Қайрат Сатыбалдыұлы алты жылға сотталды

Жарияланды
Сот шешімімен дүние-мүлкі де тәркіленеді

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы дүние-мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты осындай шешім шығарды.

Сот үкімін оқыған Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов «дүние-мүлкін тәркілеумен алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деді.

Қайрат Сатыбалдыұлы ҚР Қылмыстық кодексі 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған.

Оның 13 наурыздан бастап жаза заңды күшіне енгенге дейін қамауда отырған әр күнін сот бір жарым күндік қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеді деп есептеді. Сондай-ақ сот сотталушыны генерал-майор шенінен, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы шешім қабылдады.

Қ.Сатыбалдыұлы мемлекеттік қызметте, сот, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық Банк, оның ведомстволық және мемлекеттік ұйымдарында, сондай-ақ жарғылық капиталында мемлекет үлесі бар ұйымдарда, ұлттық холдингтерге лауазымды қызмет ету құқығынан 10 жылға айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз