономиканы әртараптандыруды,
  • Экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды,
  • Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді,
  • Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамытуды көздейді.

«Біз үшін экономикалық өсімнің арқасында азаматтардың әл-ауқатының артуы, табысының өсуі маңызды. Бұл орайда экономикалық өсу тұрақты болуы керек. Осыған байланысты, бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар барлық басқа салалар да құрылымдалып, осы құжатта көрсетілген. Егер бизнес өкілдерінің нақты ұсыныстары болса, оларды ескеруге дайынбыз» деді премьер-министр.

Сонымен қатар отырыста агроөнеркәсіп кешенін, тау-кен металлургиясын, көлік саласын, энергетиканы және салықтық әкімшілендіруді дамыту мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, бизнестің проблемалық мәселелерін «EPG Education» ЖШС директоры Досым Бесбай, «Олжа Агро» ЖШС директоры Айдарбек Қожаназаров, «Атамекен» ҰКП төралқасының Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец және «Визор Қазақстан» инвестициялық компаниясының серіктесі Алмас Чукин көтерді.

Ауыл шаруашылығын реттеу мәселелерін талқылау аясында премьер-министр салалық министрлік тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Сондықтан кәсіпкерлерде не болып жатқаны туралы қате түсінік қалыптасады. Бидайды шығаруға ешқандай тыйым салынған жоқ! Біз квота түрінде шектеулер енгіздік, бірақ оны әдеттегі экспорт көлемінен жоғары қойдық» деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, егер Қазақстан айына шамамен 350 мың тонна астық экспорттап отырған болса, квота биылғы қыркүйек айының соңына дейін қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды шектемей, азықтық астықты бақылаусыз жаппай шығарудың алдын алуды қамтамасыз ету үшін айына 500 мың тоннадан жоғары деңгейде белгіленді.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін реформалау тақырыбын қозғады.

«Біз барлық бюджет шығыстарын олардың тиімділігін арттыру бөлігінде, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қайта қарап жатырмыз. Қаржыны ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыруға бағыттағымыз келеді. Бұл инвестициялық субсидиялар, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені арзандату, оларды одан да қолжетімді еткіміз келеді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруды қысқартқымыз жоқ. Керісінше, оны ұлғайтқымыз келеді. Алайда одан экономика үшін, жалпы ел үшін пайда болуы керек, әрбір бюджеттік теңгенің қайтарымын арттырғымыз келеді» деді Үкімет басшысы.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов барлық қатысушыларға айтылған ескертулер мен ұсыныстар үшін алғыс айтты.

«Біз бірлесіп алға жылжуымыз керек. Қандай да бір сындарлы ұсыныстар болса, оларға әрқашан құлап асып, өз жұмысымызда ескеретін боламыз. Барлық жоспарланған өзгерістерді жүзеге асыруда бизнеске жетекші рөл берілетінін тағы да растағым келеді. Үкімет кәсіпкерлік қоғамдастығымен бірлесіп, бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуды және еліміздің экономикасының өсуі мен дамуы, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін алғышарттар жасауды жалғастырады» деп түйіндеді.

Еске салсақ, осыған дейін фермерлердің ауыл шаруашылық техникаларын лизингпен алуына мүмкіндік жасалған еді. Бұл мақсатқа мемлекет «Жасыл Даму» АҚ (Оператор РОП) есебінен 40 млрд теңге қарастырған. Бағдарлама 2022 жылдың егін жинау жұмыстары басталғанға дейін атқарылып, үлгеруі тиіс.

Ауыл шаруашылығы  министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бір лизинг алу үшін қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден артық емес және үш бірлік ауыл шаруашылығы техникасынан артық берілмейді.

Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 5 тамызда басталып кетті. Ол үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдары жұмыс істейді.

Бағдарлама аясында аванстық төлем болмайды, сондай-ақ негізгі қарызды өтеу бойынша 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру мүмкіндігі бар. Сыйақының жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз. «АгромашХолдинг» ЖШС бас директоры Динара Шүкижанова фермерлерге 200-ге жуық ESSIL комбайнын, 567 LOVOL тракторын, сондай-ақ 40 Turan тракторын жеткізуге әзірміз дейді.

Бағдарлама 20 жылға есептелген. Бағдарлама аясында отандық құрастыру зауыттарынан шығарылатын келесі техникалар фермерлерге берілмек: LOVOL, DEUTZ FAHR, TURAN, КИРОВЕЦ, БЕЛАРУС, RSM, YTO, CLAAS XERION, DONG FENG және WUZHENG трактор маркалары. ESSIL, VECTOR, ACROS, TORUM, CLAAS TRION, DEUTZ FAHR маркалы астық жинаушы комбайндар.

Сүрленген шөп жинауға арналған Жоғары өнімді жем-шөп жинайтын комбайндар және өздігінен жүріп жем жинайтын комбайндар. Аталған техника түрлерін «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Kazrost Engineering Ltd.», «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС, «KazKioti» ЖШС және «МТЗ-Казахстан машина құрастыру зауыты» ЖШС ұсынады.

Министрлік мәліметі бойынша, қазір елдің ауыл шаруашылық техника паркінде 147,7 мың трактор мен 38,1 мың комбайн бар. Олардың 80 пайызының тозығы жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз