Үнемдеуді, ақша жинауды қалай үйренуге болады?

Жарияланды
Осы әдетті 21 күнде бекітуге бола ма?

Қаржыңызды сауатты басқаруды үйрену жылдам процесс емес. Бірақ күн сайын ақша жинап, үш апта ішінде жаңа әдетті бекітуге болады. Fingramota.kz бұл процесті қалай тиімді және сіздің әмияныңыз үшін пайдалы ету жолдарымен бөліседі.

Бюджетті басқарудағы ең маңызды нәрсе – кейінге қалдырмай, бірден әрекет ету. Пайдалы әдет сіздің өміріңізге біртіндеп енеді және оны ұстану оңайырақ болады.

Жеті күн қағидасы 
I күн. Бірінші қадам – шығындарды есепке алу үшін телефонға қосымша орнату немесе күннің қорытындысы бойынша барлық шығындарды шағын дәптерге жазып отыру. Егер сізде бәрі бақылауда болса да және сіз ақшаны не үшін жұмсайтыныңызды білсеңіз де, нақты шығын нәтижелері сізді таң қалдыруы мүмкін. Сондықтан бірінші міндет – соңғы айдағы шығындарыңызды есептеу және оларды бөлімдерге бөлу, мысалы: азық-түлік, көлік, коммуналдық шығындар, демалыс, сыйлықтар, емделу және т.б. 

II күн. Ақшаны не үшін жинайтыңызға мақсат қойыңыз: мысалы, шағын бизнес ашу, балаларды оқыту, жаңа көлік сатып алу, саяхаттау және т.б. Мақсат қоймай жинақтаудан гөрі нақты тұжырымдалған мақсатқа ақша жинау жақсы ынталандырады. Өз қаржылық мақсатыңызды әлсін-әлсін еске түсіріп, оны көз алдыңызға елестетіп, ақшаны қайта есептеп және өзектілігі мен қажеттілігіне байланысты қойылған міндетті қайта қарап отырыңыз. Қалай болғанда да, ақша жинау және қойған мақсатыңыз ұзақ мерзімді, яғни кем дегенде 2 жылға арналған стратегия болғаны жөн.

III күн. Соңғы жылдың қай айларында ең көп кіріс алғаныңызды және бұл неге байланысты екенін есептеңіз. Сондай-ақ қай айда ең аз кіріс алғаныңызды және бұл жағдайдың қайталану қаупі бар-жоғын есте сақтаңыз. Жағдайды талдағаннан кейін, қандай әрекеттерден бас тартқаныңыз жөн және қайсысы қаржылық жағынан жақсы нәтиже бергені туралы ойланыңыз.

IV күн. Ақша байқалмай жұмсалатын күнделікті шығындарды бақылаңыз. Бұл шоколадтар немесе тәтті тағамдар, сондай-ақ үйден алуға болатын су, өзіңіз жасай алатын пайдалы үй тағамдарының орнына кафеде түскі ас, таксимен жүру, дайын кофе және басқа да шығындар болуы мүмкін.

Ақшаңызды тағы да неге босқа жұмсайтыныңызды және оны қалай болдырмауға болатынын ойланыңыз. Жуынатын бөлмеде краннан су ағып тұруы, қонақ бөлмеде үнемі шамның қосылып тұруы, өзіңіз пайдаланбайтын стационарлық телефон үшін ай сайынғы абоненттік төлем алынуы ықтимал. Ұялы байланыс, үйдегі интернет және кабельдік теледидар тарифтерін қайта қарастырыңыз, үнемді нұсқалар табылуы ықтимал.

V күн. Енді сіз нақты кірістер мен алдағы шығындар туралы нақты түсінікке ие болсаңыз, қандай нашар қаржылық әдеттерден бас тартуға болатынын қарастырыңыз. Сіз аптасына бір кішкентай әдеттен бастай аласыз, содан кейін көбірек қосыңыз және т.б. Нәтижесінде сіз, ең болмағанда, отбасылық бюджеттің негізгі «опырғыштарынан» құтыласыз.

VI күн. «Артық шығыннан» арылыңыз! Мысалы, азық-түлік шығындары әдетте кез келген отбасылық бюджеттің едәуір бөлігін алады. Сондықтан бір күніңізді бюджеттің осы маңызды бөлігін жоспарлауға арнаңыз.

Жеке кіріс-шығысыңызды немесе бүкіл отбасының бір апталық кіріс-шығысын жазған жөн. Себебі жұмыстан кейінгі кешкі уақытта, әдетте, келесі күнге тамақ дайындауға көп адамның шамасы келе бермейді, демалыс күндері бір аптаның тағамдарын жартылай дайындап, мұздатып қоюды ұсынамыз. Сонымен қатар, осы жоспарлау кезінде сіз белгілі бір өнімдердің бар-жоғын тексеру үшін барлық шкафтар мен сөрелерді қарап өтуіңіз керек, бұл өз кезегінде дүкеннен артық сатып алмауға мүмкіндік береді. Біз сізге алғашқы күндері мәзірге, ең алдымен, отбасы немесе сіз күн сайын жеуге дайын тағамдарды қосуға кеңес береміз, демек, қалдықтарды тастаудың қажеті жоқ.

Бұл киім, тұрмыстық тауарлар және т.б. шығындарға қатысты. Шкафтарда, антресольдерде, қоймада тексеру жүргізу керек. Сонымен бірге сіз қоқыстардан және қажетсіз нәрселерден арыласыз.

VII күн. Әдетті қалыптастыру – бұл ұзақ және күрделі процесс, ол дұрыс күшейтуді және қателіктермен үнемі жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан аптасына кемінде бір рет ақшаңызбен «кездесу» ұйымдастырыңыз. Осы бір-екі сағат ішінде барлық әмияндарыңыз бен ақша жинайтын сандықшаларыңызды қайтадан ашыңыз, карточкаларыңыздағы және депозитіңіздегі барлық ақша мен бонустарды қайта есептеңіз, қорытынды санды блокнотқа немесе телефон жазбаларына жазыңыз. Сондай-ақ, барлық шығындарыңызды, оның ішінде кредит төлемін жазып жүріңіз, әрдайым сақталуы керек чектерді қайта қарап шығыңыз және дүкеннен шыққаннан кейін бірден тастамаңыз. Қай жерде қателескеніңізге көз жеткізіңіз: негізсіз шығындар, мысалы, асханада немесе кафеде жұмсалған ақша, көптеген ұсақ-түйектерді сатып алу және т.б.

Әрі қарай, бұрын жіберілген барлық кемшіліктерді ескере отырып, жаңа қаржылық жоспар құрыңыз. Ең жақсысы – қанша үнемдегеніңізді есептеңіз. Бұл соманы депозитке аударыңыз немесе ақша жинайтын сандықшаға салыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз