Инвестициялық кіріс дегеніміз не?

Жарияланды
Қаражатты ИПБ-ға аудару туралы не білу қажет?

БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналарынан және есептелетін инвестициялық кірістен құралады. Бұл туралы fingramota.kz мәлімдеді.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – бұл Қазақстанның Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ), инвестициялық кіріс алу мақсатында Қазақстанда және шетелде зейнетақы активтерін экономиканың түрлі секторларында, түрлі валюталарда түрлі қаржы құралдарына орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты кірістілігін қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т.б. құралады.

Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түсетін кіріс жеке алған кезеңде оң, сондай-ақ теріс болуы мүмкін. Сол себепті шетел валютасының құбылмалылығы және  қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан инвестициялық қызметтің нәтижесінде есептелген инвестициялық кірістің мөлшері де өзгеріп тұруы мүмкін. Сонымен бірге, зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына әртүрлі валюталарда инвестицияланған. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 жуығы – шетел валютасында, валютамен инвестициялардың басым бөлігі – АҚШ долларымен орналастырылған. Тиісінше, доллар бағамы да зейнетақы активтерінің құрамында инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеуі, доллар бағасы көтерілген кезде  өсуі мүмкін.

Бұл ретте, зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция екенін атап өту қажет, және инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде бір жылдық кезең үшін талдау орынды. Қысқа мерзімді деректерді (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш ретінде алуға келмейді, себебі ол нарықтық конъюнктураның ағымдағы үнемі өзгеріп тұруына байланысты.

Қаражатты ИПБ-ға аудару туралы не білу қажет?

2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тек тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) емдеу ақысын төлеуге ғана емес, ИПБ-ға инвестициялық басқаруға беру құқығын ұсынатын заңнамалық нормалар күшіне енді. Бұл зейнетақымен қамту нарығында қосымша бәсекелестік тудырды. 

Салымшылардың зейнетақы жинақтары:

салымшының БЖЗҚ-ғы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; 
өмір бойы төлемдерді көздейтін, сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда салымшының БЖЗҚ-ғы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде ИПБ-ға басқаруға берілуі мүмкін.
Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш беруі тиіс. Зейнетақы қоры салымшыдан өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аударуды жүзеге асырады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында қала береді.

ИПБ-ға инвестициялық басқаруға берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдерін алып қоюға жатпайды (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алу жағдайындағы сияқты) және оларға ИПБ-ға аудару сәтінде жеке табыс салығы салынбайды.

Зейнетақы активтерін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға бастапқы бергеннен кейін салымшының:

жылына бір реттен жиі емес БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға өтініш беруге;
БЖЗҚ-ға ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Қазақстан Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтару мақсатында өтініш беруге құқығы бар (зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін екі жылдан ерте емес).
Салымшы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн ішінде салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Инвестициялық портфельді басқарушыларға ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 5 909 өтініш негізінде шамамен 8,7 млрд теңге аударған. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3 388 адамды құрайды, яғни кейбір салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияларға беруге шешім қабылдады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңгені құрайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес ИПБ инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақыны өндіріп алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-нан аспауға тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқару органы бекітеді және жылына бір реттен жиі емес өзгеруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз