Жоғары оқу орындары әскери борышын өтегендерге грант бөледі
Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарының белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілерге тегін жоғары білім алу мүмкіндігін беру жөніндегі бірлескен жобасы да әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал ететін болады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін қорғаныс министрі 44 жоғары оқу орнымен әскери борышын өтегендерге 3000 грант беру туралы меморандумға қол қойды. Бір жыл әскерде қызмет өткергендер осы жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсе алады», – деп атап өтті қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
«Қол қойылған келісім әскерилерді армиядан кейін әлеуметтендірудің бір механизмі болып табылады. Біріншіден, жоғары оқу орындарына өздерін жақсы жағынан көрсетіп, мұқият іріктеуден өткендер келеді. Екіншіден, оқу орындарына баратындар – армия мектебінен өткен жастар. Мықты, төзімді, тәртіпті балалар студенттерге батылдық пен дербестіктің үлгісі болады», – деді қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Келісімдер 2023 жылдан бастап күшіне енеді.