Балаларды мектепке тасып та кәсіп бастауға болады

Жарияланды
Жеке кәсіпкер Аида Абдулаевамен сұхбат

Ол күнде 50-ден астам баланы мектеп пен балабақшаға тасиды. Көлік тізгіндеп, айына жарты миллион теңге тауып жүрген Аида Абдулаевамен сұхбаттастық.

–  Аида ханым, негізгі мамандығыңыз қандай?

–  Менің негізгі мамадығым педагогика. Өзім мектепалды даярлық және бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істегенмін.

–  Неге ұстаздықтан бас тартып, бала таситын жүргізуші болып кеттіңіз?

–  Мен тек Тараз қаласында мұғалім болып жұмыс істедім. Кейін Алматыға көшіп келіп бұл мамандық бойынша жұмысқа тұрмадым. Балаларды ерекше жақсы көремін. Олар да маған тез бауыр басып қалады. Оқушылармен жақсы тіл табысып кетемін.  Бастапқы кезде мен нақты бала таситын жүргізуші боламын деп ойлаған жоқпын. Бұның барлығы кездейсоқ басталды. Менің жақын  құрбым қызын мектепке апарып тастауды өтінді, ақшасын төлеймін деді.  Солай  басқа ата-аналар  да, маған балаларын мектепке жеткізіп тұруға ұсыныс тастады.  Мен келістім. Сол кезде әр балаға 5000 мың теңгеден алып отырдым. Бастапқы бір жыл көлемінде 12 баланы тасыдым.

– Жұмысыңыз сағат нешеде басталады?

– Жұмысым таңғы 6.45 те басталады. Бірінші оқушыларды мектепке апарып тастаймын. Сосын бала-бақшаға барамын. Одан кейін мектепалды даярлық сынып оқушыларын жеткіземін.

–  Бұл салада жүргеніңізге неше жыл болды?

– Бұл салада жүргеніме биыл алты жыл болды. Мен қазіргі уақытта 50-ден астам баланы тасимын. Әлі де көптеген ата-аналар хабарласып жатады. Бірақ мен де басқа орын жоқ. Мен сияқты бала таситын әріптестеріме баларларды орналастырып беремін.

– Бір баланы жеткізу үшін қанша теңге аласыз? Арнайы жеңілдіктер бар ма? Мысалы, көпбалалы аналарға дегендей...

– Бір баланы мектепке апарып-әкелу үшін айына 10 000 теңге аламын. Әрине жеңілдіктер бар. Мысалы, алты баласы бар ананың бір баласына 6000 теңге аламын, екінші баласын тегін тасимын. Кейбір  балаларды жеткізу үшін 8000 теңге аламын. Сондай-ақ, үш баланы тегін апарып әкелемін.

–  Сонда бұл кәсібіңіз бе, әлде жұмыс па?

– Мен ауылды жерде бала тасуды бизнес көзі деп қараймын. Себебі ата-аналардың бәрі жұмысбасты. Балаларын апарып-әкелуге уақыты жоқ. Яғни әйел адам бола тұра әрбір баланы мектебінен үйіне жеткізу, балабақшаға аман-есен апару бәрінің қолынан келмейді. Мен шыдамдылықпен осы кәсіпті бастадым. Мен толыққанды балалардың өмірі үшін жауап беретін әйел кәсіпкермін. Мені көріп жұмыссыз бос жатқан кісілер кәсіп бастап жатыр. Бір жағынан ақша табасың, бір жағынан балалармен араласасың. Үшіншіден, ешқашан жұмыссыз қалмайсың.   

– Балалар  үш ай демалған кезде қандай жұмыс істейсіз? Әлде демаласыз ба?

– Мен жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан үш ай бойы бос жатпаймын. Жазда мектепке  енді баратын балаларды оқытамын. Баларды өз үйлеріне барып дайындаймын. Әріп тануға, жазуға, сурет салуға үйретемін.

–  Мектепалды даярлық үшін қанша қаражат аласыз?

– Әр баланы оқыту үшін айына 20-25 мың теңге көлемінде аламын.

–  Қайтадан оқу ордасына барып жұмыс істеу ойыңызда бар ма?

 – Жоқ.

– Бұл жұмыстан қаншалықты табыс табасыз? Бұл іс өзін ақтай ма?

– Табысым жақсы. Айына 500 мың теңге табыс табамын. Кейде көліктің техникалық жұмыстарына 100 мың теңгеге жуық қаражат жұмсаймын. Бұл жұмыс өзін ақтайды. Бастысы шыдамдылық қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз