Қолөнер шебері Мадияр Дүйсенбайұлы: Өнер кәсіпке айналып кетсе, сапа төмендейді
Ұлттық музыкалық аспаптар – ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұрамыз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Қазақстан шеберлер одағының мүшесі, музыка аспаптары және қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер Жапабаев Мадияр Дүйсенбайұлы.
– Мадияр мырза, сіз ағаштан тек музыкалық аспап жасайсыз ба?
– Жоқ. Қолөнер саласына енді аяқ басқан кезде, тері матасымен жұмыс істедім. Бастапқы жылдары ертоқым, қамшы сияқты дүниелерді жасадым. Одан кейін 2013 жылдан бастап ағаштан бұйымдар жасауды үйрендім. Оның ішінде музыкалық аспаптардың көптеген түрі, ағаштан жасалатын ыдыс-аяқ және т.б дүниелер бар. Қазіргі уақытта қолөнер саласында жүргеніме 10 жыл болды. Аспап жасау — көп еңбекті талап ететін жұмыс. Әрбір деталіне мән беру қажет. Бұл жұмыс нақтылықты талап етеді. Өйткені жасаған заттың әрбір бөлігі домбырадан шығатын дыбыспен тікелей байланысты болады.
– Шеберханаңызды қашан аштыңыз?
– Шеберхананы енді ашқан кезде, жұмысты досым екеуміз бастадық. Қолымызда жұмысқа қажетті ешқандай дүние болған жоқ. Тек қолымыздан іс келеді және алға қойған мақсатымыз бар. Бастапқы кезде үйдегі бар құрал-сайманмен жұмыс істедік. Тапсырыс алып, жұмысымыз алға жылжыды. Сөйтіп, 8 айда толыққанды шеберханаға айналдық. Үйренемін деушілерге есігіміз әрқашан ашық. Қолдан келгенше білгенімізді үйретуге дайынбыз.
– Домбыраның ең арзан және ең қымбаты қанша тұрады?
– Домбыраның ең төменгі бағасы 70 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбат домбыраның бағасы- бірнеше миллион теңгеден жоғары. Домбыраның бағасы ағаштың сапасына, суретіне байланысты. Сонымен қатар, күміс және алтын қосылған домбыраны да жасаймыз. Бұл әрине, тек тапсырыс берсе.
– Қашан Қазақстан шеберлер одағының мүшесі атандыңыз?
– Қазақстан шеберлер одағының мүшесі болғаныма бірнеше жыл болды. Бұл одақтың мүшесі болу өте қиын. 150-200 шебердің ішінен тек 10 адам ғана сайыстан өтеді. Жасаған дүниелеріңді толық қорғап шығу қажет.
– Ағаш бұйымдарына сұраныс қалай?
– Сұраныс өте көп. Кейде үлгермей жатамыз. Өйткені, бұл салада жұмыс істейтін шеберлер өте аз.
– Ағаштан жасалған қандай аспаптарға сұраныс көп?
– Әрине, музыкалық аспатардың ішінде домбыраға сұраныс жоғары. Сонымен қатар, қыз жасауына қосатын сандық, балаға арналған бесік, ағаштан жасалған астауға да, сұраныс өте жақсы.
– Ағаштан жасалатын қолөнер бұйымдарына қажетті материалды қайдан аласыз? Яғни ағашты…
– Біздің елден қарағай мен шырша ағаштарын алып пайдаланамыз. Бірақ, көбінесе Ресейден аламыз. Елімізде ағаш материалдары тапшы.
– Бір домбыраны жасауға қанша уақыт қажет?
–Мысалы, ең арзан 70 мың теңгелік қарапайым домбыраны жасауға 3-4 күн қажет.
– Бұл сала сіз үшін өнер ме немесе кәсіп пе?
– Ең бірінші кезекте – өнер. Өйткені, өнер кәсіпке айналып кетсе, сапа төмендейді.
– Сұхбатыңызға рақмет.