Жұмыс істемей-ақ ақша табуға бола ма?

Жарияланды
Пассив табысқа шығуға 12 идея

Жұмыс істемесеңіз де, ай сайын тұрақты түрде ақша түсіп тұрса керемет емес пе? Мұны пассив табыс деп атайды. Ондай өмірге жету үшін не істеу керек? Негізі екі нұсқа бар: біріншісі, сізде ірі көлемде ақша бар болса. Сол жинақты түрлі активтерге жұмсап, содан табыс тауып отыруға болады. Екіншісі — сізде ақша жоқ немесе көлемі ондай көп емес. Бұл жағдайда сізге 5-10 жылдай қажетті соманы жинау қажет. Бүгінгі материалымызда пассив табыс табу жолдарына тоқталамыз. Сәтті және сәтсіз түрлерін жіктейміз.

Пассив табыс түсіп отыруы үшін не істеу керек?

Біріншіден, айына шамамен қанша ақша түскенін қалайсыз — соны анықтап алыңыз. Одан соң мерзімін есептеңіз. Бәрі оңай деп ойлап қалмаңыз. Себебі инвестиция жасау, актив түрлері, салым дегенді алдымен жақсылап түсініп алуыңыз керек. Әйтпесе, шығынға батып, алаяқтарға алданып қалуыңыз мүмкін. Инвестициялау процесі өте ұзақ процесс екенін ескеріңіз. Есесіне, жемісін көргенде қуанасыз. Тұрақты түрде белгілі бір соманы алып қалып, инвестицияға жіберіп отырсаңыз, он шақты жылда әжептәуір капитал жиналады. Бұл алдағы бірнеше жылға пассив табыспен қамтамасыз етеді. Жинақ мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, жиналатын сома да көп болады. Бұл — таза математика.

Бір қарағанда, он жылдай мерзім ұзақ боп көрінуі мүмкін. Сондықтан көбі осы уақытты естіген кезде-ақ беріліп, «Ол кезге дейін кім бар, кім жоқ» деп қолды бір сілтейді. Уоррен Баффет айтпақшы, «Ешкім ақырындап байығысы келмейді». Расында солай. Дегенмен инвестициялау туралы ойыңыз болса, онда 100 мың теңге салып, ертесіне 1 миллион теңге қылып қайтады деген ойдан арылғаныңыз жөн. Бұл — портфеліңізді тұрақты толықтырып тұрғаныңыз үшін 10, 20, 30 жылдарда үлкен сомаға ие болудың жолы. Мысалы америкалық не еуропалық зейнеткерлер жастайынан ақшасын жинап, инвестицияға құяды. Есесіне, зейнет жасына келгенде жағдайы әжептәуір жақсы болып, қалған өмірінде қамсыз саяхаттап, қалағанын алып жүреді. Сол себепті барынша жас кезде инвестициялауды бастаған абзал.

Ірі жинақты қажет ететін идеялар

  1. Жылжымайтын мүлікті жалға беру. Бос тұрған үйі бар адам осылай табыс табатыны белгілі. Мұның да бірнеше жолы бар. Біріншісі — ұзақ мерзімге беру. Ай сайын тұрақты сома түсіп тұрады. Бірақ бұл жердегі басты қауіп — сол жерде тұрғандар үйіңізді адам танымастай «аздырып» жіберуі мүмкін. Сөйтіп жөндеу жұмыстарына көп ақша керек болады. Екінші жолы — бір күнге жалға беру. Бұл нұсқада алдыңғыдай белгілі сома болмайды. Бірақ есептеп қарағанда ұзақ мерзімді түріне қарағанда табыс көбірек түседі. Айталық, бірінші нұсқада айына 150 мың теңге десе, тәуліктеп бергенде күніне 10 мың теңгеден есептегенде айына — 300 мың тг. Тазалығын күн сайын қарап отыру керек болады. Үшінші тәсілі — коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде жалға беру. Бұл бірінші қабаттағы үйлерге қолайлы. Көбі офис не супермаркет ретінде алуы мүмкін. Өз бетімен беру оңай емес. Себебі бекітілген нормативтер бар. Әрі коммерциялық орын қылу үшін жабдықтау шығындары болады. Егер сіз жасап бермесеңіз, жалға алып отырған адам жалдау сомасын азайтуыңызды сұрайды. 
  2. Банкке ақша салып қою. Ең алдымен мынаны нақтылап алыңыз: сіз салымнан түсетін табысты аз-аздан болса да ай сайын алғыңыз келе ме, әлде жинап жылына не тоқсанына бір алуды қалайсыз ба? Егер бірінші тәсіл десеңіз, онда ай сайын пайызын алып отыруға мүмкіндік беретін жинақ шотын ашыңыз. Ал енді екіншісін таңдасаңыз, онда капитализациясы бар депозит дұрыс. Яғни бұл жағдайда пайыздар айы сайын негізгі салымға байланысты есептеледі. Сонда соңында қалтаңызға көлемді ақша түседі. Бірақ қазақстандық банктерде салымнан түсетін пайыз онша көп емес. Егер қаннен қаперсіз өмір қаласаңыз, онда бірнеше миллион соманы салып қоюыңыз керек.
  3. Дивиденд акциялар. Құнды қағаздардан да жыл сайын дивиденд алып тұруға болады. Бірақ бұл жерде оларды дұрыс таңдау маңызды. Біріншіден, жай акцияларға емес, артықшылығы бар акцияларға тоқталған жөн.
  4. Пифтер. Пайлық қорлардың мәні — инвестор компания мамандарына ақшасын сеніп тапсырады да, олар инвестицияны көбейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сонымен қатар, инвестициялық пай қорларының, сондай-ақ көптеген қаржы құралдарының кірістілігіне кепілдік берілмейді. Сондықтан жақсы қор таңдау маңызды, ол үшін рейтингтерді зерттеп, пай қорына кіру және шығу ережелерін оқып, барлық нюансты нақтылау қажет.
  5. Инвестор болу. Стартапқа немесе өсіп келе жатқан компанияға инвестиция салу өте қауіпті. Өйкені сіз іс жүзінде ақша салуын саласыз, ал басқа нәрселер сізге еш байланысты болмайды. Әрине, стартап жарып шығуы әбден мүмкін. Сөйтіп екінші Apple болуы ғажап емес. Дегенмен бірнеше айдан кейін жабылып қалатындары да көп. Сізге аналитикалық машық керек. Сөйтіп стартаптардың ішінде де шертіп таңдап, болашағы зор түрін таба аласыз. 
  6. Енді салынып жатқан пәтер сатып алып, салынып біткен соң сатып жіберуге болады. Құрылыс басталған кезде алып үлгерген тиімді. Өйткені пәтер әбден дайын болғанда бағасы қымбаттайды. Шамамен 15-30 пайызға өседі. Мұны енді тұрақты пассив табыс түріне жатқызбаймыз. Дегенмен пайда көруге болады. Бұл ретте есте ұстайтын маңызды дүние: құрылыс компаниясы сенімді болсын. Әйтпесе, құрылысты аяқтамай «қашып» кететін алаяқтар көп. Соларға тап болып қалмаңыз. 

Минимум ақша керек ететін идеялар

7. Бөлме жалға беру. Мысалы, сіздің үш бөлмелі пәтеріңіз бар. Үйде өзіңіз тұрасыз. Қалған бөлмелер бос. Олай болса, соларды жалға бере аласыз. Пассив табыс түсіп отыратын жақсы әдіс. Біріншіден, бөлмені жалға берген кезде коммуналдық төлемді бөліп төлейсіз. Бұл да — үнем. Екіншіден, сол бөлмені жалға бергеннен ақша түсіп тұрады да, ол сіздің өзге шығындарыңызды жауып отырады. Қандай кемшіліктері бар? Бөгде біреумен тұру қолайсыз, тіпті қауіпті де болуы мүмкін. Осындай сәттерді жақсылап екшеп барып, шешім қабылдағаныңыз жөн.  

8. Хоббиіңізден табыс таба аласыз. Егер сатуға келетіндей дүниемен қызығушылық үшін ғана айналысатын болсаңыз, онда оны монетизациялауға болады. Моншақтардан сөмке тіге аласыз ба, әлде кестелеудің шеберісіз бе? Онда бұдан неге табыс таппасқа? Ең алдымен, жұмыстарыңыздың бірнеше данасын істеңіз. Содан кейін әлеуметтік желілерден парақша ашып, жүргізе бастаңыз. Сауда алаңдарына да жұмыстарыңызды қойсаңыз болады. Бірақ арнайы сату үшін жасай бастаған кезде пассив емес, актив табысқа айналады. Осыны ескеріңіз. 

9. Сурет сатсаңыз болады. Ол үшін бірнеше миллион теңгелік фотоаппараты бар, фотосурет өнерінің майын ішкен маман болуыңыз міндетті емес. Өзіңізге ұнайтын жанрда суретке түсіріп, оны фотостоктарға салып қойыңыз. Мәселен, Shutterstock, Dreamstime, Depositphotos және т.б. Сток түрі өте көп. Көңіліңіз қалағанына тоқталыңыз. Суретті жүктейсіз де, әр жүктелген сайын содан салым түсіп тұрады. 

10. Интеллектуал өнім жасаңыз. Талантты адам болсаңыз, бұл бағыт сіздің қолайыңызға келі мүмкін. Яғни бір сапалы дүние жасау арқылы өмір бойына табыс түсіп тұратындай жол таба аласыз. Мысалы, кітап жазу немесе мобайл телефонға арналған қолданба және т.б. Автор ретінде сізге содан табыс түсіп отырады. Бұл жерде маңыздысы сіздің интеллектуал еңбегіңізді пайдаланғанына салым алу үшін келісімшартта осы нәрсе көрсетілуі керек. 

11. Кэшбектің де пайдасы бар. Бұл енді анау айтқандай миллиондап табыс әкелмейді. Дегенмен интернеттен зат алған кезде сізге сол үшін белгілі бір бөлігін қайтарамын деп тұрса, мұндай мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Онсыз да алатын зат болған соң, оның кэшбегі сізге артық болмайды.

12. Вебинар не курс жасау. Егер сіз айтары бар, белгілі бір саланы үйрете алатын адам болсаңыз, қазіргі заман мүмкіндіктерге толы. Соның ішінде видеолекциялар, курстар сатуға болады. Айталық, сіз ағылшын тілін жетік білесіз, методикалармен таныссыз. Олай болса, пайдалы контент істеп, соны сату арқылы табысқа кенеле аласыз. Аздаған шығын шығуы мүмкін. Яғни түсіру, монтаждау, бәлкім студия жалдау, таргетке реклама беру және т.б. Бірақ осындай шығынсыз тағы болмайды.  

Сәтсіз идеялар

  • Жеке бизнесіңізді ашу. Әрине, өзіңе ұнайтын іспен айналысып, одан табыс тапқан керемет. Бірақ мұны пассив табысқа жатқызуға асықпаңыз. Өйткені сіз жұмыс істемесеңіз, табыс өздігімен түспейді. Апталап үй көрмеуіңіз де ғажап емес.
  • Блог, сайт, YouTube-канал. Бұған қатысты да екіұшты ой айта аламыз. Бір қарағанда, интернет арқылы табыс табу мүмкін. Бірақ көп күш қажет етеді. Соның ішінде ақшалай да салым керек болады. Көбірек табу үшін көбірек салу қажет.
  • Желілік маркетиң. Әдетте желілік маркетиң өкілдері пассив табысқа шығаруға уәде береді. Түрлі табысты әріптестерінің банктегі шотын скрин етіп көрсетіп, басқаларды да шақырады. Дегенмен мұнда бәрі пирамида жүйесімен құрылатынын ұмытпаңыз. Шыңында тұрғандарға сөзсіз, көп табыс түседі. Бірақ ұлғайған сайын оның құлау ықтималы артады.
Сондай-ақ оқыңыз