Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін басқарушыларды таңдау кеңейді
2022 жылғы 16 қарашада «БЖЗҚ» АҚ мен «Halyk Finance» Қазақстан Халық банкі ЕҰ» АҚ арасында зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасалды. Кастодиан-банк «First Heartland Jusan Bank» АҚ болып белгіленді. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, қазіргі уақытта салымшы инвестициялық декларацияларымен және комиссиялық сыйақы туралы ақпаратымен таныса отырып, бес инвестициялық портфельді басқарушы (бұдан әрі – ИПБ) арасында таңдау жасай алады. Басқарушы компаниялар туралы барлық деректер көрсетілген ИПБ тізілімі www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Жинақтардың бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аудару» бөлімінде орналастырылған.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру үшін салымшы БЖЗҚ-ға ИПБ таңдау туралы өтінішпен жүгінуі қажет. Өтініш Қордың www.enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі барып жүгінген кезде берілуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік сомасынан асатын бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асырады. Инвестициялық портфельді басқарушыға мәлімделген соманы аудару сәтіне дейін салымшы өзінің аударым жасау туралы шешімін өзгерте алады және өтінішінің күшін жоя алады.
ИПБ-ны өзгерту және зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру туралы өтініш жылына бір рет қана берілетініне назар аударамыз. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-дан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтаруға қатысты өтініш жинақтарды ИПБ-ға алғаш аударғаннан кейін тек 2 (екі) жыл өткен соң ғана берілуі мүмкін.