Баға өсімі: Сауда комитеті төрағасының қызметтен алынуы проблеманы шеше ме?
Жылдам өсіп бара жатқан инфляцияға азық-түлік бағасы да қатты үлес қосып жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы 20,5 пайызға жеткен. Өткен айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 0,8 пайызды құрап, жұмыртқа (7,6%-ға), ұн (3,9%-ға), күріш (3%-ға), сүт (2,2%-ға) секілді өнімдер қымбаттай түскен.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, азық-түлік өнімдерінің көлеміне бағаны тұрақтандыру үшін астықты, жемшөп базасын және күнбағыс майын арзандату мәселесі жоспарлануда. Оның сөзінше, бұл ретте жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша нарық субъектілерінің жосықсыз әрекеттері байқалады.
«Абай облысына барған кезде Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгені анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілердің алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелері жариялануда. Бұл ретте тиісті түрде әрекет ету қажет», деді Арман Шаққалиев.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін талдау қорытындылары, сондай-ақ олардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі ықтимал шаралар туралы баяндады. Ол кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.
«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есе ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс», дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелер бар екенін атап өтті.
«Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу серпіні жоғары», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол бұған дейін «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу тапсырылғанын, алайда алты өңір – Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары осы уақытқа дейін оны іске асырмағанын атап өтті.
Оның айтуынша, қызметін қайта форматтау тапсырылған баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ және көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіру жүргізілмеген. Әлихан Смайыловтың пайымдауынша, бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. «Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын» деді Смайылов.
Сөйтіп, премьер Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді, сондай-ақ Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды. Қорытындылай келе, ол қияр, қызанақ және жұмыртқа сияқты бағаның ең көп өсуі байқалатын тауарлық позициялар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
«Негізгі жеткізушілердің кім екенін, бағаның неге өсіп жатқанын анықтау керек. Егер олар өз маржаларын бағаны көтерудің есебінен алса, онда нарықтық ортада жұмыс істесін, ал біз субсидияларды басқа бағыттарға жұмсаймыз. Бұл ретте өңірлерде рұқсат етілген сауда үстемесіне және арнайы комиссиялардың жұмысына мониторингті жүйелі жолға қою қажет. Әріптестер, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймын. Құралдардың бәрі бар», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Ал Сауда және интеграция министрлігі өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (ӘМАТ) өнімдерінің бағасын реттеуде «қатаң» құралдарды қолданудан бас тартатындарын мәлімдеді.
«Негізгі азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау, отандық бизнес пен халық мүдделерінің теңгерімін сақтау мақсатында мемлекет біртіндеп ӘМАТ бағасын тұрақтандырудың «қатаң» құралдарын пайдаланудан бас тартатын болады. Мұндай құрал – бөлшек бағалардың шекті мәндерін және ӘМАТ-қа шекті рұқсат етілген бөлшек бағалардың мөлшерін белгілеудің қолданыстағы ережелері (ережелер). Көптеген жылдар бойы тәжірибеде оларды қолдану өзінің тиімділігін дәлелдеген жоқ және бизнес тарапынан көптеген сын тудырды.
Осыны ескере отырып, қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі жаңа ережелер жобасын әзірледі. Бұл құжат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің өзіндік құны мен өткізу бағаларын, логистикаға арналған шығындарды, көтерме және бөлшек сатушылардың 15%-дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемелерін, сақтауға арналған шығындарды, сондай-ақ өндірушілер мен ішкі сауда субъектілерінің залалды қызметіне жол бермеуді ескеретін ӘМАТ-қа бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінің мөлшерін белгілеу үшін жергілікті атқарушы органдардың есеп айырысу түрлерін айқындайды», делінген ведомство хабарламасында.