Агломерация туралы заң жобасы қандай артықшылықты көздейді?

Жарияланды
Өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі

Жақында Ұлттық экономика министрлігі Мәжілісте депутаттарға ілеспе түзетулермен «Агломерацияларды дамыту туралы»жаңа заң жобаларын таныстырды. Талқылауға Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде мемлекеттік органдар, Парламентаризм институты, «Атамекен» ҰКП, Парламентте ұсынылмаған «Ауыл», ЖСДП саяси партияларының өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.

Комитет төрағасы Альберт Рау заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгенін және Қазақстанда агломерацияларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасауға бағытталғанын атап өтті.

Рау ілеспе заң жобасымен Қазақстан Республикасының 7 заңнамалық актісіне: 2 Кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, заң жобаларының мәтіндері Парламент Мәжілісінің ресми сайтында орналастырылғанын айтты. Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков депутаттарға заңнамалық жаңалықтарды ұсына отырып, «агломерация» терминінің анықтамасы енгізіліп жатқанын түсіндірді.

Баяндамашының айтуынша, бұл тұрғындарының саны бес жүз мың адамнан асатын астанадан немесе республикалық маңызы бар қаладан, не облыстық маңызы бар қаладан (агломерация орталығынан) және оның айналасында орналасқан күнделікті еңбек, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және өзге де байланыстары, сондай-ақ аумақтық бірігу үрдісі бар елді мекендерден тұратын жергілікті жүйе.

Заң жобасында агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізілуде. Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын агломерациялар жөніндегі Кеңестің қарауына шығарылатын болады. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі. Ол мынадай өкілеттіктер:

  • Агломерация аумағында жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге қатысу
  • Тиісті келісімді дайындау және оған қол қою
  • Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне қатысу
  • Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу

Бұл өкілеттіктер орталық қала мен қала маңы аймағы арасындағы экономикалық дамудағы теңгерімсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, әкімдіктер агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатыса алады. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысатын болады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл өкілеттіктер қала мен қала маңындағы аймақ арасындағы экономикалық дамудағы теңгерімсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары орталық қалаларды дамыту мен салудың бас жоспарын және қала маңы аймағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын іске асыру жөніндегі субъектілердің қызметін үйлестіре алады.

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев жетекшілік ететін болады.

Сонымен бірге, Астана аумағын, республикалық маңызы бар қалаларды және олардың қала маңындағы аймақтарын дамыту мен салудың бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады. Қала маңындағы аймақтарының аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларын келіседі.

Ұсынылған нормалар жоспарлауды синхрондау, қала-орталықтың қала маңындағы аймағында орналасқан елді мекендердің аумағын тиімді пайдалану, жер учаскелерін келісілген пайдалану үшін қажет.

«Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктеріне бүкіл агломерация аумағында әлеуметтік жобаларды бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін беру іргелес облыста мектептердің, ауруханалардың және тағы да басқа тапшылықтардың, сондай-ақ қалада осындай әлеуметтік объектілердің қайта жүктелуінің өткір проблемасын шешуге мүмкіндік береді», деп түйіндеді Ұлттық экономика вице-министрі.

Жалпы, ілеспе заң жобасында Бюджет және Жер кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 5 Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыз