Жаңа жылға арналған бизнес-идеялар

Жарияланды
Жаңа жылдық мерекеде қалай ақша табуға болады?

Бүгінгі мақалада Жаңа жылға арналған ең танымал бизнес-идеяларды қарастырамыз. Жаңа жыл – жақсы демалудың ғана емес, жақсы ақша табудың да тамаша тәсілі. Жаңа жылдық мерекелер кезінде халық ақшасын аямайды. Әдетте, жаңа жылдық бизнес – бұл  өзін жылдам ақтап алатын кез. Өйткені, бұл мереке  кезінде ең импульсив және ойланбастан сауда жасайтын уақыт. Сондай-ақ, жаңа жыл алдындағы әбігерге түскен адамдарда «үнемдеу режимі» толығымен өшеді.

Жаңа жыл алдында бастаған бизнес өзін-өзі ақтап шығу үшін не істеу қажет?

Тауар сату немесе қызмет көрсетуді бастамас бұрын, алдымен жоспар құрып, сату арналарын ойластыру керек.

Жасанды шырша сату

Жасанды шырша сату – жаңа жыл қарсаңындағы өте тиімді бизнес. Базарда жасанды шырша бағасы 25 мың теңгеден басталады. Табысты арттыру үшін Instagram және OLX арқылы сата аласыз. Шыршаны арзан бағада алу үшін тікелей көтерме бағада беретін сатушы тапқан жөн.

Фуд-флористика

Фуд-флористика – жеуге жарамды ингредиенттерден гүл шоқтары мен себеттер жасау. Мұндай композицияның құрамына тек жеміс-жидектер ғана емес, көкөніс, шұжық, ірімшік тәтті және тіпті сусындар кіруі мүмкін.  Қолдан жасалған өнім бағасы айтарлықтай жоғары болады. Бұл бизнестің тағы бір, тиімді жағы, дайын өнім бір ай көлемінде бұзылмай тұрады. Сонда сіз, өнімдерді бір ай бұрын дайындап қоя аласыз.

Балауыз шам дайындау

Кез келген хобби тұрақты табыс әкелетін толыққанды бизнеске айналуы мүмкін. Бұл жағдайда кәсіпкер табыс тауып қана қоймай, өзіне ұнаған ісімен айналыса алады, өзінің шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асырады.

Балауыз шам бизнесі – үйде отырып кәсіп бастау мүмкіндігі. Ол арнайы жабдық немесе қымбат материалд қажет етпейді, сондықтан сіз ең аз инвестициямен бастай аласыз. Қазіргі кезде балауыз шам сыйлау сәнге айналды. Жаңа жылда сыйлыққа беретін тамаша сыйлықтын бірі.

Қолдан жасалған шоколад бизнесі

Бұл – сүйікті хоббиіңізден ақша табу мүмкіндігі. Егер сіз тәтті пісіруді ұнатсаңыз, оларды сатылымға шығара аласыз. Тәтті шоколадты сәнді етіп безендіріп сатуға болатын керемет кәсіп. Сондай-ақ, бұл кәсіптің ішіне торт пісіру де кіреді. Қазіргі кезде, қолдан пісірілген торттарға сұраныс жоғары.

Жаңа жылдық ойыншық сату

Жаңа жылдық декорды сату желтоқсан айының басында бастаған дұрыс. Жаңа жылдық шырша әшекейлерін сататын бизнестің артықшылықтарының бірі – сауданы онлайн ұйымдастыруға болады, ал кемшілігі – бәсеке жоғары. Ойыншықты тек базардан сатып алмай, өз қолыңыздан  жасасаңыз тіпті жақсы. Өйткені, қолдан шыққан жұмыс жоғары бағаланады.

Кеңсе, витрина және қоғамдық орындарды безендіру

Бұл бизнес үшін клиенттерді алдын ала іздей бастаған дұрыс. Сіз безендіретін мекеме дүкен, компания кеңсесі, мейрамхана болмаса мемлекеттік мекеме болуы мүмкін. Қызметіңізді жарнамалау үшін әлеуметтік желілерді пайдаланыңыз.

Жаңа жылдық такси

Жаңа жылдық мерекелерде такси жүргізушісі болып жұмыс істей отырып, сіз жақсы ақша таба аласыз. Такси қызметі желтоқсанның соңғы күндерінен қаңтардың ортасына дейін жоғары сұранысқа ие. Бұл үшін сізге көлік пен қаланы жақсы білу жеткілікті.

Аяз Ата мен Ақшақар болу

Қазіргі кезде көптеген ата-аналар балаларына қиял-ғажайып көңіл күй сыйлау үшін, көптеген ертегі кейіпкерлерін шақырады. Аяз Ата мен Ақшақардың қойылымы балаларға ғана жақсы сыйлық емес, корпоративті кештерді де қыздырады. Бұл қызметке сұраныс желтоқсанның екінші жартысынан басталады. Сізге тек Аяз ата мен Ақшақардың костюмін жалға алу керек.

Қысқасы, қысқы мерекеде ақша табудың жолы көп. Тек ниет болса, жеткілікті.

Сондай-ақ оқыңыз