Балаларға арналған қайырымдылық спорт залы ашылды
Солтүстік Қазақстан облысының Покровка ауылында балаларға арналған қайырымдылық спорт залы ашылды. Бұл «Қазақстан халқына» қорының «Батыр боламын» қорымен серіктестікте «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы бойынша ашылған сегізінші спорт зал. Жобасы аясында ауыл балалары спорт секцияларына тегін қатыса алады.
Спорт зал жергілікті мәдениет үйінің ғимаратының ішінен ашылды. Осыған дейін тұрғындар ауылшаруашылық колледжінің спорт залына баратын, алайда онда тұрақты жаттығу жүргізу үшін қажетті жағдай жасалмаған. Сондықтан залдың ашылуын ауылдастар, әсіресе, балалар асыға күтті. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен үй-жай қажетті заманауи жабдықтармен және спорттық мүкәммалмен жарақтандырылды. Залда екі жаттықтырушы жұмыс істейді.
«Қазір облыстық чемпионаттарда біздің ауданның атынан шығатын боксшылар жоқ. Бірнеше жыл бұрын Явленкада бокс жаттықтырушысы болған, бірақ ол көшіп кеткен соң, балаларды жаттықтыратын ешкім болмады. Енді ауылымызда боксшыларды жарысқа дайындауға мүмкіндік пайда болды. Маған залдың форматы ұнайды, заманауи талаптарға сай жабдықталған және балалар кәсіби деңгейде жаттығып жатқандарына дән риза. Мұндай секцияларға қатысқысы келетіндердің саны көп», – дейді бокс жаттықтырушысы Ризабек Қазжанов.
Бүгінде 100 бала карате секциясына және тағы 30 бала бокс үйірмесіне жазылды. Секцияға Есіл ауданындағы жақын маңдағы Петровка және Явленка ауылдарының балалары да қатысуда.
«Өңірлерге барып, тұрғындармен кездескен сайын әр ауылға спорт зал қажет екеніне тағы да көз жеткізіп тұрмын. Басты міндет жеңімпаздарды шығару емес, балаларды спортқа тарту, оларды мінезді, тәртіпті етіп тәрбиелеу, жалпы салауатты өмір салтын қалыптастыру. Көшеде немесе смартфонға қарап өткізген бір сағат уақытты, спортпен айналысып өткізген бір сағат маңызды деп ойлаймын. Алдағы күндері дайындық жұмыстары аяқталып, кезекті залды Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылында ашамыз», – деп атап өтті «Батыр боламын!» Арман Уахап.
Еске салсақ, «Қазақстан халқына» қоры бастамашылық еткен «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде немесе спортқа қолжетімділік деңгейі төмен ауылдық жерлерде балалар спортының қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған. Жобаның мақсатты аудиториясы – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ даму ерекшелігі (инклюзивтілігі) бар балалар.
24 залды ашуға Қор 183 623 000 теңге бөлді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша жеті зал ашылған және жұмыс істейді: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Тасты кенті; Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ават кенті; Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу кенті; Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт кенті; Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Черкасск кенті; Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Изенді кенті; Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қазақстан ауылы.