Алаяқтар қандай жаңа қулықтарға көшті?
Fingramota.kz қаржылық алаяқтық кейстерін талдауды жалғастырады және қаскүнемдерге қалай қарсы тұруға болатынын және олардың қармағына түспеу жолын айтып береді.
Алаяқтар өзін қаржы реттеушісінің қызметкері ретінде таныстырады!
Қаскүнемдер кез келген ақпаратты өзінің арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады, олар БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Алаяқтар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметі туралы да хабардар. Енді олар азаматтарға өздерін қаржы реттеуші ретінде телефон арқылы таныстырып, хабарласа бастады. Схема қорқыту, жеке және төлем деректерін хабарлауға не қаражатты олардың шотына аударуға мәжбүрлеу арқылы жүргізіліп отыр.
Біздің пайдаланушылардың бірі осы схема туралы Агенттікке ресми кері байланыс арналары арқылы хабарлады:
«Қайырлы күн! Маған хабарласып, ҚР қаржы реттеушісі, ҚНРДА атынан қоңырау шалып отырғанын айтты. Бұл алаяқтар болуы мүмкін бе? Қоңырау шалушы өзін Максим Фролов ретінде таныстырды, мен бұған дейін де алаяқтарға сеніп, біраз ақша жоғалтып алған едім, нәтижесінде кредит мойнымда қалған еді. Бұл адам ҚНРДА менің ісімді тексеріп жатқанын және осыған ұқсас бірнеше шағымдардың келіп түскенін айтты… Содан кейін ол маған WhatsApp-қа жаза бастады/алаяқтарға жіберген барлық чектерді жіберуімді талап етті». Қаскүнем қорқыту арқылы сұратылған ақпаратты алуға тырысқаны анықталды.
Біздің оқырман жүгінген Fingramota.kz-тің жоба қызметкерлері бірден жауап берді, олардың қаржы алаяқтары болып келетінін растады және олармен хат алмасуды тоқтатуға, сондай-ақ кез келген басқа тәсілмен байланысқа шықпауға кеңес берді.
Назар аударыңыз! Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері жеке және төлем деректерін ұсыну немесе қауіпсіз шоттарға ақша аудару мақсатымен азаматтарға өздері телефон соқпайды! Азаматтардың Агенттікке келіп түсетін ресми өтініштерінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес барлық қажетті ақпарат көрсетілген. Сондай-ақ қаржы реттеушісінің өкілдері бөтен логотиптерді, аватаркалар немесе анонимді аккаунттарды пайдаланумен пайдаланушылармен хат жазыспайды.
Сіздер ақпаратты тексеру үшін Агенттікке тікелей, «1459» нөмірі бойынша call-центр арқылы, «Fingramota Online» мобильді қосымшасы, Fingramota.kz сайтының «Онлайн-консультант» сервисі арқылы жүгіне аласыз.
Кеңес: Өздерін кім болып таныстырса да бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Алаяқтар банктік шоттарға қол жеткізу үшін түрлі себептермен сіз және сіздің төлем карточкаңыз туралы конфиденциалды ақпаратты қолға түсіруге тырысады. Егер сіз оларға сеніп, құпия мәліметтерді хабарласаңыз дереу өз өңіріңіздегі полиция департаментіне хабарласыңыз!
Алаяқтықтың түрлері жөнінде хабардарлық деңгейіңізді үнемі арттырып отырыңыз. Апта сайын www.fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығы жөніндегі медиапорталда «Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінде, сондай-ақ Агенттіктің әлеуметтік желілерінде алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша материалдар жарияланып тұрады және пайдаланушылар қаржылық алаяқтыққа тап болған жағдайда алдауды қалай тануға, не істеу және қайда бару қажеттілігі жөнінде толық ұсынымдар беріледі.
Ақпарат Fingramota.kz сайтынан алынды