Қазақстан – Өзбекстан сауда қатынасының болашағы қандай?

Жарияланды
Екі ел үкіметінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр

Төртінші өңіраралық Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланысты нығайтуға арналған жалпы құны шамамен 2,5 млрд долларға жететін 40 құжатқа қол қойылды. Бизнес форум ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жәмшид Ходжаевтың, сондай-ақ екі елдің салалық министрліктері және жергілікті атқарушы органдарының қатысуымен ұйымдастырылған пленарлық отырыстан басталды.

Екі ел компаниялары Chevrolet маркалы автокөліктердің жинақтары және бөлшектерімен қамтамасыз ету, керамикалық плиткалар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асырып, сондай-ақ жұмсақ иірімжіп, гипс, полипропилен қаптары және тағы да басқа өндірістік жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы бизнесті дамытудың мүмкіндіктері жайлы былай баяндайды.

«Кейінгі жылдары металдардың әлемдік нарықтағы бағасы айтарлықтай өсті. Бұл ретте металлургия өнеркәсібінің қазіргі ахуалына талдау жасай келе саланы дамытудың шешімдерін анықтадық. Жүргізілген талдаудың қорытындысына сәйкес қазақстандық өңдеу өнеркәсіп орындарын Лондон металдар биржасындағы бағадан төмен, бірақ бәсекеге қабілетті шамадағы шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырдық», деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстандағы құрылыс индустриясында, жеңіл өнеркәсіп пен мұнай-газ машина жасау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар  туралы айта келе форум қатысушыларын 2023 жылдың мамырында елімізде өткізілетін Kazakhstan Industry Week өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесіне шақырды. Іс-шараға 25 елдің өкілдері қатысады деп көзделіп отыр.

Форумнан кейін қазақстандық делегаттар тоқыма кластеріне, өнеркәсіптік өнімдер мен тұрмыстық техника өндіретін, сондай-ақ көкөністерді өңдейтін фермерлік кәсіпорындарға барып, қызметтерімен танысты.

Жалпы, форумға екі тараптан 400 ден астам өкіл қатысты.Бизнес-форум алаңында B2G, B2B кездесулер өткізіліп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белгіленді.

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдау бағдарламаларына қатысушылар жалпы сомасы 112,7 млн долларға 11 коммерциялық құжат жасасты. Олардың қатарында «теміржол жөндеу» ЖШС қазақстандық компаниясы мен «Өзбекстан Темір Жолы» арасындағы Ангрен-Пап-Қоқан-Андижан-Савай учаскесінде темір жол жөндеу қызметтерін жеткізу туралы келісім бар. Шарт бойынша келісімшарттық міндеттемелер 80 млн доллардан асады.

Бұдан басқа, Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізу туралы, қазақстандық компаниялардың катанка алюминийі, ұн, алма шырындары мен дәмдеуіштерді экспорттауы туралы келісімдерге қол қойылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400-ден астам кәсіпорын және сауда, кәсіптік және ғылыми қызмет, құрылыс, көлік, қоймалау және басқа да салаларда 400-ден астам бірлескен қазақстан-өзбек компаниялары бар.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин биыл 10 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда қатынасы 4,1 млрд долларды құрап, 35 пайызға өскенін мәлімдеді.

«Өзбекстан біз үшін Орталық Азиядағы басты және ұзақ мерзімді серіктес. Біздің достық қарым-қатынастарымыздың локомотиві – елдер арасындағы өзара дамып келе жатқан сауда. Қазақстан Орталық Азия аясында бірлескен қызметті дамытуға зор мән береді. Форумды өткізу – өңірлік кооперацияны дамытудың және әлемдік нарықта Орталық Азия брендін қалыптастырудың маңыздылығының тағы бір дәлелі», деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Өз кезегінде Жамшид Ходжаев салыстырмалы артықшылықтар негізінде жоғары технологиялық өндірістерді құруда, халықаралық нарықтарды одан әрі бірлесіп игеру мақсатында қосылған құны жоғары өнім шығару үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуда күш-жігерді біріктіру ерекше маңызға ие болатынына сенім білдірді.

«Халықаралық нарыққа бірлесіп шығуға қосылған құны жоғары өнімді шығару үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, біздің басымдықтарымызға негізделе жоғары технологиялық өндірістерді құру жөніндегі күш-жігерді біріктіру ерекше маңызға ие. Бірлескен өзара тиімді жобаларды одан әрі ұлғайтудың әлеуеті мол. Ол үшін бізде қажетті ресурстардың бәрі бар – өндірістік, технологиялық, кадрлық және табиғи ресурстар. Ұйымдасқан, бірлескен жұмыс арқылы біз өзбек-қазақ серіктестігін сапалы жаңа деңгейге шығара алатынымызға сенімдімін», деді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтерінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы сомасы 2,2 млрд долларға 38-ден астам жоба жоспарланған, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 10 бірлескен жоба іске асырылды, оның жартысы Қазақстан аумағында. Қалғаны бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Серік Жұманғарин екі елдің экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың ерекше рөлін атап өтті. 2005 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсанына дейін Өзбекстаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22,7 млн долларды құрады, бұл ретте Өзбекстан экономикасына қазақстандық инвестиция көлемі осы кезеңде 560 млн долларды құрады.

«Әр ел экономикасының шағын көлемін жеке ескере отырып, Орталық Азия өңірі халықаралық капиталды тарту мәселелерінде біртұтас аймақ болуы тиіс деп санаймын. Ол үшін Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын, инвестициялық преференцияларды қамтитын барлық қажетті инфрақұрылым құрылды. Біз инвесторлар үшін қақпа болуға дайынбыз», деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз