Тоқаев жиі істен шығатын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды

Жарияланды
Жылусыз отырған Екібастұз тұрғындарына көмек көрсетіледі деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Хабарламада аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отырғаны жазылған.

Тоқаев 27 қарашаға қараған түні жылу желілеріндегі апат салдарынан жылусыз отырған Екібастұз қаласының тұрғындарына да көмек көрсетуге уәде берді.

«Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді», делінген хабарламада.

2022 жылдың жазының соңында Энергетика министрлігі жылу энергетикасы туралы заң жобасын жариялады. Онда «Жылумен жабдықтау субъектісі жылу энергиясы көзін облыс, қала немесе облыс ауданының коммуналдық меншігіндегі жергілікті атқарушы органға өтеусіз беруге құқылы» делінген.

Сондай-ақ оқыңыз