«Жұмыстан шығатын кез келді»

Жарияланды
Бұл шешімнің дұрыс екенін білдіретін белгілер

Негізі адам өзіне ұнайтын жұмысты қанша қиын болса да, қуана атқарады. Дегенмен он жерден сүйікті ісімен айналысса да, айналада қысым болғанда немесе әрмен қарай өспейтінін, бір орында тұрып қалғанын сезгенде жұмысымен қош айтысқаны дұрыс. Бүгінгі материалда «кету керек» дегенді білдіретін жәнен басшылықтың сізді бағаламайтынын білдіретін он белгіге тоқталамыз.

Сағатқа қарағыштай бересіз, уақыт санап кетесіз+

 «Алтыға он минут қалды» деп қайта-қайта телефондағы не қолыңыздағы сағатқа қарай беретін болсаңыз, онда бұл жұмыс сізді жалықтырып жүр деген сөз. Әдетте, эмоциялық қажып, жанып кеткен кездерде осындай болады. Сонымен қатар, осы қызметтегі биікке жетіп, бұдан әрі тірелетінін сезген адамның бойын осындай сезім билейді. Мұндай кезде не істеу керек? Біреу келіп өміріңізге өзгеріс енгізер деп күтудің қажеті жоқ. Бұл жұмыс қаншалықты ұнайды? Қызығушылықты қайта оята аласыз ба? Осы жайлы ойланыңыз. Екі ортада құрбан бола бермеңіз. Ол позициядан ешкім сізді суырып шықпайды. Кәсіби жолда бәрі өз қолыңызда. Күрделірек, қызығырақ тапсырма сұраудан қорықпаңыз. Дамып, түрлі семинар-трениңдерге қатысыңыз. Комфорт зонадан шыққан жөн.

Әріптестеріңізден оқ бойы озық жүресіз

Әріптестеріңіздің шама-шарқы бір-бірімен шамалас. Бірақ сіздің қарқыныңыз мықты. Оларды шаң қаптырасыз. Олай болса, ойланыңыз. Бәлкім, басқа жұмысқа не қызметке ауысыңыз керек болар. Негізі шағын компаниялар толыққанды штатпен қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Оларға бір уақытта бірнеше шаруамен айналыса беретін қызметкер жақсы. Барлығын соның мойнына іліп қойғанды құп көреді. Егер сізге де осындай көп тапсырма беретін болса, қызметте өсіруді сұраңыз. Болмаса, жалақыңызды көтерсін. Бұл ешқандай ұят емес.

Бір жұмысты істеп келе жатқаныңызға көп жыл болды

Компаниядағы мансап баспалдағымен барынша көтеріліп, әрі қарай өсу мүмкін болмаған кезде де адам шаршайды. Бір істі бірнеше жыл атқару оңай емес. Егер қызметте өсетін жер болмаса, басшылықпен сөйлесіп, басқа бөлімге ауыстыруын сұрап, басқа қызметті қарастырып көріңіз. Өйткені жаңа нәрсе адамға жұмыс істеуге шабыт сыйлайды. Бәлкім, көп нәрсені жаңадан үйренерсіз. Бұрынғыдай ішіңіз пыспайды.  

Жұмыста еш қызық жоқ

Сіз көп білесіз. Сондықтан әріптестеріңізге де, басшылыққа да кеңес айтасыз. Ал ол көбіне ұнамауы мүмкін. Ешкіммен сөйлескіңіз келмейді. Егер сондай сезімде жүрсеңіз, бұл да жұмыс ауыстыру керегін білдіреді.

Потенциалыңызды толық аша алмай жүргеніңізді сезесіз

Өте қабілеттісіз. Бойыңыздағы әлеуметтің төрттен бірін де қолданып жүрген жоқсыз. Негізі одан да ауқымды жобаларды алып жүре аласыз. Машықтарыңызды көрсетуге мүмкіндік те бермейді. Сөйтіп ақыр аяғында тапсырмаларды автомат тарсылдатып, жүрдім-бардым істей саласыз. Өйткені қызығушылық жоғалған. Мұндайда не істеу керек? Басшылықпен бір сөйлесіп көріңіз. Бәлкім, басшыңыз сіздің бас көтеріп, ұсыныс айтуыңызды күтіп жүрген болар? Олай болса, керемет. Ал енді сөзіңізді елемесе, онда мұндай жерден дәл қазір кете беріңіз. Адамда интуиция болады. Егер жұмыста өзіңізді жайсыз сезініп, кеңседен қашып кеткіңіз келіп тұрса, онда өзіңізді қинамай, басқа жұмысқа ауысу керек шығар? Неліктен олай қажып, ұнатпай жүргеніңізді сараптап көріңіз. Терең үңілсеңіз, жауабы табылады. Компанияға береріңіз көп, бірақ сол үшін берілетін ақы көңіліңізден шықпай ма? Әлде бір жерге тіреліп, даму жағынан тоқтап қалғандай сезінесіз бе? Жаңа нәрсе бастап көргіңіз келіп, ойыңыз кетіп жүр ме? Ендеше, алға! Екі қолға бір күрек міндетті түрде табылады. Өзіңізді қинамаңыз.

Осы ретте басшылық тарапынан белгілі бір қысым не ұнатпай тұрғандай әсер байқалатын кездерге тоқталайық. Көпшілігі жұмысындағы графиктің ыңғайлы болғанын, жалақының жақсы екенін, ұжымдағылардың татулығын ойлап, басқа жаққа ауыспай, істей береді. Ал енді жұмыстан кетуіне көбіне басшылық әсер етуі мүмкін. Назарыңызға бес белгі ұсынамыз:

Көпшілік алдында көп сыналасыз

Мансап жолында өсіп, жақсы баға алғысы келмейтін адам бола ма? Ол өз-өзіңді бағалауға тікелей әсер етеді. Оған қоса пікіріңізді сұрап, мақтап, қолпаштап отырса, тіпті керемет. Ал енді сын айтыла берсе қалай болады? Шаруаны үйіп-төгіп беріп, жауапкершілікті иығыңызға артып қойып, маңызды сауалдарды талқылағанда пікіріңізді сұрамаса ше? Онда демек, басшылық сізге айтарлықтай сенім артпайды деген сөз.  Ол аздай, сәл қате жіберсеңіз бетіңізге басып, жұрт алдында сынға алатын болса, жеке басыңызға өтетін болса да қиын. Мұндайда өзіңіз мінсіз атқарған жұмысты елге әйгілеп айтып, керемет кейстерді көпшілікке бөлісіп отырыңыз.  

Сіз басқалардан көбірек жұмыс істейсіз

Басшылыққа бар керегі — жұмыстың уақытылы орындалғаны. Сондықтан қатердің алдын алып, бәрі дұрыс орындалуы үшін ең мықты деген қызметкерлерге артып қояды. Кейде ондай маңызды шаруа жаңбырша жауып кетеді. Сөйтіп тапсырманың астына көміліп қалуы мүмкін. Ал басқа әріптестері бұл уақытта әшейін компьютерден фильм қарап отыруы ғажап емес. Көшбасшылық қабілеті жоқ, бірақ жұмысты жақсы орындайтын қызметкерлерге көбіне осындай тапсырма береді. Өйткені олар басшылықпен шекара бекіте алмайды. Ақыры оны бәрі пайдаланатын болып, дәнігіп алады. Жауапкершіліктің жоғары болғаны, проактив болған өте жақсы. Ондай қасиет мінсіз мансап құруға көмектеседі. Әйтсе де, сол қасиетіңізді бағаламай, қолданып жатқанын сезсеңіз, бірдеңе өзгерту керек деген сөз. Егер компанияда CRM-жүйе жоқ болса, қолдан жасап алыңыз. Жұмыс үстеліңізге бүгін істейтін жұмыстарыңыздың тізімін жасап, шығарып қойыңыз. Сөйтіп соларды аяқтамайынша, жаңасына кіріспеңіз. Өйткені кейбір басшылар қарамағындағылардың жетістігіне іштарлық танытуы мүмкін. Сондықтан атқарған жұмысын көре алмай, еңбегін бағаламайды. Олай болған жағдайда сізге дереу жұмыс ауыстырған дұрыс.     

Қызметте өсірмейді

Барын салып жұмыс істесе де, сол еңбегіне өсірмесе, өте жаман. Оған қоса, көп жылдан бері істейді деген желеумен онша мықты емес біреуді көтерсе тіпті жақсы емес. Өзіне ұнайтын адамды көтермелейтін жерде де ұзақ істеген жөн емес.     

Басшыңыз бәсекеден қорқады

Басшының не істеп, не қоятынын алдын-ала болжау қиын. Кейбірі өте суық, қатал, сыншыл болады. Тіпті арасында жекитіндері де кездеседі. Мұндайда оның мінезін өзгертуге әуре болмаңыз. Бар болғаны мүмкіндіктеріңізді бағалаңыз. Міндеттеріңізді жақсы атқаратыныңызға сенімдісіз бе, еш қорықпастан бастықпен сөйлесіңіз. Аргументтерді тізіп шығыңыз. Нейтралитет ұстану міндетті. Салғыласып кетпеңіз. Кей бастықтар кәсіби және мансап жолында қызметкерінің өскенін қаламай тұруы мүмкін. Өйткені ол орындаушы рөліне әдемі үйлеседі. Енді бір басшылар бәсекеге түсуден қорқақтайды. Орнынан айырылып қалам деп уайымдайды. «Бастығым сондай» деп жүре бермей, жұмыс ауыстырыңыз. Мансап жолында өсу үшін басқа жұмысқа кету — норма. 

Мәселі тіпті сізде емес

Кей компаниялар өзі әу бастан дамуға бағыт алмауы мүмкін. Мысалы мемлекеттік не жеке компания делік. Әсіресе, мемлекеттік секторда мұндай жиі кездеседі. Коммерциялық салада CEО ақшаны өз қалтасынан шығарып жатқандықтан, барын салады, дамуға ұмтылады. Ал қаржыландыру өздігімен келіп тұрса, есеп беріп отыра беретіндер бар. Мысалы мемлекеттік қызметкерлердің айлығы ел бюджеті есебінен төленеді. Басшылық «ақшаны қайдан алсам болады» деп қиналмайды. Ай сайын түсіп тұрады. Бәрі алдын-ала есептелген, қарастырылған. Бастысы, жұмыс жүріп жатыр, айлық беріліп тұр. Ал мансап, кәсіби даму туралы тіпті бас қатырмайды. Осы ретте өзіңіз ойланып көріңіз. Сізге дамып, өсу керек пе, әлде тұрақтылық жақсы ма? Екіншісі керек болса, осы жұмыста қала беріңіз. Ал дамуды көздесеңіз, басқа жақты қарастырып көріңіз. Әрине, мемлекеттік қызметтің плюстері бар. Түрлі жеңілдік, тұрақты айлық, сыйақы және т.б.  

Барлығы басшыға тіреліп тұр екен деп ойламаңыз. Жалдамалы қызметкерлер бәрі басшы мен қосшыға байланысты деуі мүмкін. Әйтсе де, компанияның өсуіне әсер ететін өзге де фактор жетерлік. Айталық, дұрыс әрі нақты құрылған бизнес-стратегия, жұмысты бөле білу, басқару, жаңа мықты қызметкерлер іздестіру, жаңа нәрселерді байқап көру — бәрі маңызды. Ірі компаниялардың өзі кейде шырқау шегіне дейін жетіп алып, тіреліп қалуы мүмкін. Сондықтан жалдамалы қызметкерлер үнемі өзінің ішкі сезімін дұрыс сезіне білгені жөн. Сөйтіп өз карьерасы үшін жауапкершілікті өз мойнына алсын. 

Сондай-ақ оқыңыз