Жаңа рекорд орнады. Алматы аспанында ең үлкен байрақ қалықтады
Бүгін Алматы облысының аспанында Қазақстан Республикасы күніне арналған «Ашық аспан» науқаны өтті.
Науқан аясында, әлемдік рекорд орнатқан кәсіби парашютист Қазақстан Республикасының ең үлкен мемлекеттік туымен секірді.
Байрақтың көлемі 800 шаршы метр болды (салыстыру үшін: Астанадағы бас флагштоктағы байрақтың көлемі – 450 шаршы метр). Ту осы ерекше оқиға үшін арнайы дайындалып, нәтижесінде Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Парашютист секірген биіктік 3 000 метрді құрады, бұл – таудағы ең атақты Шымбұлақ шипажайынан да биік.
«Бүгін біз Алматы аспанында мемлекеттік байрағымыз түріндегі шынайы суретке куә болдық. Мен осы сәтті көзіммен көріп, мезетті, елімнің ынтымағы мен асқақтығының рухын сезіну бақытына ие болдым», – дейді Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Науқанды ұйымдастырған кәсіпкер Жомарт Қияс бастаған белсенді топ болатын. Олардың бастамасын түрлі сала өкілдері, бей-жай қала алмайтын Қазақстан азаматтары қолдады. Бұл жандар еліміздің мәдени-спорттық және экономика салаларын дамытып қана қоймай, әлеуметтік және қоғамдық өміріне де ат салысып жүр. Жомарт Қиястың айтуынша, бұл науқанның мақсаты – барша қазақстандықтың патриоттық рухын көтеріп, нығайту еді, сонымен бірге – ұлтына, дүниетанымына қарамастан бірі біріне төзімділік танытуды дәріптеу болатын.
«Көптеген адам үшін қазір тап Қазақстан тыныштық пен бейбітшіліктің тұғыры болып тұр, мұны барлық халықаралық қауымдастық өкілдері растайды. Ең үлкен байрақтың аспанда қалықтауында терең мән бар, ол ашық аспан астындағы еліміздегі барлық халықтардың ынтымағын білдіреді», – деді меценат.
Осы науқанды қолдағандардың бірі Құрманбек Жұмағалидің сөзінше, мұндай шаралар өткізу азаматтардың өз елінің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұтуына сеп болып, өскелең ұрпақты Тәуелсіздік нышандарын құрметтеуге тәрбиелейді.
Шараның ұраны болған «Ашық Аспан» деген сөзде тұтастық, қазақстандықтардың бейбіт аспаны деген мән жатыр. Бұл сөз – бейбітшілікті қорғауды, Қазақстан Республикасы тұрғындарының бақуатты өмірінің баянды болуын насихаттайды. Әлеуметтік шараны сонымен бірге Ескендір Ибрагим, Спатаев Темір, Дарменов Алжан, Мырзабеков Тойбек, Ардак Назаров, Жанкош Тураров сынды азаматтар қолдады