Бірқатар өңірде жаңа мектептердің құрылысы кешігіп жатыр – AMANAT партиясы
AMANAT партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі талқыланды.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін елімізде 1,2 млн оқушыға арналған 1080 мектеп салынатынын мәлімдеді.
Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды. Соған қарамастан, елімізде үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер саны артып келеді. Егер жыл басында елімізде 136 үш ауысымды және 31 апаттық жағдайдағы мектеп болған болса, бүгінде үш ауысымды мектептер саны 151-ге, ал апаттық жағдайдағы мектептер 37-ге жетті.
Мұның бір себебі – өңірлік білім басқармалары құрылысты көші-қон процесі мен демографиялық ахуалды ескермей жоспарлап отыр.