Қолма-қол ақшаның қандай артықшылығы бар?
Қолма-қол ақша ұстаудың қажеті бар ма? Болса, қалтада қанша жүргені жөн? Егер сізді осындай сұрақтар мазаласа, бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз. Былтыр қаңтардағы жағдайды еске алсақ, интернет өшіп, төлем жасауда мәселе туындаған еді. Содан-ақ, қолма-қол ақшаның керек болып қалатынын байқауға болады. Алдымен не үшін қалтада үнемі тиын не қағаз ақша жүруі керегін тоқталайық. Артынша оның картадан 11 артықшылығын тізіп шығамыз.
Не үшін қолма-қол ақша ұстау керек?
Біз ақша жинау туралы айтқанда көбіне қор туралы ойлаймыз. Яғни теңгемен ғана емес, шетел валютасымен жинау қажет дейміз. Өйткені уақыт өткен сайын инфляцияға байланысты теңге құлдырауы мүмкін. Мысалы бір жыл бұрын 10 мың теңгеге әжептәуір азық-түлік ала алған болсаңыз, биыл дәл сомаға ондай көп зат ала алмайсыз. Бұл сондай заңдылық. Десе де, ақыры құнсызданады деп ұлттық валютадан баз кешіп кетпеңіз. Қолда бар ақшаның бәрін инвестициялауға асықпаңыз. Шетел валютасына ауыстыру, акция сатып алу өте дұрыс. Бірақ сізде ұлттық валютада белгілі бір сома міндетті түрде болуы қажет. Бұл жоғарыдағы мысалда айтып кеткеніміздей, елде форс-мажор бола қалған кезде керек. Сондай жағдай бола қалса, уайымсыз сол бар ақшамен есептесе бересіз. Ал қалған жинағыңыздың мәселесін сол уақыт ішінде шешіп үлгересіз деп ойлаймыз. Он жерден инфляциядан қорқып, қашуға тырыссаңыз да сізге теңгемен жинақ қажет. Онсыз болмайды. Инвестициялап бір жерге салып тастасаңыз да, бір жағдай болса қалса дереу шешу керек болады. Ондайда да бәрібір ұтылуыңыз, уақытыңызды алуы мүмкін. Айталық, сізге ақша керек боп қалды. Доллармен сақтаған жинағыңыздан алғанда сатып алған сомадан курс төмен болып, ұтылып қалуыңыз ғажап емес. Акцияларда да солай. Жалпы сіздің қорыңыз үнемі қол астында және ұлттық валютада болғаны дұрыс.
Қаржы кеңесшілері жинақ қордағы белгілі бір үлес қолма-қол ақша түрінде болуы керек дейді. Олар қашан да өтімді. Ел ішінде еш кедергісіз төлей бересіз. Шетелде жүрсеңіз, ақша айырбастайтын жерден ауыстырып аласыз. Әрі қолма-қол ақшаға қатысты техникалық қиындықтар болмайды. Мысалы барған жеріңізде банкомат істен шығып қалуы мүмкін, карточкаңызды жұтып қоюы мүмкін, телефоныңыздың қуаты өшіп, интернет әлсіз боп төлем жасай алмай қалуыңыз мүмкін. Міне, сондай сәтте қолма-қол ақша мәселеңізді шешеді.
Қанша ақша ұстаған дұрыс?
Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде бірінші кеңестен кейін туындаса керек. Дегенмен барлығына бірдей универсал сома айту мүмкін емес. Эксперттер мұндайда отбасының не әр адам өзінің шығынына қарай белгілеуі керек деген пікірді ұстанады. Мысалы әлдебір жағдай бола қалса деп сақтап жүрген ақшаңызды көбіне үш ай комфорт өмір сүруге жеткілікті сома түрінде сақтау керек дейді. Бұл туралы біз талай рет жазғанбыз. Ең көп дегенде алдағы алты айға солай жинап қойсаңыз болады. Өйткені адамның басына түскен қиын жағдайды сол үш ай, жарты жылда шешуге болады. Одан ұзартпаған жөн. Артылғанын не істеу керегін әрмен қарай әр адам өзі шешеді. Көлемін қалай есептейміз? Теңгемен сақтайтын қорыңыз алты айға есептелсін. Ол үшін қазіргі айлық шығынды аласыз ба, алтыға көбейтесіз. Міндетті төлемдер деген не? Оның ішіне мыналар кіреді: кредиттер, коммуналдық иөлем, азық-түлік, тұрмыстық қажеттер, жүріс-тұрыс, балалардың оқуы мен балабақшасы дегендей. Ал енді сырттан тамақтану, көңіл қалауына қарай алатын заттар сияқты шығындарды есепке алмаса болады. Өйткені форс-мажор кезінде адам барынша үнемдейді. Ал әлгі шығындар — көңіл-күйге байланысты жасалатындар. Дегенмен алты не үш айлық қордың барлығын қолма-қол ұстаңыз дей алмаймыз. Өйткені депозитте ұстасаңыз, оған берілетін сыйақы бар. Яғни сақтаған сомаңыз көбейеді. Сол себепті кемінде бір айлық шығынды қосымша қолма-қол ақша түрінде ұстаған дұрыс. Ескеретін жайт: қолма-қол ақшаны үйде ұстау қауіпті. Ұрлап кетуі мүмкін. Болмаса, қалтадан түсіп қалып, жыртылып қалуы мүмкін. Осындай факторларды да ескеру керек. Көп көлемде емес, бастапқы кезде керек болатындай сомада ұстаңыз. Мысалы бір айға жететін соманы үйде ұстасаңыз, сенімді жүресіз. Ал келесі айлар үшін жинақтан шығарып үлгересіз. Яғни бұл жерде қор көлемі емес, туындауы мүмкін техникалық кедергілерді көбірек ойлаған жөн. Қанша ақша бастапқы кезге жетеді деп ойласаңыз, сондша ғана ұстаңыз. Қалғаны қауіпсіз жерде тұра берсін.
Карта VS қолма-қол ақша
- Кез келген жерде төлеп жүре бересіз. Қазір карта қабылдамайтын жер кемде-кем дерсіз. Олай болса, қалтаға ақша салып жүрудің қажеті қанша? Көпшілігі осылай ойлайды. Тіпті терминал болмаған күннің өзінде картасына аударуға болады деп те айта аласыз. Бірақ түрлі жағдай болуы мүмкін. Алатын жер шынымен карта қабылдамайтын немесе аударыммен жұмыс істемейтін болып шығуы мүмкін. Болмаса, интернет ұстамай қалуы ғажап емес. Теория жүзінде картаңызда ақша бар, іс жүзінде керегіңізді ала алмай қаласыз. Мұндай жағдайға тап болуыңыз мүмкін екенін есте ұстаңыз.
- Интернетке байланбайсыз. Мұның шет-жағасын жоғарыда айттық. Желідегі проблемалар терминал жұмысын да, телефондағы мобайл банкиң жұмысын да тоқтатып тастауға қауқарлы. Wi-Fi ұстамай қалатын мәселе басыңыздан талай өткен болар? Тіпті автобуста жол ақысын төлей алмауыңыз да мүмкін. Сондай жағдайларда қалтада шамалы болсын қолма-қол ақша жүргені жөн-ақ.
- Қолма-қол ақшаны банк бұғаттай алмайды. Әдетте көлемді аударым жасайтын кезде, не төлем жасарда банк мұны алаяқтар ісі деп ойлап бұғаттап тастауы мүмкін. Болмаса, бар ақшаңызды шашып тастағыңыз келсе қолма-қол ақша үшін есебін сұрамайды. Ал ірі көлемде қолма-қолсыз төлемдердің қайдан алынғанын сұрап қалса, таңғалмаңыз. Аударымға қатысты мәселе туындаса, бұл сіздің жүйкеңізге тиетіні анық. Телефон арқылы байланысып, проблеманың неден болғанын анықтап уақыт құрту керек болады.
- Сот орындаушылар шатасып сізден ақша шешіп ала алмайды. Жиі болмаса да, арагідік сот орындаушылары сізбен аттас адамға бұғат қоям деп сіздің ақшаңызды шешіп алуы мүмкін. Яғни сізбен аттас біреу төлемей қашып жү деп қателесіп сіздің шотыңызды бұғаттап, не ақшаңызды шешіп алуы ғажап емес. Қолма-қол ақшамен жүретіндер бұдан қорықпайды.
- Шығыныңыз аз болады. Психологтар мұны дәлелдеген. Адам қолма-қол ақшамен төлеген кезде оны физикалық сезінгендіктен, анағұрлым азырақ шығындалады екен. Ал картамен не онлайн транзакция кезінде ойланбай ала береді-мыс. Қалтада белгілі бір сома бар кезде соның шеңберінде ғана зат алуға тырысасыз. Ал шоттағы жалпы соманы біліп тұрған кезде оны ойлап жатпайсыз. «Ұнады — алдым» деген принциппен жүресіз.
- Қолма-қол ақшаға алған затқа көбірек қуанасыз. Бұл да бір қызық ғылыми факт. Адам қолма-қол есеп айырысқан кезде қуанышы молырақ болады екен. Ол зат әжептәуір құнды көрінеді деседі.
- Алатын зат шектеулі болады. Үнемдеуді үйренгісі келетіндерге лайфхак: азырақ ақша құрту үшін қалтаңызға азырақ сома салып жүріңіз. Мысалы дүкенге барарда 2 мың теңгеге зат аламын деген оймен кірсеңіз, 5 мың теңгемен бармаңыз. Өйткені шектеу қандай болса, шығыныңыз да солай болады. Ойша «мың теңге ғана құртамын» деп іс жүзінде 5 мың теңгемен барсаңыз, мың теңгеден көп құртасыз. Әрине, ішкі тәртібі мықты адам болып әлгі шектеуден шықпайтын мықты болсаңыз, әңгіме басқа. Банк картасына қойылған шектеулі сома да солай. Сол шеңберден шықпауға тырысқан дұрыс. Әйтсе де, ол шектеуді демде өзгертуге болатыны қиын. 2 мың теңгемен барсаңыз 2050 теңгеге зат ала алмайсыз. Ал 50 мыңдық лимитті мобайл банкиңде ауыстыру — демде.
- Қолма-қол ақша дұрыс қаржылық әдет қалыптастыруға көмектеседі. Әмияныңызға нақты бір сома салып қоятын болсаңыз, ол сіздің аяқ-асты бірдеңе ұнатып қалып, импульсив зат салып алудан сақтайды. Кез келген нәрсені аларда он ойланып, әбден екшейтін қабілет қалыптастырады. Ол бара-бара қанға сіңіп, әдетке айналады.
- Шайпұл қалдыру оңай болады. Қалтасында ақша жүретін адамдар қызмет көрсеткені үшін шайпұл тастауда қиналмайды.
- Банктің қызмет ақысына төлемейсіз. Смс хабарлама мен жылдық қызметке алатын ақы аса үлкен емес. Десе де, банк картасын ұстамайтындар ондай ақы төлемейді. Қазір бәлкім картасыз адам жоқ дерсіз. Дегенмен бұл артықшылықты қалдырып кете алмадық.
- Картаға қарағанда бума ақша әдемі көрінеді. Бұл да — психологиялық фактор. Мысалы сізде миллиондаған ақша картада тұрса, оны көп деп ойламауыңыз мүмкін. Ал енді соны шығарып көріңізші. Әлі бума сізге рух беріп, өзіңізді маңызды сезініп, өз-өзіңізге деген бағаңыз артады.