Күніне екі минут бөлу арқылы жауапкершілік арттыруға бола ма?

Жарияланды
Бірден айтайық: болады

Жауапкершілігі жоғары адам болу үшін сондай қасиетпен өмірге келу керек пе? Қалай ойлайсыз? Яғни адамдар тумысынан сондай жауапкершілігі мол және жауапкершіліксіз бола ма? Егер істі кейінгі қалдырып, кейде ұмыттырып кете беретіндердің қатарынан болсаңыз, батыста жиі қолданылатын бір әдісті бөліскіміз келіп отыр. Практикада қолдану арқылы әлдебір істі соңына дейін апаруға мотивация табуға болады. Бұл әдісті өзіңіз жалғыз емес, жолдасыңызбен бірлесіп істеуіңіз керек. Ендеше, толығырақ тарқатайық.

Батыста «жолдасыңа есеп беру» деген тәсіл бар. Бұл мотивация арттырудың бір әдісі. Ол қалай болады? Сіз өзіңізге қарағанда жауапкершілігі жоғары бір адамды аласыз да, одан үстіңізден бақылап жасап, қадағалап тұруын сұрайсыз. Мәселен, сіздің ертеңге жоспарлаған бес шаруаңыз бар делік. Ерініп қалып үшеуін орындамай қоя салуыңыз мүмкін. Ал мына тәсіл арқылы өз алдыңызда ұялмасаңыз да, жолдасыңыздың алдында басты төмен салғыңыз келмей, қалайда істеуге тырысасыз. Бұл жердегі басты құпия — осында. «Сен-ақ бастаған ісіңді соңына дейін апармайсың» деген сөзді естімес үшін барыңызды саласыз. Осы тұрғыдан алғанда біреудің алдындағы жауапкершілік сезімі сізге тоқтаусыз мотиватор болады. Психолог Бенжамин Харди осындай жолдастық есептесу құру жолын, сол арқылы өнімді жұмыс істеудің сырын бөліскен екен. Оқырманға қызық болар деп назарыңызға ұсынып отырмыз.  

Көпшілігі «жолдасыңа есеп беру» дегенді естігенде біреудің алдында есеп беру деп ойлап, ұнатыңқырамай қалып жатады. Яғни есеп бері жүруге ерініп, оны басы артық шаруа көруі мүмкін. Асылы, ол — қате пікір. Себебі бұл жерде есеп беруден бұрын жауапкершілік сезімін арттыру маңызды. Ал ол болса, өмірде алға жылжуға өте қажет қасиет. Бір байқап көрсеңіз, бұл әдістің қаншалықты ыңғайлы екенін байқайсыз. Бұл принциппен жұмыс істеу әсте қиын емес. Күніне екі минут уақытыңызды бөлсеңіз, жетіп жатыр.

Жолдасыңа есеп беруге не кедергі болады?

  • Жолдасты дұрыс таңдауыңыз керек. Бұл — көпшіліктің ең жиі жіберетін қателігі. Яғни сіз серікті дұрыс таңдамасаңыз, онда нәтижесі де көңіл көншітпейді. Ал енді таңдағанда нені ескеру керек? Көбі жолдас іздегенде мақсаты, қызығушылығы, хоббиі — бәрі өзімен бірдей не кемінде ұқсас болуы керек деп ойлайды. Ал шынында, ондай болуы тіпті де міндетті емес. Сіз есеп беретін адамның рөліне көңіл қалауы да, таным-түсінігі де ұқсас емес адам да келе береді. Бұл әдістің мәні сол — есеп бергенде сіз атқарған шаруаларғ қызығуы емес, жалпы жауапкершілікке баса мән беріледі. Яғни серіктесіңіздің арман-мақсатының басқа болу кедергі етпейді. Ол адамға есеп беру үшін шай ішіп, саябақта сағаттап отырмасаңыз да болады. Ал сонда не әрсеге мән беру керек? Ең бастысы — амбициясы мол, жауапкершілігі жоғары болғаны. Бар болғаны осы. Мақсатыңыз ұқсас, бірақ жауапкершілігі төмен адамды таңдасаңыз, бұл әдістен түк шықпауы мүмкін. 
  • Есеп беріп отыратын уақыт тым ұзарып кетпеуі керек. Яғни сирек есеп берген жөн емес. Өзіңізге жолдас таптыңыз, енді сізге онымен нық байланыс орнату керек. Екеуіңіз сөйлесіп, ақылдаса келе мотивацияны жоғалтып алмас үшін қанша күн сайын есеп беріп отыратындарыңызды анықтап алыңыз. Шамамен, күніне бір есептесіп отырсаңыз керемет. Егер жолдасыңызбен аптасына бір байланысып, есеп беріп отыратын болсаңыз, жауапкершілік сезімі артпай, керісінше бастаған жаңа әдетті қойып кету қаупі жоғары. Бұл дегеніміз жеңілгеніңізді білдіреді. Сол себепті күнделікті істегендеріңізді күн сайын айтып отырыңыз. Соның арқасында бір ритмді ұстап қала аласыз. Мотивация да өшпей, бір-біріңізді алға жетелейсіздер. Тағы бір ескеретін жайт: жолдасыңызға есеп берудің мәні онымен айырылмас дос болу емес. Яғни онымен жақын дос болып шығуым керек деп ойламаңыз. Олай болмаса, онда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені әу баста сіздердің мақсаттарыңыз жауапкершілікті арттыру ғана болған. Одан бөлек, достар бір-бірін аяп, көп нәрсеге көз жұма салады. Сол тұрғыдан алғанда жолдасыңыз ең жақын досыңыз болмағаны бір жағынан жақсырақ.  
  • Тым асқақ мақсат қоймаңыз. Джеймс Клир Atomic Habits кітабында пайдалы әдет қалыптастыру жолдары айтады. Сол жерде өзін спортзалға күнделікті баруға үйреткісі келген адамның оқиғасы баяндалады. Осы әдетті бойына сіңіру үшін әлгі жігіт алты аптасын былай өткізген: залға келеді, бес минуттай аялдайды да, шығып кетеді екен. Бір қарасаңыз, залға дейінгі келетін уақытын алып не істеп жүр деп ойлауыңыз мүмкін. «Ақыры келген екен, неге жаттығып, бір-ақ кетпейді?» дерсіз. Ал оның астарында бір мән бар екен. Оның әу бастағы мақсаты жаттығу залына күн сайын бару деген әдетке қалыптастыру болыпты. Яғни ол рекорд қойып, салмақ тастау сынды мақсат қоймаған. Ол ең кішкентай қадамнан бастағысы келген. Адам өзінде әлі жоқ әдетті оп-оңай қалыптастырып, жетілдіре алмайды. Сонымен қатар өзі тырысып істеген дүниесінің нәтижесін көбірек ойлап, сол екі арадағы процеске бас қатыра бермейді.  Бұл дегеніміз — адамды жетуге ұзақ уақыт талап етілетін нәтиже емес, процестің өзі ынталандыруы керек деген сөз. Сол себепті жолдасыңызбен есеп беріп отыру бойынша жұмыс істей бастағанда асқақ мақсат қойып тастамаңыз. Бірнеше бет есеп берілетіндей дүние қылмаңыз. Жолдастығыңыз өте қарапайым, шаршатпайтын, уақыт алмайтын болуға тиіс. Әрі кетсе күніне екі-ақ минут алатын болсын. Одан артық болса, кері әсері тиеді. 

Бұл әдісті қалай жүзеге асырған дұрыс?

Күніне бір есеп беріп тұрыңыз. Ол өте қысқа болсын. Қалай бастаймыз? Жолдасыңызға күнде таңертең, ұйқыдан тұрған соң мессенжеріне немесе мәтін хабарлама түрінде поштасына бүгінге арналған басты үш шаруа яки мақсатыңызды жазып жіберіңіз. Сөйтіп кешке сол айтылған үшеуінің қайсысы орындалды, қайсысы орындалмады — соған қатысты қысқа есеп беріп, хат жолдаңыз. Сол есепке қосымша ретінде келесі күні атқаратын үш шаруаны қоса жазыңыз. Сөйтіп таңертең сол үшеуі әлі күшінде ме, жоқ па екенін білдіретін хат жібересіз. Мысалы диалог мынадай болуы мүмкін:

Күнделікті есеп

Сіздің хабарламаңыз:

Бүгін 3/3 орындалды

Ертеңге:

  • Асанмен кездесу
  • Келіссөздерді аяқтау
  • Гауһармен жұмыс жоспарын жасау.

Қайырлы түн!

Сіздің хабарламаңыз:

Бүгін 3/3 орындалды

  • Асанмен кездестім
  • Келіссөздерді аяқтадым
  • Гауһармен жұмыс жоспарын жасадым

Сау бол!

 Жолдасыңыздың хабарламасы:

Кеше 2/3 орындалды

Бүгінге жоспар:

  • Жаттығуға бару
  • 4 сағат үздіксіз жұмыс істеу
  • Отбасымен уақыт өткізіп, сол кезде телефонды «ұшу» режиміне қойып қою.

Аптасына бір бөлек есеп берілгені жөн

Күнделікті маңызды үш шаруаның есебін беруден бөлек, әр аптаның белгілі бір күні, айталық, жексенбіде келесі аптада болатын ең маңызды үш мақсат туралы бөлісіңіз.

Жолдасыңыздың хабарламасы:

Жұмысқа кірістім. Демалыс күндері күшті өтті. Демалғанымыз сонша, телефон қарайтын шама болмады. Бірақ арасында осылай бәрін ұмытып, демалған пайдалы екен.

Ертеңге жоспар:

  • Жаңа мобайл қолданбаны әзірлеу жоспарын жасау керек.
  • Серіктестермен кездесу.
  • Айшамен көрісу.

Апталық жоспар:

  • Серіктестермен келіссөздерді аяқтап, бір шешімге келу.
  •  Балалармен барынша көп уақыт бірге өткізу.
  • Әйеліммен киноға барып, романтикалық кешкі асқа бару.

Сіздің хабарламаңыз:

Ертеңге жоспар:

  • Таңғы бесте тұруды бастау.
  • Әлеуметтік желідегі парақшама пост салу.
  • Айдынмен кездесу

Апталық жоспар:

  • 4 пост салу
  • Басып шығаратын кітаптың алғашқы нұсқасын қарап шығу
  • Дизайнерлердің иллюстрацияларын алу

Айына бір жетістіктерді айтып, жоспар бөлісіп тұрыңыздар        

Мұны аса міндетті дей алмаймыз. Бірақ мотивация үшін артық болмайды. Бастысы, артық қыламын деп тыртық қылып алмаңыз. Есеп беру процесі сізді шаршатпауы керек. Егер артық жүк сияқты сезінсеңіз, дұрыс нәтиже ала алмай қаласыз. Мысалы былай болуы мүмкін:

Кеше 2/3 орындалды

Бүгінге жоспар:

  • Жаттығуға бару.
  • Үздіксіз 4 сағат жұмыс істеу.
  • Отбасымен уақыт өткізіп, сол кезде телефонды «ұшу» режиміне қойып тастау.

30 күнде қол жеткізген жетістігім:

  • Басылып жатқан кітабым аяқталды. Жарыққа шығатын күні белгілі болды. Оқыған адамдарға ұнап жатыр.
  • Үздіксіз пост жазғанның арқасында бір айда 300 оқырман қосылды, аудитория белсенді бола бастады.
  • Отбасымен демалыс кезінде алаңдамас үшін күнде «ұшу» режиміне қойып тастап отырдым. Соның арқасында отбасындағы атмосфера жақсара түсті.

Қорытынды

Байқасаңыз, есеп беру үшін күніне 2 минут қана кетеді дедік. Түске дейін бүгінге қойылған басты үш жоспарды жазып отырасыз, кешке соның есебін бересіз. Сосын ертеңге арналған үш шаруаны тізіп шығасыз. Мұның мәні — ұйқыдан тұрғанда сізде көп нәрсе белгілі болады да, мақсат қоюға ойлану үшін бас қатырмайсыз. Бар болғаны сол мақсат күшінде ме, соны айтып ескертесіз. Аяқ-асты өзгеріс енсе, оны да айтыңыз. Апта соңында сол жеті күннің қалай өткеніне есеп бересіз. Өйткені әр аптада алдағы жеті күннің ішіндегі маңызды шаруаларды бекітіп алғансыз. Дәл сол секілді айына бір қорытынды жасап отырасыз. Ол хат түрінде ғана емес, қоңырау шалып не бейне-қоңыраумен өтуі мүмкін. Бар болғаны осы. Осыны үздіксіз бір ай жасағанның өзінде біраз жаман әдеттен арылып қаласыз. Жылдар бойы артқа тартып келген кей қасиеттер де жоғала бастайды. Соның ішінде эмоциялық кедергілер жойылады. Есеп беріп отырудың басты мақсаты — сіздің жауапкершілігіңізді арттыру. Өміріңізді қалай, не нәрсеге жұмсап жатқаныңызды біліп отыруға үйретеді. Кез келген салада өзіңіздегі прогресті байқау үшін осы нәрсе керек болады.    

Сондай-ақ оқыңыз