Смартфон адамның есте сақтау қабілетіне кері әсер ете ме?

Жарияланды
«Цифрлық амнезия» жайлы не білесіз?

Адамның жадына қатысты түрлі зерттеу бар.Ұмытшақтық неден пайда болады? Жасқа байланысты ма, әлде басқа факторлар әсер ете ме? Осы тақырыпты ғалымдар талайдан бері қаузап келеді. Кейінгі кездері «миым су болып кеткен сияқты. Қазір айтқанды қазір ұмытып қаламын» дейтіндерді жиі кездестіруге болады. Үлкендер жағы бәрін смартфонның кесірі дейді. Бұл шынында солай ма? Мамандар не дейді? Бүгінгі материалымыз осы туралы.

         The Guardian тілшілері «цифрлық амнезия» тақырыбын ғалымдармен талдаған екен. Бұл термин де қолданысқа біртіндеп еніп келе жатыр. Бұл құбылыс алғаш рет KasperskyLab зерттеуінде айтылған еді. Яғни гаджеттерді неғұрлым көп қолданған сайын адамның когнитив қабілеттері нашарлай бастайтын құбылыс бұл. Ғалымдардың бұған қатысты ойлары бір жақты емес, әрине. Біреуі смартфондар еш әсер етпейді деген пікірді ұстанса, енді бірі гаджеттер есте сақтау қабілетін төмендететін бірден-бір фактор дейді. Сонымен ғалымдардың пікірі мынадай.

Ғалымдар не дейді?

         Сассекс университетіндегі Психология мектебінің когнитив неврология  профессоры Крис Берд смартфондардың адамның есте сақтау қабілетіне кері әсері бар деген пікірмен келіспейді. «Біз қай кезде болсын қажет ақпаратты сырттағы бір жерге шығарып қоятынбыз. Мысалы, түртіп қойып дегендей. Соның арқасында жеңілдеу өмір сүретінбіз. Ал қазір болса, ақпарат ағыны тіпті көп. Сондықтан сәйкесінше көбірек жазып аламыз. Сөйтіп басқа нәрселерге ден қоюға уақыт табамыз. Айталық, автотұрақ талонын үнемі суретке түсіріп аламын. Сөйтіп есте сақтап жүрмей-ақ, қашан мерзімі бітетінін содан қарай саламын. Біздің миымыз мұндай реттік заттарды есте сақтап қалуға бейімделмеген. Міне, сол үшін де құрылғылар пайда болды» дейді ол.

         Монреалдағы Макгилл университетінде нейробиологияны зерттейтін профессор Оливер Хардт болса, алдыңғы оймен аса келіспейді. Оның айтуынша, адам жадын босатқан сайын, ол нашарлай береді. Соның салдарынан құрылғыларды бұрынғыдан бетер пайдаланады екенбіз. «Біз смартфонды кез келген нәрсе үшін қолданамыз. Бір рецептіні көру үшін уеб-сайтқа кірсеңіз, бір батырманы басасыз да, ол жерден сізге керек-жарақтың бәрін шығарып береді. Әрине, бұл өте ыңғайлы. Бірақ сол ыңғайлы болғанының кері тұсы бар. Адам белгілі бір нәрселерді миында ұстауы керек, өйткені солай еткені өзіне пайдалы. Бәрін «көмекшілерге» ысыра беруге болмайды».

GPS және деменция: арасында қандай байланыс болуы мүмкін?

         «Навигаторды көп пайдаланудың соңы депрессия мен өзге де психопатологияларға, тіпті деменцияның кейбір түрлеріне шалдықтыруы мүмкін деген болжам жасай аламыз. GPS негізіндегі навигациялық жүйелер күрделі географиялық карта құрмай-ақ, оңтайлы маршрутты өзі жасап береді. «Келесі бағдаршамнан солға бұрылыңыз» деп бағыттап отырады. Бұл болса, гиппокампты өте аз ғана іске қосады. Мысалы картаны екінің бірі оқи алмайды. Сондықтан оңайына — навигаторға жүгінеді. Ал негізі адамның миына күрделі дүниелер пайдалы. Когнитив процестерді іске қосып, ми құрылымына жақсы әсер етеді» дейді ғалым.

         Хардттың ойымен нейрофизиолог Елена Белова да қосылады. Оның пікірі мынадай: «Барлық жерде смартфонға сеніп қалған адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды. Бұл анық. Интернеттен кез келген нәрсені тауып алуға болатынын білгендіктен біз қандай да бір ақпаратты есте сақтап қалуға тырыспаймыз. Ал бәрін есте сақтап қалуға тырысқан, бізге дейінгі буынның адамдары эрудиция жағынан мықтырақ еді. Фактілерді де көбірек білетін. Десе де, қазіргінің адамдары осыдан 20-30 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда ақпарат әлдеқайда көп. Ондай ақпарат ағынының артуына біздің смартфон қолдана бастағанымыз да себеп болды. Гаджеттің көмегімен сараптама оқи отырып, достарымыздың әлеуметтік желідегі парақшасын шолып шығамыз, жаңалықтар оқимыз дегендей. Бұрынғыдан жаңалық оқу деген бір күнде бір рет газет оқу ғана емес. Біз сағат сайын шолып отырамыз. Ақпарат көбейгендіктен, адам оның бәрін есте сақтамайтын болады. Мидың жұмысы да бұл кезде басқаша жұмыс істейді. Адамның жады гиппокампта қалыптасады. Сол себепті бірінші кезекте ол адамның кеңістікте бағдарлай білуі үшін керек. Яғни ненің қай жерде екенін білуге қажет. Ұзақ мерзімді жадтың қалыптасатын алғашқы субстраты — осы. Бұл дегеніміз кеңістікті бағдарлай білу осы ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетіне әсер етеді деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда GPS көмекші бола алмайды».

Зерттеулер нәтижесі қандай?

         Осы тақырыпта жасалған зерттеулерге келсек, Кембридж нейробиологы Барбара Саакянның мынадай жұмысын атап өтсек болады. 2010 жылы жасалған тәжірибеде үш топқа бөлінгенлер оқуға қатысты тапсырмалар орындаған. Бір топ зерттеу басталғанға дейін қысқа-қысқа хаттар алмасқан, екінші топ тәжірибе кезінде арагідік хат жазысқан, ал үшінші топ болса ешкіммен хабарласпаған. Сөйтіп тәжірибе басталған кезде қатысушыларға мәтін беріліп, соның түсінігін айтып беру керек болады. Нәтижесінде көңілін басқа нәрсеге аударып, елеңдегендер жаңа ғана оқыған мәтінін еске түсіре алмай қойған екен.

         Психолог әрі профессор Ларри Розен The Distracted Mind кітабында смартфондағы адамның ойын басқаға аударатын дүниелермен қалай күресуге болатыны туралы айтады. Сондай тактикалардың бірі — техникалық үзіліс жасау. Ол үшін телефонды бір минут қолданып, оятқышты 15 минутқа қоясыз да, сол шырылдамайынша смартфонды алмайсыз. Хабарламалардың дыбысын өшіріп тастаңыз, экранына алаңдай бермес төңкеріп қойыңыз да басқа шаруаларыңызбен айналысып жүре беріңіз. Оятқыш шырылдаған соң бір минут қарап аласыз да, тағы 15 минут тынығасыз. Осы жаттығуды құрылғысыз үзіліс жасауға әбден жаттыққанша істей беріңіз. Бірте-бірте 20 минутқа ұзартыңыз. Егер бара-бара бір сағат телефонға қарамауға шыдай алатын деңгейге жетсеңіз, жеңіс сіздікі деген сөз. 

         Жоғарыда айтқанымыздай, ғалымдар смартфонға сүйеніп кеткен адамда деменцияға шалдығуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Олай болмас үшін не істеу керек? Оливер Хардтың сөзіне сүйенсек, адам неғұрлым эпизодтық жад немесе когнитив иілгіштік сынды күрделі заттарға жауап беретін ақылын, жүйелерді азырақ қолданатын болса, соғұрлым парасат-пайымы нашарлайды. Мысалы кей зерттеулердің нәтижесінде университет профессорларының деменцияға шалдығу ықтималы өте төмен екені дәлелденген. Бұл жерде мәселе олардың ақылы тасып жатқанынан емес, олардың қартайғанша ақыл-ойды қажет ететін істерме шұғылданатынында екен. Бұдан шығатын қорытынды – бәріне кінәлі смартфон емес. Оны қолдануымызға байланысты. Өйткені сол гаджет арқылы кітап оқуға, түрлі басқатырғыштар шешуге, тіл үйренуге болады. Ми жұмысын дамытатын неше түрлі қолданба бар. 

Кеңестер легі

         Сонымен жағдайыңыз нашарлап кетпес үшін істеу керек шараларға тоқталайық. Елена Белова мынадай кеңестер ұсынады:

         Ұйқы мәселесі. Ұйқымы бұзылған адам депрессияға жақын болады. Олай жалғаса берсе, қартайған шағында когнитив бұзылыстар болуы мүмкін. Ұйықтар алдында смартфон қолданатын адамдардың қолданбайтындармен салыстырғанда денсаулығы нашарлау болады. Телефондардағы night shift режимі экранның аппақ жарығы мелатониннің бөлінуіне кедергі жасайтындықтан енгізілген болатын. Ал аталған гормон дұрыс бөлінбесе, ұйқының сапасы бұзылатыны белгілі. Сол себепті ұйықтар алдында телефон қолданбаған жөн. Ең құрығанда экран жарығын сарғыш қылып қойыңыз. Егер ерте тұрып, жақсы көңіл-күйде оянғыңыз келсе, ұйқыңызды дұрыстаңыз.   

         Физикалық белсенділік. Таза ауада серуендеу де, физикалық қозғалыс та маңызды. Сондықтан күнде бұған арнайы уақыт бөлген дұрыс.

         Жаңа дүниелерді көру, жаңа әсерлер алу. Бұл адам үшін өте маңызды. Жаңа машық игеруге тырысыңыз.

         Адамдармен араласу, эмоциялық және позитив байланыс орнату. Өзгелерге көмектесіңіз, ерікті болып көріңіз.

Сондай-ақ оқыңыз