Электронды еңбек биржасы: Жұмыс табу үшін не істеу керек?

Жарияланды
Еңбек биржасында 718 мың жұмыс беруші тіркелген

Электрондық еңбек биржасында business.enbek.kz портал арқылы азаматтар кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант ала алады. Ол үшін үміткер электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы тіркеліп, шарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруден өтуі қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінде 90 мыңнан астам адам «Бастау бизнес» онлайн курсынан өтіп, 67 мыңнан астам азаматтан өтінім қабылданды, сондай-ақ 21 мыңнан астам азаматқа 400 АЕК дейінгі көлемде грант берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев осындай көрсеткіштерді келтіріп өтті.

«Электрондық еңбек биржасының тағы бір артықшылығы – еңбек ресурстарының ел ішіндегі қозғалысына мониторинг жүргізу мүмкіндігі. Соңғы үш айдың өзінде өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының ағыны, ұлттық жобаларда көрсетілген бос жұмыс орны саны 5,8 мыңнан асты, ЭЕБ-ның мүмкіндігін пайдалана отырып, азаматтар басқа өңірлерден өз кәсібіне сәйкес жұмыс тауып орналасқан. Олардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстарына тиесілі болып отыр. Өңірлер арасындағы ауыс-түйістің 58% осы бағыттың еншісінде. ЭЕБ халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралына айналып отыр», деді вице-министр.

Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Субсидияланатын жұмыс орындары аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың жалақысы мемлекет тарапынан ішінара немесе толықтай төленеді. Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сай келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорында ұйымдастыра алады. Олжас Ордабаевтың айтуынша, бұл үшін Еңбек биржасы арқылы қажет орындарға өтініш беру керек.

«Қазір субсидияланатын жұмыс орындарына қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36% жастар құрап отыр. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастардың нақты машықтары мен дағдыларын игеріп, одан әрі тұрақты жұмысқа орналастыру. Бүгінгі күні жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселесі жұмыспен қамту шараларының бірнеше бағыты бойынша жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», қоғамдық жұмыс сияқты жобалар көзделген. Бұл жобалар 29-дан аспаған ЖОО түлектері немесе жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған», деді спикер.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері ұдайы министрліктің бақылауында. Қазіргі кезде жұмыспен қамту ауқымын кеңейтуге, оның ішінде тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған 10 ұлттық жоба, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген «Әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру» жоба қолға алынған. Вице-министрдің сөзінше,  мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, сондай-ақ босаған жұмыс орындарына тарту бағдарламалары да іске асырылып жатыр.

«Осы бағыттағы жобаларды іске асыру барысында жергілікті жұмыспен қамту органдарының ықпалдастығы аясында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 764,8 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Нақтырақ айтқанда, 230 мыңға жуық адам елімізде жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар аясында жұмыспен қамтылды, оның ішінде 182,9 мыңы – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бағытында 181 мыңға жуық шағын және орта кәсіпорындарда 261 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды», деді ол.

  • Сондай-ақ 273,5 мыңнан астам адам әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдарға бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік алды;
  • Жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі, яғни 185 мыңға жуығы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ұлттық жоба аясында ашылды;
  • «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 15 мыңға жуық жұмыс орн;
  • Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 10 мыңнан астам;
  • «Білімді ұлт – сапалы білім беру» – 7,8 мыңға жуық:
  • «Жасыл Қазақстан» – 3,7 мың;
  • «Ұлттық рухани жаңғыру» – 3,3 мың;
  • «Тұрақты экономикалық даму» – 3,3 мың;
  • «Дені сау ұлт» – 790 адам жұмысқа орналастырылды;
  • «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 641 адамды жұмыспен қамту мүмкін болды.

Бүгінгі таңда ұлттық жобалардың барлығы цифрландырылған. Электрондық еңбек биржасы жұмыс орындары мен зейнетақы аударымдарына мониторинг жүргізумен қамтылған. Қазіргі кезде Электрондық еңбек биржасында қажетті жұмыс орындарын табу, жаңа дағдыларды игеру, жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік қызметтерді алу, жеке кәсібін ашу сияқты басқа да қызмет түрлері бұқара халыққа қолжетімді.

«Электрондық еңбек биржасында 718 мыңнан астам жұмыс беруші 1 млн 977 мыңға жуық жұмыс іздеуші тіркелген. Порталда жарияланған вакансиялар бойынша  445 мыңнан астам азамат өзіне қажетті жұмыс таба алды. Бүгінде Электрондық еңбек биржасы өзінің бірыңғай цифрлық экожүйе немесе жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызмет көрсету порталына айналды. Порталға жұмыс іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында еліміздегі 207 халықты жұмыспен қамту орталығы, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігі және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңы қосылған. Оны халыққа қолжетімді ету арқылы азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарына тікелей жүгіну қажеттілігі жойылды. Жыл сайын ЭЕБ-да орта есеппен 800 мың бос жұмыс орны және 600 мың түйіндеме орналастырылып, 400 мыңға жуық азамат онлайн форматта жұмыс табады», деді спикер.

Бұдан басқа, жаңа дағдыларды игеру және біліктілігін арттыру мақсатында аталған порталда онлайн оқыту жүйесі  Skills.enbek.kz  платформасы іске қосылған. Қазір платформада 23 кәсіби саланы  110 кәсіпті және 230 дағдыны қамтитын 162 онлайн курс қолжетімді. Бүгінде 133 мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып, оқудан өтіп, сертификат алды.

Сондай-ақ оқыңыз