Жұмысқа деген құлшынысты қалай қайтаруға болады?

Жарияланды
Шаршау, жалығу — қалыпты жағдай, сіз нашар маман емессіз

Он жерден сүйікті жұмысыңыз болса да, арагідік шаршау басып тұрады. Бұл — қалыпты жағдай. Яғни дәл қазір сізде осындай мәселе болса, қам жемеңіз. Мұндай проблемаға барлық дерлік қызметкер тап болады. Сондықтан өзіңізді нашар маман көрмес бұрын, бүгінгі материалдағы кеңестерге құлақ түріңіз.

Естеріңізде болса, бұған дейін де эмоциялық жану туралы айтқанбыз. Бұдан толықтай қашып құтылу мүмкін бола қоймас. Десе де, қатты күйзеліске түспеудің, жағдайды жақсартудың амалдарын табуға болады. Ол үшін, әлбетте, проблеманың шеті шыққан бойда іске кірісу керек. Неліктен «жана» бастадыңыз? Бұрынғыдай құлшыныспен жұмыс істеу үшін не істеу керек? Осы сауалға жауап іздеп көріңіз. Өйткені бізге айналысып жатқан ісіміз ұнаған кезде ғана біздің көңіл-күй, хал-ахуалымыз жақсы болады. Сәйкесінше, егер жұмыс істеуге еш құлшыныс болмаса, демек бұл жерде бір кедергі бар деген сөз. Сонымен, біз шаршай бастадық. Ендігі қадамымыз қандай болуы керек? Осы туралы толығырақ талдап, кеңес береміз. 

Шаршаудың басудың басты амалы — демалу

Иә, бір қарағанда онсыз да белгілі дүние секілді. Себебі белсенді болып жүру, құлшыныспен жұмыс істеу үшін адам жақсы әрі сапалы демалуы керек. Ал енді осыған бей-жай қарап, көп жұмыс істеп, аз демалып, кей түнді ұйқысыз өткізіп жүрген адамдар күндердің күнінде зорығады. Ол әрі жұмыста ғана емес, тұрмыста да кері әсерін бере бастайды. Мұнымен бәрі келіседі деп ойлаймыз. Сол себепті ең бірінші кеңес — тынығыңыз, демалыс жариялауды ұмытпаңыз. Мысалы былай елестетіп көрелік. Кейінгі кездері жұмысқа тұра алмай, күні бойы денеңді ала алмай ауырлап жүрсеңіз, заңды еңбек демалысын ала аласыз. Бір айға болмаса да, кемі бір аптаға бәрін ұмытып, тынығып алыңыз. Демалысты кейінге шегеріп, нон-стоп режимде жұмыс істей берсеңіз, түптің түбінде эмоциялық жанып кетесіз. Ал одан қалыпқа келу әлдеқайда қиын. Сондықтан ушықтырмай тұрып, алдын алған дұрыс.  

Бұл жұмыс сізге не үшін керек?

Адам есін жиюы үшін көп нәрсені есіне салып қойып отырған жақсы. Егер сізде белгілі бір мақсат не сол іске деген құштарлық болмаса, ондай қарқынмен сіз күйзелістен бір-ақ шығасыз. Себебі күнде-күнде бір шаруаны істей беріп, ал оның түбінде сізге қуаныш сыйлап, көптен ойлап жүрген дүниеге қол жеткізетін стимул болмаса, қиын. Жаңа апта басталған сайын «жұмыстан шықсам ба екен?» деген оймен бару жақсы емес. Сондықтан ең алдымен, бұл жұмыстың сізге не үшін керек екенін анықтап алыңыз. Иә, бәлкім сіз бөлім басшысы болу үшін тырмысып жүрген боларсыз. Дегенмен әлі оған қол жеткізбедіңіз. Солай болған күннің өзінде көңіліңіз түспесін. Қазір атқарып жатқан жұмысыңыз сіздің ертеңгі күні дамуыңызға көмектесетін алғышарт һәм баспалдақ деп білгейсіз. 

Жоспар құрыңыз да, сол бойынша жүріңіз

Компаниядағы кез келген қызметкердің мойнында жауапкершілік болады. Яғни оның орындауға тиіс шаруалары бекітіледі. Сондай тапсырмаларға көміліп қалмас үшін немесе көтере алмай, эмоциялық жанып кетпес үшін шаруаларды бөліп үйрену керек. Біз үнемі жоспарлаудың маңызы жайлы айтамыз. Мұнда да ол кеңесті атап өтпесек болмайды. Шаруаларыңызды істеу мерзімі мен маңызына қарай бөліп үйреніңіз. Сонда жұмысыңыз жүйелі болады. Ол үшін таңертең жұмысқа келген соң азғантай уақыт бөліп, бүгін істелуі керек жұмыстың тізімін жасаңыз. Сонда жұмыс күнінің соңында қаншалықты бәрін атқара алдыңыз, тиімді жұмыс істедіңіз бе — белгілі болады. Әрі жұмыста жауапкершілік керек. Осы тұрғыдан алғанда барлығын түртіп алатын немесе смартфондағы арнайы функциялар мен қолданбалардың көмегіне жүгінген жөн. Мысалы қойын дәптеріңіз болса, сол жерге түртіп алып жүріңіз. Сонда ұмытып кетпейсіз. Бір жағы өзіңізді компания миссиясын орындап жүрген маңызды қызметкер сезінуіңізге де жақсы әсер етеді. Бұл болса, сізге көңіл-күй сыйлап, қосымша стимул бола алады.   

Приоритет қоюды үйреніңіз

Көбіне жұмысқа деген құлшынысы азайып кетуге әсер ететін бір фактор — өзіңізге шамадан тыс жүк артып, мойынға көп жауапкершілік алу. Басында көзді жұмып қойып, бүкіл шаруаны ала береді де, басқаның бәрін ұмытады. Ондай адам жұмысқа берілетіні сонша, айналасындағы жақындары, достарымен де араласпай, өзіне де тиісті көңіл бөлмейді. Одан қала берді, оның жұмысты шектен тыс орындайтынын көргендер өз жұмысын да қосақтап қоюы мүмкін. Егер осы жерден өзіңізді көріп тұрсаңыз, онда сізге қызметіңізге анализ жасау керек деген сөз. Жұмыс уақыты бітсе де, үйге бармай, түнделетіп қайтасыз ба? Қаншалықты жиі олай істейсіз? Кейде тіпті қажет болмаса да, жұмыста отыра бересіз бе? Осылай істейтін болсаңыз, жұмыс уақыты біткен соң басқа шаруаларға көңіл бөлуді үйреніңіз. Немен айналысар едіңіз? Бәлкім, бассейнге жазыларсыз? Әлде сұлулық салонына барып, процедуралар істетесіз бе? Осыны әдетке айналдырып, жұмыстан тыс кезде өзіңізге ұнайтын дүниелерге уақыт арнай бастағанда бұрын қанша уақытты жұмыста бос өткізгеніңізді түсінесіз.   

Кедергі болатын факторлардан құтылыңыз

 «Жұмыс, жұмыс» деп жүретін адамдарда, әлбетте, өмірінің көп бөлігі жұмыстан тұрады. Егер сізде де бүкіл өміріңіз жұмыстың айналасында болып кеткендей сезім туса, демек бұл жерде бірдеңе өзгерту керек. Анығырақ айтқанда, кей әдеттерден құтылыңыз. Айталық, әріптестеріңізге жұмыстан тыс уақытта қоңырау шалмау, хат жазбау туралы өтініш айта аласыз. Сол сияқты жұмыс чатына кешке қарай хабарлама келмейтіндей баптап қоюға болады. Сонымен бірге жұмысқа барар жолда, ұйқыдан тұра сала жұмыс поштасын тексермеңіз. Жұмысқа барасыз, компьютерді қосасыз, сосын да үлгересіз. Осы сынды кедергі болатын факторлардан құтылғанда қаншама уақытыңыз үнемделеді. Өзіңізді жұмыспен жүктей бермеңіз.

Тән саулығы аса маңызды

Жұмыста бәрін тастай қылу үшін сізде эмоциялық та, физикалық та саулық мықты болуы шарт. Ал ол үшін ең бірінші кезекте тәнге күтім жасаудан бастаңыз. Сондықтан кейінгі кездері сүйікті жұмысыңыз болса да құлшынысыңыз төмендеп, хоббилерден де жалығып кетсеңіз, онда өміріңізге спорт қосып көріңіз. Біріншіден, физикалық белсенділік адамның өзін тонуста ұстауына әсер етеді. Екіншіден, спортпен айналысқанда адамда энфорфин гормоны бөлінеді. Бұл сіздің көңіл-күйіңізді жақсартуға көмектеседі. Спорт десе бірден ауыр гір тасын көтеріп, су тер болып жүгіруді ойлап, қорқып кетпеңіз. Өзіңізге ұнайтын түрін тауып алыңыз. Йога, би, пилатес — неше түрлі нұсқа бар. Тіпті ол үшін арнайы залға барудың да қажеті шамалы. Қазір онлайн сабақтар көп. Соларды сатып алып, керек-жарақты сайлап алыңыз да, үйден істей беріңіз. 

Қол жеткізген дүниелер үшін өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз

 Адам үнемі мотивация іздеп жүреді. Әрине, оны бір жерде ұстап тұру мүмкін емес. Десе де, құлшыныс азайып кеткенде сізге міндетті түрде бір мотивация керек. Олай етпесеңіз, күйзеліске ұшырауыңыз мүмкін. Сүйікті жұмысыңызға құлшынысты қайта оятып, бұрынғыдай жақсы қарқынмен жұмыс істеу үшін азын-аулақ жеңістің өзіне өзіңізді мақтауыңыз керек. Айталық, бүгін жоспарға сай жұмыс істеп, бәрін реттей алсаңыз, жұмыстан шыққан соң өзіңізге дәмді кофе мен тәтті алыңыз. Күнде істей бермейтін бір дүние жасасаңыз, ол жағымды әсер беретіні анық. 

Не нәрседен қуат алыныңызды анықтаңыз

Егер жұмысқа деген құлшынысты оятқыңыз келсе, демек сізге қосымша энергия көзін табу керек. Өйткені шаршаудың астарында энергияның жетпеуі жатады. Энергия алудың сан түрлі әдісі бар. Ішінде өзіңізге қолайлысын іздеңіз. Мәселен, дәмді әрі пайдалы тамақпен түстену ұнаса, онда солай қуаттаныңыз. Әлде ұйқы режимін дұрыстап, жақсылап тынығыңыз. Сол сияқты дұрыс тыныстау жаттығуларын жасап үйренсеңіз артық болмайды. Әр адамның қуат көзі әр түрлі. Өзіңізді өзіңізден артық ешкім білмейді. Тереңірек үңіліп, өзіңізді танығаныңыз дұрыс. Сонда ментал саулық та жақсарады. Мотивация да молаяды. Құлшыныс та артады. Өмірге өкпе азайып, жұмыспен шектеліп қана қоймай, қоғамның басқа салаларына да көз сала бастайсыз. 

Қиыншылықты тәжірибе деп ұғыңыз

Сіздің жұмыстан бөлек, жеке өміріңіз бар. Осыны есте ұстаңыз. Жұмысқа деген жауапкершілік жоғары болуы керек екен деп елпілдеп жүгіре бермеңіз. Өзіңізді тек жұмысқа арнасаңыз, кішігірім қателіктеріңіздің өзін кешіре алмайтын, сол үшін апталап күйзеліске түсетін адамға айналасыз. Ал оның зияны өзіңізге ғана тиеді. Жалпы алғанда қиыншылықтың қай түрін болсын тәжірибе болады деп қабылдаған сайын, көңіл-күйіңіз де, ахуалыңыз да жақсара түседі.

Темірден жаралған робот емессіз

Осыны жақсылап есте сақтаңыз. Сіз — тірі жансыз. Бұған дейін де айтқандай, адам болған сң басында түрлі жағдай болады. Шаршаудан бөлек, кейде жай ғана ештеңеге құлқы болмайды. Не болмаса, ауырып қалуы да мүмкін. Олай етуге сіздің де толықтай құқығыңыз бар. Өзіңізді робот сезінбеңіз. Бұл ретте уақытылы демалу, шамадан тыс жүк алмау маңызды. Өзіңізді бірінші кезекте өзіңіз жақсы көрмесеңіз болмайды. «Жегеніңіз —жантақ, арқалағаныңыз — алтын» болып, қатты шаршамаңыз.

Сабақ алудан қорықпаңыз

Қызмет барысында бұған дейін тәжірибеде болмаған істерді атқаруға тура келеді. Ондай жағдайда әлгі шаруа қиын болып көрінетіні бар. Нәтижесі қандай болары белгісіз болып тұрса, оны тәжірибе жинаудың керемет әдісі деп қабылдаңыз. Яғни қорытындысы қандай болса да, ол үшін аса уайымдаудың қажеті шамалы. Мысалы, күткеніңіздей болмаса өзіңізді соған бола жегідей жемеңіз. Есесіне, келесіде мұндаймен бетпе-бет келгенде не істеу керегін жақсы біліп қалдыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз